- Мен әле жаспын... жұмыс істеймін... ауырып жүрмін... қаусаған қартпын...
Бұл сауалға көп адамның жауабы осындай. Бұл білімсіздік па әлде жалқаулық па? Намаз – діннің тірегі. Ол адамзатқа берілген парыздардың екіншісі. Осы ретте ойланған адамға, ақыл бар. Жүрекке иман ұялатқан соң, намазға бет бұру қажет. Оразамды ұстасам, бір Аллаға сенсем болды, намазды оқымасам да болар дейтін жастар бар. Бұлай ойлау қателік. Бұл ойлар жалқаулықтан, шайтанның жетегіне ергендіктен туындаса керек. Құрани Кәрімде намаз туралы көп айтылған. Оның себебі адамзатты тозат отынан құтқару. Өлгеннен соң адам жанына қойылатын сауалдардың алғашқыларының бірі болып, осы намаз турасында болады. Тозақ отынан құтылып, жұмаққа кіру оқыған намаз арқылы болмақ. Адам жанын тозаққа тастар кезде тозақ есігін күзетуші Мүслім періште отқа былай деп айтады екен: «Беті мен жүрегін күйдірме. Өйткені ол жүзімен сәждеге барған болуы мүмкін, ал жүрегі оразада шөлдеп, қиналған шығар» деп. От Мүслім періштенің айтқанын тыңдап, адамның жүрегі мен бетін күйдірмейді екен. Яғни, тірісінде Аллаға құлшылық етіп, намаз оқығаны үшін жалындаған оттан қорғалады. «Намаз оқымағанның иманы, иманы жоқтың дәреті болмайды» дейді Абу Дарда өз хадісінде. Ғұсыл дәреті жоқ адамның әрбір басқан қадамына жер лағнет айтады. Ал намаз оқымайтын адамдар ғұсылды алмауы бек мүмкін. Алла Елшісі (с.а.с.): «Жәннәтта сырты ішінен және іші сыртынан көрінетін бөлмелер бар» - деді. Бір бәдәуи тұрып: «Я, Расулуллаһ! Ол бөлмелер кім үшін?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Жақсы сөз айтқан, мұқтаждарды тамақтандырған, оразасын ұстап, адам ұйықтап жатқанда намазын оқыған үшін» - деп жауап берді. Жақсы сөз айтқан дегеніміз – балағат, жалғандық пен өсек аяңнан аулақ болғанды меңзеп отыр. Адам ұйықтап жатқанда намазын оқыған – яғни, түнін нәфіл, тәһәжжүд намаздарын оқумен өткізген адам.
Намазды оқи алатын, ережелерін білетін азаматтар намазды күніне бес рет оқи алмаймын, уақытым жоқ дейді. Әр істі бастаған жан, оны тоқтатпаса жемісін көрері хақ. Сол себепті, расында бес уақыт намазға мүмкіндік болмаса, яғни уақыт тура келмесе, жұмыста рұқсат етпесе және т.б. онда ең болмағанда таңғы намазды тоқтатпаған абзал. Таң намазын оқған жан тозақ отынан қорғалады. Жаны жадырап, күні бойы белсенді жүреді. Таң намазын оқыған адамды Алла өз қорғауына алады, екіжүзділіктен сақтайды. Тіпті, періштелер таң намазын оқығаны туралы Аллаға куәлік етеді. Таңғы намазды оқыса жеткілікті екен деп қате түсініп қалмау қажет, мүмкіндігі бар адам бес уақытты толық орындауы парыз. «Бір кісі келіп: «Я, Расулаллаһ (с.ғ.с)! Исламда Аллаһ Тағаланың ең жақсы көретін амалы қандай амал?»,-деп сұрады. Ол (с.ғ.с): «Уақтылы оқылған намаз. Себебі, намаз – діннің тірегі, ал намазды тастағанның діні болмайды», - деп жауап берді (Омардан (р.л.ғ) имам Байһақи риуаят етті). Намаз оқыған адамның иманы күшейе түседі. Соңғы технологиялар, медицина ғылымы таң намазын оқыған адамның дене мүшесінде көптеген жағымды өзгерістер болатынын анықтаған. Жүрек, ми ауруларының алдын алады, қан айналым жақсарады, т.с.с. ал, енді намазға келе алмай жүрген мұсылман бауырларға айтарымыз, бүгін барсыз, ертең жоқ, ажал айтып келмейді дегім келеді. Жақсы амалдарды тоқтатып тұратын жалқаулықтың алдын алу қажет. Бойдағы еріншектікке апаратын нәпсіні байлау керек. «Алла сынау үшін Нәпсіні ең әуелі отқа 3 күнге салып, алып шығады. Сосын «сен кімсің? Мен кіммін?» деп сұрайды. Нәпсі – «мен-менмін Сен-сенсің» деп жауап береді. Алла оны мұзға үш күнге салады, алғаннан кейін «сен кімсің? Мен кіммін?» десе, нәпсі «мен-менмін, Сен- сенсің» деп жауап қатады. Құдыретті, барлығын Білуші Иеміз нәпсіні тамақсыз, тіпті сусыз үш күнге қалдырады. Үш күннен кейін нәпсіден сұрайды: «Ал, енді сен кімсің, Мен кіммін?» Сонда нәпсі: «мен-құлмын, Сен- Аллаһ Тағаласың деп жауап берген». Бұл әңгімеден біз нені түсінеміз? Сонда нәпсі тек аштықты жеккөре ма? Әрине, сөзсіз аштық нәпсіні тыйяды. Бірақ нәпсі тек аштықта ғана білінбейді, біз осыны ұмытпауымыз керек. Нәпсі жалқаулыққа, ұйқышылдыққа, білімсіздікке алып барады. Нәпсі Алланың адамзатқа берген үлкен сынағы. Бойында иманы бар адамнан нәпсі қаша бастайды. Иманды берік ететін – намаз. Ендеше, намазға көңіл бөлейік, ағайын!
Иман тұрғысынан ойға оралатыны, мешітке келіп, садақа беріп, ата-бабаларына құран бағыштайтын азаматтардың кейбірінің айтатын сылтаулары бір-біріне ұқсас келеді. Көбі намазға жығылайын десем иманым әлсіз. Ол үшін дұрыс киініп, таза жүруім, ішіп-жеуді доғаруым керек. Күнде Құран оқып, ғибадат жасауым керек. Бала-шағам намазды білуі қажет деп сылтауратса, әйелдер қауымы, хиджаб кию керек, ал мен жұмыс істеймін, ата-анам орамал тағып, ұзын кигенге қарсы деп назданады. Әрине мұның барлығы жай сылтау. Намаз оқып немесе ораза ұстау үшін ислам қағидаттарын толық меңгеру шарт деп түсінетіндерге дұрыс бағыт-бағдар қажет. Намаз оқыған адамға Алла өзі-ақ иманын күшейтеді. Жай-жайдан орамал тағып, ұзын кие бастайды. Оны ешкім де зорлап, қинамайды. Барлығы да жүректегі иманның берік бола бастауынан жұмысы ілгерілейді. Ерте ме кеш пе маңдайын сәждеге қойып, Алладан дұға еткен құлына Алла әрине істеген амалы үшін берекетін береді. Алла айтады: «Жәннәтта көз көрмеген, құлақ естімеген, тіпті адам жүрегі қалап көрмеген нәрселерді дайындап қойдым». Бұл айтылғанға Құранның «Сәжде» сүресіндегі 17-аяты дәлел: «Істеген игіліктері үшін қандай жақсылық әзірленгенін бірде-бір адам білмейді».
Түсіпбеков Асылхан қажы Рахымжанұлы
Балқаш қалалық мешітінің бас имамы
Пікірлер