Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қажылардың барлық күнәларынан арылып, тазаратыны рас па?
04 қыркүйек, 2015 жыл 22 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман адамның дүниелік және ақыреттегі өмірін күрт өзгертетін қажылық ғибадаты Аллаһ үшін орындалған жағдайда адамды күнәларынан тазартады, иманын өсіреді, жұмаққа жетуге себеп болады.


Қажылықтың мән-мазмұнын жете түйсініп, құлшылығын орындаған адам құдіретті Жаратушыны көріп тұрғандай иманын шыңдайды. Құлшылық етуге мұқтаж екендігін ұғынады, барға шүкір, жоққа салауат айтады. Адам өзінің күнделікті өмірінде сүйіспеншілік пен төзімділікті негізге ала отырып, өзін-өзі жетілдіреді, бойындағы ізгі қасиеттерін арттырады.


Қажылықтың ұлылығы мен игілігін Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадистерінде нақты жеткізе білген. Онда: «Аллаһ разылығы үшін қажылыққа барып, жаман сөз бен қылықтан аулақ тұрып, күнәға батпаған адам кісі ақысын жемеген болса, пәк болып оралады» десе, «Қажылық немесе ұмрада жүрген адам Аллаһтың қонағы. Олар Одан дұға сұраса, Аллаһ дұғаларын қабыл етеді, кешірім сұраса, кешіреді» - дейді.


Тағы бір хадисте: «Қажылық пен ұмраны өз кезегімен орындаңдар. Себебі, осы екеуі ұста көрігінің темір, алтын мен күмістен тотпен ласты кетіргеніндей кедейлік пен күнәларды кетіреді» - деген.


Рас, қажылықта кісі ақысынан басқа күнәлардың барлығы да кешіріледі, себебі, кісі ақысы – қарыз. Ал қарыз тек өтелген немесе кешірілген кезде ғана жойылады. Ақының екі түрі болады: Аллаһтың ақысы, оның ішінде намаз, ораза секілді ғибадаттар және кісі ақысы. Оған ақша, мүлік, ар-ождан жатады. Барлық тапталған құқықтар үшін адам өзі жауап береді. Осы дүниелік өмірде қайтарылмаған құқық пен қарыздар қиямет күні иелеріне қайтарылатын болады.


Дегенмен, ол күні құдіретті Аллаһ тағала осы өмірде тәубеге келген құлдарына рақымын түсіруі мүмкін. Осылайша, Аллаһ тағала тәубеге келген құлдарының дұғаларын қабыл етіп, оларды кісі алдындағы да қарыздарынан құтқарады, оларды Өзінің шексіз рақымдылығы мен қайырымдылығымен кешіреді.


Қорытындылай келе, өзінің бұрынғы күнәларына шын жүректен өкініп, кешірілетініне үміттеніп қажылығын орындаған әрбір адам өзі сұрағанына жетеді. Рухани ауыр күйзелістен арылып, ауыртпалықтарынан құтылады, жаңа өмірге аяқ басады.


Алтынбек Ұтысханұлы


Күнделікті діни сауалдарға жауаптар кітабынан

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары