Қазақта «Жолдасына қарап, адамын таны» деген қанатты сөз бар. Осы ұлағатты сөздің мәніне көпшілік ден қоймайды. Ал, мұқият зер сала қарасақ, адамның өмір бойы жаныңда жүретін досы өмірлік серігі – жан-жарымен тең іспетті. Қазіргі дамыған заманда жастардың дені досты түріне, яғни ақшасына қарап қаңдап жатады. «Бір-біріне адал емес достар» деген ұғым жолдастың қадірін тиынмен бағалағандықтан туындап отыр. Қазір, екі жолдастың бірі діни сауат алып, намазға жығылып жатса, екіншісі үрке қарайтын заман болды. Барлығы да дін туралы ақпараттың дұрыс жеткізілмегендігінен болса керек. Осы ретте, біздің парақшамызды ашып оқитын достарға Алла елшісі (с.ғ.с) хадистерін жеткізгенді жөн санадық. Өйткені, кейбір жастар досым бетіме күле қарауы мүмкін, немесе шошып теріс айналып кетер деп қорқып өздері мешітке бармай, алып жатқан діни ілімін жарты жолдан тастап кетіп жатыр. Сондай адамдар мына хадиске көңіл бөлсінші: Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жұмаққа кіргендер, осы өмірде жақсылық жасаған достарын жұмақтан таба алмай Алладан: «О, Алла, бізбен бірге ораза ұстап, бізбен бірге дұға еткен жолдастырымыз бар еді, бірақ оларды көрмей тұрмыз» деп сұрайды. Сонда Жаратушы Алла: «Тозаққа барыңдар. Жүрегінде шаңның тозаңындай иманы бар достарыңды шақырып алыңдар» деп айтады» деген. Міне, қараңызшы, Алланың мейірімділігі сонша, істеген амалдармен тозақ отына түскен адамды жолдасының сұрауы бойынша жұмаққа кіргізеді. Ұғар жүрекке осы хадистен түйер ой көп. Яғни, әрбір пенде өзіне жолдас таңдарда оның дүниесіне, абыройына емес, сол адамның жүректегі иманына қарағаны абзал. Хасан аль-Басри (р.а.): «Өзіңізге жолдас етіп, жүрегінде иманы бар адамдарды ертіңіз. Олар Қиямет күні Сіз үшін жақтас болады» деген. Олай болса, сәждеге бас қойып, оразада ауыз бекіткенде, жұма сайын мешітке барарда өзіңізден теріс айналған достан, Сіз де теріс айналғаныңыз абзал!
«Жолдасым дін туралы көп айта береді, шаршап кеттім» дейтіндер кездеседі. Егер, жаныңда жүрген жақының жақсы сөз айтса, ол расында сіздің жанашырыңыз. Екі жолдастың біріне имани сауат келсе, Алла екіншісін жарылқағаны. Сол адам арқылы, екінші пенденің көз,құлақ пердесін ашқаны деп ұғыну керек. Ибн аль- Қъаййим (р.а.) былай деген екен: «Бұл өмірдегі сынақтар көлеңке сияқты, бар болып кішкене сәттен соң жоғалып кетеді. Егер бұл өмір саған күлкі сыйласа, онда кішкене уақыттан соң жылатады! Егер сені бүгін қуантса, онда ертең мұңайтады! Егер саған
пайдалануға бір зат берілсе, жақын арада сен одан айырыласың! Егер бір үй қуанышпен толса, оның артында қайғы жасырын тұр!». Енді мұқият зер салайық, дүниесі мол, сауаты аз, ойын-күлкімен ғана жүрген достан о дүниеде игілік болар ма? Бәрі Аллаға аян! Олай болса, әрбірімізге жүрегі иман нұрына толы дос нәсіп етсін!
Кәусар Сабыр
Пікірлер