Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ашудың дауасы және одан құтылудың тәсілі
12 қазан, 2015 жыл 29 Басып шығару нұсқасы

Ашулану – адамдардың туа бітті қасиеті, бірақ нағыз мұсылман өзінің ашулануына себеп болатын істерден сақтанып, өз ашу-ызасын білдірмеу арқылы, ал егер ашулана қалған жағдайда оны басу арқылы қорғанып, жамандықтың бетін қайтара алады.


а) Ашу-ызаның себептері. Ашу-ызаға ұрындыратын себептер өте көп әрі сан қилы. Олардың қатарына адамдарға менмендік, өркөкіректік көрсету, олардан жоғары тұруға ұмтылу, басқаларды келемеждеу мен қорлау, көп әзілдеу, әсіресе әзілдесуге ешқандай себеп болмаса да қалжыңдауға талпыну, өзіне қатысы жоқ істерге араласу, жанжалдасу, сондай-ақ жоғары дәреже мен басы артық байлыққа ұмтылу жатады. Мұсылманға мұндай теріс қасиеттерден аулақ болып, одан жоғары тұруға ұмтылу шарт және оған өз бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыру ұсынылады.


ә) Ашушаңдықтан құтылуға қатысты. Исламда көптеген әдіс-тәсілдер бар, олар мыналар:


– Өз жанын кешірімшілдікке, момындыққа, сабырлылыққа және іс- амалдарында орнықтылыққа, асығыс шешім қабылдамауға үйрету. Осы мәселелердің бәрінде бізге Алла тағаланың елшісі (с.а.с.) үлгі болады. Бір хадисте:


«Әлі мұсылман болмаған Зәйд ибн Сағинаның пайғамбарлық қасиетке ие ме деп тексеруді көздеп бір күні Пайғамбарға (с.а.с.) келгені туралы оқиға риуаят етіледі. Сөйтсе Пайғамбардың (с.а.с.) кешірімшілдігі ашуынан озық тұрады екен, ал наданның надандығы Пайғамбардың (с.а.с.) мейір-шапағатын арттыра түседі екен. Зәйд әлі уәделескен мезгілі жетпесе де өте өрескел түрде Пайғамбардан (с.а.с.) қарызын қайтаруды талап етеді. Пайғамбар (с.а.с.) оған күлімсіреп жылы жүзбен жауап қайтарады. Омар (Аллаһ оған разы болсын) оған жекуге кіріскенде, Пайғамбар (с.а.с.) екеуіне де өнеге болатын сөз айтады. Ол (с.а.с.): «Ей, Омар! Біз басқа нәрсеге көбірек мұқтаж едік: сен маған қарызды дер кезінде қайтаруымды әмір етуің керек еді, ал оған – қарызын қайтаруымды өз дәрежесінде талап етуін бұйыруың керек еді», – деді. Осыдан кейін оған тек қарызын ғана қайтарып қоймай Омар (Алла оған разы болсын) оның зәресін алғаны үшін айыппұл ретінде қарызына қосымша сыяпаттар қосып беруге бұйырады. (Пайғамбардың (с.а.с.) осы сөздері мен мінез-құлқынан кейін) Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) Исламды қабылдады, сөйтіп аса Құдіретті де Ұлы Алланың қаһарынан және тозақ отынан аман қалды», – делінген. (Ибн Хиббан, әл-Хаким, әт-Тирмизи.)


– Ашудың нәтижесі қандай қателіктер мен күнәларға апаратынын есіне алып, ашуды жасыра білу мен қандай да бір жамандық жасаған адамды кешіре білудің артықшылығын білу керек. Өйткені Алла тағала: «Сондай- ақ ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әлі Имран» сүресі, 134-аят.), – деген. Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні ашулануға мүмкіндігі бола тұра ашу-ызасын тоқтатқан адамды, ол (әйелдікке) қалаған хор қызын таңдауы үшін, Алла (Өзінің) жаратқандарының алдында шақырады» (Ахмад, Әбу Дауд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ.) Менің ең жақсы көретінім – пенденің өз ашу-ызасын тоқтатуы. (Өйткені) пенде Алла разылығы үшін ашуын тоқтатқан сайын Алла оның жанын міндетті түрде иманмен толтырады», – деген (Ахмад).


– Қарғысқа ұшыраған шайтанға қарсы Алла тағаладан пана сұрау. Алла тағала: «Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, онда Алладан пана сұра. Өйткені Ол бәрін Естуші, бәрін Білуші» («Ағраф» сүресі200-аят.) , – деген. Бір күні Пайғамбардың (с.а.с.) алдында екі адам өзара сөзге келіп қалады да, оның бірі ашумен екіншісін тілдеп, беті алаулап қызарып кетеді. (Оны көрген) Пайғамбар (с.а.с.): «Ақиқатында мен сондай сөзді білемін, егер оны айтқан болса, міндетті түрде тынышталар еді. (Егер ол): «Лағынетке ұшыраған шайтаннан (сақтанып) Алладан пана сұраймын» (Әъузу билләһи минәш-шайтанир-ражиим), – десе, онда (ол ашуын) басар еді», – дейді (Әл-Бұхари, Муслим.). – Ашуланған адам өзінің тұрған жағдайын өзгерту керек. Пайғамбардың (с.а.с.): «Сендерден кім ашуланғанда тұрған болса – отырсын, ашуы (сонда да) қайтпаса, жатсын», – деген . (Ахмад, Әбу Дауд.) Бұл сөздердің мәнісі – түрегеп тұрған адам отырған немесе жатқан адамға қарағанда кек алуға (яғни қол жұмсауға) жақын әрі дайын тұрады дегенге саяды.


– Сөйлемеу. Өйткені сөйлесе, өз сөзіне қарсы ашуын келтіретін жауап естуі мүмкін немесе шын мәнінде өзі айтқысы келмеген сөзді айтып қалып, ашуы қайтқан соң өкінуі мүмкін. Бірде Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерден кім ашуланса, үндемесін», – деп үш рет қайталаған (Ахмад, әт-Тирмизи, Әбу Дауд.).


– Дәрет алу қажет. Өйткені ашу-ыза адамның қанын қыздырып, дене қызуын көтереді, адамды ширақ қимылдайтын етеді, ал суық су оны салқындатады да қалыпты жағдайға түсіреді. Пайғамбар (с.а.с.) өз уағыздарының бірінде: «Шындығында, ашу-ыза адам баласының жүрегінде жанып тұрған қызыл шоқ», – деген (Ахмад, әт-Тирмизи.). Сонымен қатар дәрет алу аса Құдіретті де Ұлы Алланы еске алумен байланысты құлшылық түрлерінің бірі екенін атап айту қажет және ол кезде адамдағы ашу-ыза жалынын өршітуші шайтан шегініп кері кетеді. Пайғамбар (с.а.с.): «Шындығында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған, егер сендерден кімде-кім ашуға берілсе, дәрет алсын», – деген (Ахмад, Әбу Дауд.).


«Әл-Уафи»( Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы)

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары