Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ІЛМЕГІ ТӨМЕН БОЛСА, ПЕРДЕ СҮЙКІМСІЗ...
02 мамыр, 2016 жыл 698 Басып шығару нұсқасы

Күллі ғаламның жаратушысы Алланың атымен бастаймын!

Иә мейірімді, қайырымды Аллаһым, әрбір ойлаған ісіміздің тек қайырлысын, сауабы мол етіп, орындалуын нәсіп еткейсің!

Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Міне, бүгінгі таңды да атырып, күнді де көреріміз – маңдайымызға жазылған екен. Аллаға шүкір. Бүгін отағасы үш күндік алыс сапарға жолға шықты. Жақсы бір іс бабымен. Аллаһым ісін қайырлы етіп, береке берсін деп тілеймін!

Іс-сапарға кеткенде отағасының орны ерекше білінді. Қазақ айтпақшы, «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей қадірін жанымызда болғанда біле бермейді екенбіз. Отағасын жолға шығарып салып, өзім ойға шомып отырмын...

Осы еркектің отбасындағы рөлі қандай? Бірде жарым маған былай деді: «Ерлі-зайыптылар шымылдыққа ұқсайды. Шымылдықтың тіреуіші, ілмегі – еркегі болса, пердесі – әйел. Тіреуіші, ілмегі неғұрлым биік болса, шымылдықтың пердесі де биікке ілініп, әдемі көрініп, үйдің сәнін кіргізеді. Шымылдықтың тіреуіші не ілмегі төмендеген сайын, пердесі де төмендеп, жерге түсіп, салбырап, көзге сүйкімсіз көрінеді. Ал тіреуіші болмаған перде ілінбей әр жерде жатады». Міне, бұл еркексіз әйелдің дәрменсіз, күйеусіз әйелдің сүйеусіз, яғни, перде секілді бір жерде, бір сандықтың түбінде, мені қашан іледі деп, тіреуішін күтіп жататынындай, әйел затының да ерінен сүйеу, тіреу, қорғау күтері сөзсіз.

Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Ер адамдар – әйелдеріне басшы (яғни, әйелді бағып-қағу, қорғау және тәрбиелеу – ер адамның міндеті). Өйткені, Аллаһ Тағала (күш-қуат тұрғысынан) оларды бір-бірінен (ер адамды әйел затынан) үстем қылды әрі ер адамдар (отбасының) нәпақасын табушы. Ал, салихалы әйелдер Аллаға және ерлеріне басы бүтін бойсұнады. Алла олардың құқығын қалай қорғаса, (ерлері жоқ кезде) олар да ерлерінің хақысын қорғап, абройларын әрі ерлері тапқан дүние-мүлікті сақтайды һәм араларындағы сырға берік болады» («Ниса» сүресі,34 аят).

Міне, Құранның өзінде жазылғандай, әйел заты әлсіз әрі қорғансыз, сол себепті еркегінің қорғауы мен тәрбиелеуіне мұқтаж. Сондықтан да, әрбір отбасында еркек өзінің ілім-білім дәрежесін көтеріп, сол ілімімен әйелін, жалпы отбасы мүшелерін сусындандырып, рухани азық беріп отырса, сонымен қатар материалдық азықпен де қамтамасыз етіп отырса, әйелі сол ерінің берген азықтарына ие болып отырса, сонда ғана шаңырағы биік, керегесі берік бір отбасы болмақ. Себебі, әйелдің және отбасы мүшелерінің иманы, рухани ілімінің деңгейі отағасына байланысты. Отағасы сөзінде мынаны да жиі айтушы еді: «Ер тал – болса, әйелі – шырмауық. Тал неғұрлым биік өссе, шырмауық та сол талды бойлай биікке өрлейді. Ал тал тапал болса, шырмауық та сол талдың деңгейінде ғана болмақ. Алайда, талсыз жерде, аяқ астында жайылып жатқан шырмауықта сән де, мән де болмайды». Міне, ендеге отбасындағы ер азаматтың рухани деңгейі неғұрлым биік болса, жарының да рухани әлемі соғұрлым бай болмақ.

«Ей, иман еткендер! Өздеріңді және отбасылырыңды отыны адамдар мен тастан болған тозақ отынан сақтаңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят). Осы аятта айтылғандай арбір отбасының басшысы өзін және отбасы мүшелерін отыны адамдар мен тастан болған  тозақ отынан қорғауы тиіс.

Ибн Омардан ( р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағыларға жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар», – деген. Бұл хадисте еркектің отбасына, әйелі мен балаларына басшы екені, ал, әйелдің балалары мен күйеуінің тапқан дүние-мүлкіне басшы екені айтылады. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, еркегі өзінің басшылық қызметін атқара алмай оның орнына әйелі басшылық қылып отырған отбасылар да көп. Қазақта «қатын бастаған көш оңбас» деген сөз бар. Міне, осындай отбасылардың тіреуіші аласа болғандықтан, шаңырақтың пердесі сүйкімсіз көрінері сөзсіз.

Осынау отбасы деген кішкентай мемлекеттің патшасы өз орнында отырып, әйелін өз орнына тағайындаса, осы бір мемлекеттің шаңырағы биік, босағасы берік, болашағы жарқын болары хақ.

«Жақсы әйел күйеуін хан қылады, жаман әйел күйеуінің басын даң қылады» дейді қазақ. Жаман әйел болып, күйеуіміздің басын даң қылудан сақтап, қазақтың салихалы анасы, инабатты, ибалы келіні болып, күйеуімізді Хан қылып отыруды жазсын Алла!

Қазақ келіні

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары