Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҚАСИЕТТІ АЙЛАРҒА ҚҰРМЕТ
03 мамыр, 2016 жыл 332 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

     Ұлы Жаратушы Алла қасиетті айларды жаратып, сол арқылы пендесінің өзіне жақындап, рухани тазаруына, өткен өміріндегі қателіктері үшін тәубе етіп, түзелуіне, өз-өзіне есеп беруіне үлкен мүмкіндіктер берген. Сондықтан осы айларға құрмет көрсеткен адамға Алла Тағала дүние мен ақыретте мол игіліктер мен сый-сияпаттар береді. Құрмет көрсетудің басы-күнәлі істерден бас тарту мен тыйылудан және ғибадат етуден басталатыны белгілі.

      Пайғамбарымыз (ﷺ) осы ретте: «Алла үшін айлардың жақсысы-Ережеп айы. Ережеп-Алланың айы. Кім оны ұлықтаса, расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы  жаннаттарға  кіреді. Оған Алланың  разылығы түседі. Шағбан-менің айым. Кім оны дәріптесе, расында менім ісімді дәріптеген болады. Кім менің ісімді  дәріптеген болса, қиямет күні мен оның алдынан қарсы аламын және де ол үшін ақыреттің сыйы боламын. Рамазан айы-менің үмметімнің айы. Кім бұл айды құрметтесе, оның бағамын дәріптесе және оның шегінен шықпаса, күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізсе, Рамазан айы шыққанша күнәлі істерден сақтанса, Алланың одан сұрар күнәсі қалмайды». (Канзул умма №35/217).

      Зуннун Мысри былай дейді: «Ережеп-тұқым себу, Шағбан айы-егінді суару, ал Рамазан болса, жемісті жинау айы». Ал Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп баяндаған: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп-адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275). Аталмыш айлардың рухани құндылығы жайында кейбір ислам ғалымдары былай деп зерделеген: «Жыл, ағаш секілді. Ережеп айы-ағаштың жапырақ жаятын, шағбан айы-жеміс беретін, ал рамазан айы-жемістердің жиналатын айы. Ережеп-кешірім айы, шағбан-шапағат айы, рамазан-сауаптардың қаншама еселеніп көбейетін айы».

    Айша анамыз «Я, Расулаллаһ, сенің шағбан айында ораза тұтып жүргеніңді көремін, мұның хикметі неде?»,-деп сұрағанында, пайғамбарымыз: «Ей Айша, шағбан-өте үстем ай, ол жылдың ішінде өлетін адамдардың есімдері дәптерге жазылып жан алушы періштеге беріледі. Мен ораза тұтып жүрген күйде есімімнің дәптерге түсуін қалаймын»,-деген. Имам Насай Усама ибн Зайдтен мына хадисті жеткізеді. Алланың Елшісінен (ﷺ) бір адам келіпі: «Сізді мен ешбір айда дәл шағбан айындағыдай ораза ұстағаныңызды көрмеймін, - деп сұрады. Ол: «Бұл ай ережеп пен рамазан айының ортасында тұрғандықтан адамдар көп көңіл бөлмейді де ғапыл қалып жатады»,- деп  жауап берді.

      Бұл айларда ғапылдықта қалып, күнәдан тыйылмай, Жаратушыдан жасқанбай, ниет, пиғылын зұлымдықпен былғағандарға үлкен азап бар. Осы жөнінде санаға терең ой салып, тәубемізді тірек етіп, өткенге көз тастайтын ғибрат болар хикаяға кезек берелік.

   Хазіреті Хүсейін (р.а.) былай деп жеткізеді: «Бір күні Қағбаны тауап етіп жүріп, Алла Тағалаға  әлсіз, аянышты дауыспен дұға етіп, жалбарынып жатқан адамның дауысын естідік. Әкем маған ол адамды қасына шақыруымды нұсқады. Келген  адам әдемі жүзді, таза кісі екен. Алайда оң жағы сал (паралич) болып, әрекетсіз еді. Одан:

         – Сен кімсің, бұл жағдайың не?-деп сұрадым.

– Мәназил бин Халиқпын. Мен сазды аспапта ойнап, ән салумен атаққа бөленген Арабстанның әйгілі әртісі деп танылған адаммын. Мен үнемі тура жолдан ауытқып, нәпсімнің қалауларының артынан жүгірдім. Ережеп, Шағбан айларында да бұл күнәларды тоқтатпадым, ешқандай құрмет етпедім. Салих әкем мені бұл күнәлардан құтқаруға тырысты. Маған “Балам, Алла Тағаланың азабы ауыр, бір мезетте жазаңды береді.  Сол үшін күнәдан тыйыл, Алладан қорық! Айналаңдағы теріс жолдағы достарың мен күнәлі істеріңді таста! Періштелер бұл қасиетті айларда саған шағымданады”-деді. Бірақ абзал әкенің ешқандай пайдалы насихаттарына құлақ аспайтынмын, сабырым да аз еді. Тіпті әкеме қол көтеріп, насихаттарына жекіріп, ұрып тоқтаттым. Әкем байғұс осы күйде “Бұл айларда ораза тұтамын, түндерінде ғибадат етемін. Бәйтуллаһқа барып,  сенің жамандығыңнан сақтану үшін Жаратушыдан Алладан көмек сұраймын”,- деді.

Бір апта ораза тұтып, Қағбаға барып: “Я, Раббым, зұлымға ұшырағандардың ақысын жерге тастамайсың. Бұл айда, бұл қасиетті жерде жасалған дұғаны қайтармайсың. Ақымды баламнан ал, оны сал (паралич) қыл”,- деп дұға етті. Әкем дұға етіп, болар болмас оң жағым сал аурына шалдықты. Мұны көргендер “әкесінің қарғысына ұшыраған адам”,- деп айта бастады.

– Әкең бұл жағдайыңа не деді?

– Мен әкемнен  өкініп, кешірім сұрадым. Әкелік мейірімі ашуынан басым келіп, мені кешірді. Қарғыс жасаған жеріне барып, жазылуым үшін қайыр дұға ету үшін түйемен Бәйтуллаһқа келе жатып, кенеттен түйе үркіп, әкем қаза тапты. Қазір енді бұл күйде шарасыз қалдым.

Әкем хазіреті Әли бұл жігітке дұға етті. Ережеп айында жасалған бұл дұғаның берекесімен Алла Тағала оған шипа нәсіп етті».

Кешірім мен шапағат айларында жасаған ғибадаттарымыз ықыласты болып, қасиетті айларға құрметіміз артып, Алла Тағала барша мүміндерді имани кемелдікке жеткізсін!

Меруерт  Бақдәулетқызы

Семей қаласы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары