Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ОРАЗАНЫҢ ТҮРЛЕРІ
12 мамыр, 2016 жыл 4804 Басып шығару нұсқасы

Ораза – парыз, уәжіп, нәпіл және мәкрүһ болып төртке бөлінеді.

Парыз ораза

Парыз ораза екіге бөлінеді:

  1. Тағайындалған ораза: Рамазан оразасы
  2. Тағайындалмаған ораза: Қазаға қалған ораза мен «кәффарат» ретінде ұсталған оразалар.

Уәжіп ораза

Бұл да екіге бөлінеді. Атау (нәзір) оразасы сияқты. Белгілі бір уақытта тұтамын деп уақыт белгілеп тұтқан ораза – тағайындалған уәжіп ораза. Нақты уақыт белгілемей кез-келген бір күні немесе бір айда тұтамын деп атаған ораза – тағайындалмаған уәжіп ораза.

Нәпіл ораза

Бұл – сүннет, мұстахап, мәндүп болып үшке бөлінеді.

Нәпіл оразалар мына күндерде ұсталады:

Күн ара тұту

Бұл ең жақсы ораза. Пайғамбарымыз  (ﷺ) былай дейді: «Ең сауапты ораза – Дәуіттің (а.с.) ұстаған оразасы. Дәуіт бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын». Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) «Мен одан да көп ұстай аламын» - деген кезде Алла елшісі  (ﷺ): «Бұдан жақсысы жоқ» - деп жауап қайтарады.

Әр айда үш күн ораза ұстау

Әр  айдың он үшінші, он төртінші, он бесінші күні ораза ұстау – мұстахап. Әбу Зәрдың (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі  (ﷺ) былай дейді: «Әр айда үш күн ораза ұстағың келсе айдың 13, 14, 15-ші күндерінде ұста».

Әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстау

Усама бин Зәйдтің риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз  (ﷺ) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстаған. Одан «Неге бұл күндері ұстайсыз?» деп сұрағанда: «Адамдардың істері Аллаға дүйсенбі мен бейсенбі күндері тапсырылады»-деген. Басқа бір риуаятта «Ұлы Раббыма менің істерімнің ораза ұстаған кезімде ұсынылуын қалаймын»-деген қосымша сөзі бар.

Шағбан айында ораза ұстау

Айша анамыз: «Алла елшісі  (ﷺ) Шағбан айында ұстағандай Рамазаннан басқа ешқандай айда ораза ұстамайтын. Ол Шағбан айының бәрін оразамен өткізетін»-деген.

Шәууәл айында алты күн ораза ұстау

Бұл оразаны сол айдың ішінде кез келген күні үзбей бірінен кейін бірін немесе үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айттың артынша кезекпен дереу бәрін ұстаған абзал. Қаза, атау, т.б. оразаны осы күндерде ұстаса дәл сол сауапты ала алады. Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей»-деген.

Арафа күнінде ораза ұстау

Қажылықта болмаған адамның Зилхижжаның тоғызыншы күнінде ораза ұстауы – мұстахап. Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Арафа күні ұсталған оразаның  бұрынғы және келешектегі бір жылдық күнәлардан арылтатыны Алладан үміт етілген»-деген.

Мәкрүһ оразалар

Мәкрүһ оразалар «тахриман» және «тәнзиһан» мәкрүһ болып екіге бөлінеді.

  1. Тахриман мәкрүһ ораза. Рамазан айтының бірінші күні мен құрбан айтының төрт күнінде ұсталған оразалар тахриман мәкрүһ. Өйткені бұл күндер Алланың бізге берген қуанышты күндері.
  2. Тәнзиһан мәкрүһ. Тек қана ашура күні, жұма күні және сенбі күні ғана ораза ұстау, наурыз күндерінде ораза ұстау – тәнзиһан мәкрүһ. Бірақ әдет етіп ұстап жүрген оразасы осы күндерге келсе ештеңе етпейді.

Екі күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау да мәкрүһ. Бұл – уисал оразасы. Пайғамбарымыз (ﷺ) үмбетіне жаны ашығандықтан бұлай ораза ұстауға тыйым салған.

Күмәнді күні де ораза ұстау - мәкрүһ. Яғни Шағбан айының отызыншы күнін Рамазан күні ме әлде Шағбан айы ма деп аспан бұлт болғандықтан күмән пайда болса бұл күн «күмәнді» күн деп аталады. Бұл күні ораза ұстау да – мәкрүһ. Тіпті екі күн бұрын да ораза ұстау – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазанды бір немесе екі күн бұрын оразамен қарсы алмаңдар. Бірақ кімде-кім әдеті болғаны үшін ұстаса (ұстап жүрген оразасы осы күнге сәйкес келіп қалса) ұстасын»-деген.

Әйел адамның ерінен рұқсат алмай нәпіл ораза ұстауы – мәкрүһ. Ері оған бұзғыза алады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ері жанында бола тұрып рұқсатсыз ораза ұстаған әйелдің оразасы адал болмайды»-деген.

Қажылардың әлсіреп қалуы ықтимал болғандықтан «тәруия» және арафа күні ораза ұстаулары – мәкрүһ.

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары