Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ДҰҒАЛАР ҚАБЫЛ БОЛАТЫН ТҮННЕН ҚАПЫ ҚАЛМАҢЫЗ
21 мамыр, 2016 жыл 1915 Басып шығару нұсқасы

 

Бәрағатт түні Құран Кәрімде қасиетті саналған түн. Бұл түн кез-келген мұсылманның Жаратушысынан мейілінше кешірім мен мейірім сұрайтын түні. Бар уақыттарын құлшылыққа арнайтын түні. Араб тілінен аударғанда «бәрағат» сөзі «толықтай оқшаулану», «тазалану» дегенді білдіреді. Биыл бәрағат түні мамырдың 21-інен 22-сіне қараған түнге сай келіп отыр.  

Әлімдердің бірі: «Расында, періштелерде екі мейрам бар. Олар бәрағат түні мен Қадір түні. Ал мұсылмандарда екі мейрам бар. Олар ораза айт пен құрбан айт. Періштелер ұйықтамайды. Сол себепті де олардың мейрамы түнде. Ал адамдар ұйықтайды. Сондықтан да олардың мейрамы күндіз»-деген.

Имам Субуки өз тәпсірлерінде: «Расында бәрағат түні бір жылғы күнәларды шаяды, жұма түні бір аптадағы күнәларды шаяды, ал Қадір түні  өмір бойғы күнәларды шаяды»-деген. Яғни осы себептен де бәрағат түнін күнәлар кешірілетін түн дейді.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Шағбан айының ортасы кезіндегі түн келгенде оянып, келесі күні ораза ұстаңдар. Расында Алла Тағала: «Менің кешіруімді сұрап, кешірім сұрағандар бар ма? Басына сынақ түсіп, Менен құтқаруды сұрағандар бар ма? Ашығып, Менен азық сұрағандар бар ма?» - деп сұрайды. Жаратушы осылайша таң атқанша өтініші бар адамдарға рахым етеді»-деген.

Сондай-ақ: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар.  Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін»-деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді»-дейді.

Басқа бір хадисінде Алла елшісі (ﷺ): «Алла Тағала Шағбан айының ортасында құлдарының жағдайын қарайды. Көп құдайшылдар мен залымдардан басқаның барлық күнәларын кешіреді»-деген.

 

            Белгілі бір хадистерге сүйене отырып, бұл түнге келесідей маңыз берілген:

1. Бұл түнді өмір түні деп атайды. Бұған Мунзирий жеткізген Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ) мына хадисі себеп болған: «Мейрам түні мен шағбан айының орта кезіндегі түнді тірілткен адамның жүрегі жүректер өлетін күні өлмейді».

2. Сондай-ақ бұл түнді Пайғамбардың (ﷺ) үмбетіне шапағат ететін түні деп те атайды. «Мұхаммед Пайғамбар (ﷺ) Алла Тағаладан 13-ші түні өз үмбеті үшін рахым сұрайды. Сонда Алла Тағала оған тек үш адамға шапағат етуге мүмкіндік береді. Мұхаммед Пайғамбар (ﷺ) 14-ші түні де Алла Тағаладан рахым етуді сұрпайды. Сонда Алла Тағала тек отыз адамға шапағат етуге рұқсат береді. Мұхаммед Пайғамбар (ﷺ) 15-ші түні де Алла Тағаладан шапағатшы болу мүмкіндігін сұрайды. Сонда Алла Тағала оған барлық үмбетіне шапағатшы болуға рұқсат етеді. Тек Алла Тағаладан қашқандарға ғана шапағатшы болуға мүмкіндік бермеген екен»

3. Сондай-ақ бұл түнді кешірім түні деп атайды. Бұған имам Ахмад жеткізген хадис себеп болған. Онда Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Расында Алла Тағала шағбан айының ортасы толған түні көп құдайшыл адамнан және өз бауырымен ренжісіп, жек көруші адамнан басқа адамның бәрін кешіреді»-деген.

4. Сондай-ақ бұл түнді босату түні деп атайды. Бұған Ибн Ысқақ пен Анас ибн Мәлік жеткізген халдис себеп болған. Мұнда Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ): «О, Айша! Сен бұл түннің Шағбанның ортасы екенін білмейсің бе? Расында бұл түні Алла Тағала Өз құлдарын Тозақтан босатады. Тек үнемі ішімдік ішетін, ата-анасын тыңдамайтын, оларға жапа шектіретін, үнемі зина жасайтын, туысқандық және достық байланысты үзуші, адастырушы әрі жала жабушылардан басқаның бәрін босатады»-дейтін хадисін жеткізеді.

5. Сондай-ақ бұл түнді Ата ибн Ясар жеткізген хадиске сүйене отырып бөлу түні деп атайды. Бұл халдисте: «Шағбан айының ортасы толған түні ажал періштесі үшін осы шағбаннан келесі шағбанға дейін өлетіндер жазылады. Расында Алланың құлы ағаш отырғызады, үйленеді, үй салады, ал оның есімі өлгендер санатына жазылады. Және ажал періштесіне оның жанын алуға бұйрық берілмесе, оны ажал періштесі күтпейді»-делінген.

Яғни Бәрағат түні маңыздылығы жағынан Қадір түнінен кейін екінші орында. Ата ибн Ясар: «Қадір түнінен кейін Шағбанның ортасы кезіндегі түннен жақсысы жоқ. Бұл дұғалар қабыл болатын түн»-деген. Яғни бұл түні әр адам үшін құлшылық етудің маңызы зор. Себебі күнәлардың кешірілетін, дұғалардың қабыл болатын түні. Әр мұсылман үшін Жаратушысымен жеке қалатын үлкен мүмкіндік. Сол себепті де осы күні кешкісін дәрет, ғұсыл алып, парыз намаздарынан бөлек нәпіл намаздар оқып, зікір етудің орны бөлек. Тәсбих намазын, тәһажжуд намазын оқыған абзал. Таң намазынан бұрын ауыз бекітсе құба құп.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары