Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», - дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? – депті, - жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көммекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», - деген екен.
Не ұтарын, не ұтпасын білмесе де, «ұтармын» деген ықтималдыққа сүйеніп ақша тігіп құмар ойынына қызығатын адамдар осы мысылдан үлгі алса етті. Пенде құмар ойындарына бір-екі рет қана барып, сосын бармай қоямын деп жүріп, әдетке айналдырып алудан қорқу керек. Нәтижесі белгісіз, уақыт пен қаражатты ысырап етуші ойындар Құранда «харам» еткен «мәйсир/құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен шариғатта тыйым салынады. Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»
Харам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам жоғарыдағы мысалда көрсетілгендей басынан өзін тыймаса, соңы өкінішке апарып соқтырады. Өйткені харам жолмен табылған дүниеде береке болмайды. Отбасын сол ақшамен асырамақ болса, отбасы мүшелеріне жұмсалған дүниеден пайдаланған әрбір әрекет үшін күнә жазылады. Жоғарыдағы аятта «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Құран Кәрімде құмар ойындар мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетілген. Сондықтан, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады. Құмар ойындарына – ақша тігіліп ойналатын кез-келген ойын түрін жатқызуға болады. Еңбексіз әрі пайызбен табылған ақша халал болып есептелмейді. Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар (ықтималдыққа сүйеніп ақша тігу) араласатын болса, ол – мәйсир», – деген деректер де айтылады. Ғаламтор жақсы дамып, құмар ойындары әлеуметтік желілерде де етек алуда. Футбол командалары мен нақты бір спортшыға жанкүйерлік танытып, соның жеңісі үшін ақшамен бәстесіп, пайызбен жеңіл пайда табуды көздейтіндер қатары артып отырғаны өкінішті. Алла елшісі ﷺ: «Кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс білдірсе, оның садақа беруі – міндет», - деген (Бұхари). Яғни, адал табысы жоқ жерге шақырудың өзі күнә. Жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен Исламда қатаң тыйым салынып, харам етіледі. Дүниеқоңыздықтың арты үлкен қауіпке апарып соғары даусыз. Сахабалардың өздері жеңіл табыс түгілі адал еңбекпен келетін дүниеге мүлдем қызығушылық танытпаған. Өйткені, әрбір нәрсе үшін Алла алдында сұралатынымызды олар әсте естен шығармаған.
Имам Әбу Ханифа үлкен ғалым болумен қатар, саудамен де айналысатын. Түске дейін шәкірттеріне дәріс беріп, түстен кейін саудасына баратын. Бір күні шәкірттерімен мәжілісте отырғанда біреу кіріп келіп: «Уа, имам, кемеңіз суға кетті», - дейді. Имам сауданы көбіне кемемен жасайтын. Келген жаңалыққа селт етпестен «Әлхамду лиллаһ» дейді де қояды. Көп өтпей әлгі адам қайтып келеді. «Айыпқа бұйырмаңыз. Жаңағы батқан кеме сіздікі емес екен», - дейді. Бұл жолы да имам «Әлхамду лиллаһ» дейді де, дәрісін жалғастыра береді. Жігіт ғалымның бұл қылығына таң болады. Кейін осы жайлы сұрағанда, имам: «Сен «кемең батты» деп хабар әкелгенде, ішімде кішкене болса да дүниеге деген қимастық білінбеді. Сол үшін Аллаға мадақ айттым. Кейін батқан кеменің менікі емес екенін жеткіздің. Мұны естігенде де, жүрегімде титтей де қуаныш білінбеді. Сол үшін тағы да Аллаға мадақ айттым», - деп жауап берген екен.
Осы секілді, дүниені өткінші нәрсе ретінде қарап, ақшаға қызығып, құмар ойындарына салынып кетуден сақтану ұрпаққа сабақ болмақ.
Ақтоғай аудандық орталық мешіті
Пікірлер