Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ӘРКІМ ӨЗ ХАЛІМЕН ӘЛЕК...
12 шілде, 2016 жыл 341 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

  Адамзаттың тіршілік белесінде мәңгілік болып көрінген құндылықтардың барлығы да өз мерзімі жетісімен гүлдей солып, бәйшешектей қуарып, өмір күзінің бір күңгірт кезеңдерінде өз құнын жоғалтады. Осы дүниенің өзінде-ақ қиын қыстау кездің қамытын киген шақтарда адам баласы өз биігін ғана ойлап, жанашырларын да жатқа қалдыратыны айқын. Негізінде, Алла Тағала Құранда қиямет уақиғасы болғанда адам баласы берер есебінің ауырлығы мен тірліктегі күнәларының кесірінен Жаратушыдан қорқып, қайда бас сауғаларын білмей, көздері шарасынан шығып, өзінің ең  жақындарын да танудан қалатындығын баяндайды. Анығырақ айтқанда, әркім өз халімен әлек болмақ. Ұлы Хақ Тағала осы жайында Құранда былай деген: "Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні, кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр (Әркім өз халімен әлек)" (Абәсә, 33-37-аяттар). Әркімнің өз халімен әлек болу жағдаяты бүгінгі өмірдің өрі мен нағыз тірліктің төрінде де қатар кездесіп жататын құбылыс. Тек соны  аңғара бермейтіндігіміз өкінішті. Санамызды жаулаған сансыз сауалдарға тұщымды жауап іздеп көрелік. Өлім алдындағы өкінішті сәттерді қайтесіз, ертерек тәубенің тұтқасына жармасып, жүректегі ахуалды жөндеп, ойды түзеп, пенделіктің пердесін жүректің тар көзінен сыпырып тастап, иманның рухани шыңына қанат қағайық!

    Басра қаласында тақуалығымен танылған, көп ғибадат жасайтын бір адам өмір сүріпті. Оған бір күні ажал мерзімі жетіп, ақтық сәті жақындай түседі. Ақыреттік сапарға дайындалып жатқан кезінде бүкіл туысқандары айналасына жиналып, зар еңіреп жылайды. Тақуа оларға қарап: "Мені отырғызыңдар",-деді. Хас жанашырлары оның соңғы өтінішін орындайды. Әлгі адам жақындарының жүзін бір шолып шығып, әкесіне қарап: "Ардақты әкешім, сіз неліктен соншалықты қайғырып жылайсыз?". Әкесі былай деп жауап қатады: "О, ұлым, мен сенен айрылып, дүниеде жалғыз қалам ғой деп жылаймын". Сосын жүзін анасы тарапқа бұрып:

-Асыл анашым менің, сіз неге егіліп жылайсыз?

-Ұлым менің, мен болсам, сенен айрылып қайғы мен қасіреттің қамытын киемін ғой деп жылаймын.

    Тақуа келесі кезекте өзінің көп жыл отасқан аяулы жарына қарап:

-Ал, адал жарым, сен не үшін жылай бересің?-депті. Ол былай дейді:

-Мен сен өлгеннен кейін сенің көмегім мен қамқорлығыңнан құр алақан қалып, басқа біреудің жанашырлығына арқа сүйейтініме жылаймын.

    Өлім уақыты таяған ғибадатшыл адам ары қарай  балаларына сұрақ қояды:

-Ал сендер не үшін еңкілдеп жылап отырсыңдар?

-Біз сіз қайтыс болғаннан кейін жетім қалып, өмірде қиналып қаламыз ғой деп жылап жатырмыз.

    Барлығының жылау себебін анықтағаннан соң игі адам оларға қарап, бұрынғысынан бетер жылауын үдете түседі. Ендігі мезетте олар тақуадан сұрап: "Сен неліктен зар еңіреп жатырсың?",-дейді. Ол туысқандарына былай деп жауап берген екен: "Мен сендердің әрекеттеріңе қарап жылаймын. Себебі, әркім өз халін, дүниедегі өзінің жағдайын ғана ойлап  жылап жатыр. Шындығында, бақилық сапарға аттанып, Алланың алдына кетіп бара жатқан менің жағдайымды, менің  мәңгілік мекенім жайлы ойлап жылаған біреулерің бар ма? Сендер осы тіршіліктеріңді ғана ойлап тұрсыңдар. Ал менің алдымда  күтіп тұрған ұзақ жол мен  беймәлім кеңістік күтіп тұр, әрі менің қабірдегі халімді ойлап жылаған бір адам бар ма?..

    Сендердің араларыңда ақыретіме аз амал мен аз мөлшердегі азық жинап кетіп бара жатқан мен байғұстың жағдайын ойлаған бір жанашырдың шынымен болмағаны ма? Әттең...әттең-ай...Сендердің іштеріңде менің қап-қараңғы тас түнек қабірімде мәңгі жалғыз қалатынымды ойлап, алаңдаған бір шынайы қамқоршы табылмағаны ма? Менің Ұлы Жаратушының алдындағы жауап беретін ауыр да азапты есебім жайлы расымен ешкімнің де ойлап, жыламағаны ма? Ақиқатында, осы уақытқа шейін  ешбір нағыз жанашыр тілекшімнің болмағандығы ма? Әттең...Жалған өмір-ай...".

   Осы сөздерден кейін тақуа бетімен төменге қарай құлап түсті, туысқандары ұшып тұрып, оның денесін көтергенде, оның өлі денесі мәңгілік сұп-суық күйге енген болатын.

    Бүкіл  адамзатты  қайран қалдырған  ойшыл  әрі  рухани кемелдікке жеткен, байсалды ғалым  Хазреті  Мәулана өзінің "Мәснәуи" атты еңбегінде :      "Шайтан мен нәпсің, сенің адамгершілігіңді, арыңды, беделіңді ұрлаған бір  қарақшы. Ол екеуіңнің қолына түссең, бүркіттің тырнағына іліккен балапандай боларсың",-депті. Сондықтан сол қарақшыларға жем болмастың қамын ойлап, жүректі емдеп, ешкім жәрдемдесе алмайтын ақыретімізге дайындалып, Алланы ұмытпағандығымыз абзал болар.

                                                                                                                          Меруерт  Мұхамадиева

Семей қаласы.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары