Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖҰМБАҒЫМДЫ ШЕШКЕН ЖАНҒА СЫЙЛЫҒЫМ БАР...
22 шілде, 2016 жыл 5259 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман үмбеті үшін алғашқы әмірі «Оқы!» болған Алла Тағаланың діні – Исламда ілім-ғылымға, ақыл-парасатқа айрықша мәртебе берілген. Сол үшін ілім алу әрбір мұсылманға парыз. Ақыл-парасаттың, ой-сананың, хикмет-даналықтың иесі болып қалыптасу үшін де тәфәккүр (ой тұңғиығына шому, терең ой жүгірту) – мұсылманға парыз. Қасиетті Құранда да Алла Тағала «ақыл иелері» деп көп жерде ерекше атап өтеді. Сол үшін мұсылманның ақыл-ойында бір сәт болсын дамыл болмауы тиіс. Үнемі терең ой үстінде, Алланың хикметін іздеумен жүруі шарт. Алла Тағала да, Пайғамбарымыз да өзінің үмбетін үнемі ақыл жүгіртуге үндеп, терең ойлауға шақырып отырған. Осы себепті, Пайғамбарымыз ойлау жүйесін дамытудың түрлі әдіс-тәсілдеріне барған. Мәселен, Ардақты Елшіміз уағыз-насихат барысында сахабаларына сұрақ қойып, артынан жауап беру әдісін жиі қолданған.  «Мұсылман кім, білесіңдер ме?», «Ал мүмин кім?» деген секілді сұрақтар қойып, сахабалардың қызығушылығын оятып, сұрақтың жауабын білуге деген құмарлықтарын арттырып жауап беретін болған. Ал өз кезегінде сұрақ ойды дамытады. Білмеген сұрақтың жауабы айтылған кезде жауабы да есте жақсы сақталады. Сол үшін Пайғамбарымыз осы бір тәсілді де қолданып отырған. Мәшһүр «Жәбірейіл хадисінен» де «Иман деген не?», «Ислам деген не?», «Ихсан деген не?», «Қиямет қашан?» деп Пайғамбарымызға сұрақ қоя келген періште Жәбірейілдің (а.с.) өзі де осы әдісті қолданғанын байқаймыз.

Пайғамбарымыздың осы тәріздес ой жүйесін дамыту методикаларының ішінде ЖҰМБАҚ ЖАСЫРУ да болғанын ерекше атап өтуге болады. Себебі, жұмбақ та оқыту жүйесінің сұрақ қою категориясына жатады. Жұмбақ жасыру – адамның зейінін аша түсетін, дүниетанымын кеңейтетін, ойлау қабілетін қалыптастыратын бір әдіс. Сол үшін Алла Елшісі кей-кездері жұмбақ та жасырған. Мәселен, Хазірет Омардың (р.а.) ұлы Абдуллаһтан (р.а.) жеткен мына хадистен Пайғамбарымыздың жұмбақ жасырғанына куә бола аламыз: «Бір күні Пайғамбарымыздың жанында отырған едік, біреу Алла Елшісіне құрманың өзегін (құрма ағашының жоғарғы жағында өсетін дәмі мен сұйықтығы сүтке ұқсаған құрманың шырынды өзегі) сыйға тартты. Сол жерде Пайғамбарымыз маңайында отырғандарға жұмбақ жасырды:

Ағаштардың ішінде бір ағаш бар,
Жапырағы еш түспейтін.
Алланың қалауымен берген жемісі,
Жақсы мұсылман секілді берекелі,
Кәне айтыңдаршы, бұл қай ағаш?

Сол жерде отырғандар әртүрлі ағаштарды айта бастады. Жауабының құрма ағашы екені ойыма келді, алайда Әбу Бәкір мен әкем Омар да сол жерде болғандықтан әрі жасым да бәрінен кіші болғандықтан жауабын айтуға ұялдым. Содан отырғандар жауабын таба алмаған соң:

  • Уа, Алланың Елшісі! О ағаштың қайсы екенін бізге өзіңіз айтсаңыз, таба алмадық, – деді. Пайғамбарымыз :
  • Жасырған ағашым – құрма ағашы, – деді.

Кейін әкеме жауабының құрма ағашы болғанын білгенімді айтқанымда:

  • Егер білгеніңді сол жерде сөйлегеніңде қаншама дүниенің иесі болудан да қатты қуанар едім, – деді» (Бұхари, Тирмизи, Муслим).

 

Міне, бұл хадистен Пайғамбарымыздың жұмбақ жасыру арқылы мұсылманның да сипатын құрмаға теңей отырып қандай болатынына сахабалардың ойын жүгіртті. «Әлбетте ой жүгірткен ақыл иелері үшін мұнда да ғибрат бар!» (Нахл сүресі, 12-аят).

Қазақ дәстүріндегі жұмбақ жасыра отырып, тәлім беру әдіс-тәсілі де бәлкім осы бір сүннеттен негіз алса керек. Шешендік өнеріміздегі би-шешендердің жұмбақ сөздермен, ым-ишаратпен терең философиялық ойлар қалдырып және сол қазыналарымыздың бүгінгі күнге дейін ауыздан-ауызға ұмытылмай жеткені де осы бір әдіс-тәсілдің пайдасы болар.

Сондай бірнеше мысалды халықауыз әдебиетімізден келтірейік.

Бір үлкен қарт-қариялары бас қосқан бір жиында Үйсін-Төле биге басқа таптардан шыққан жас, жолы кіші билер сәлем беріп:

  • Е, Төле-аға, біздерге үлгі қылып айта жүргендей бір сөз айтып беріңіз, – дегенде Төле би мына сөзді айтқан екен:
  • Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, – деп сан аттарын атап шығыпты. Билер түсінбей:
  • Бұл не дегені, тартарғамы ма? – депті. Сонда Қаз дауысты Қазыбек тұрып:
  • Бұл кісінің айтқаны – жұмбақ қой. Маған рұқсат берсе, мен шешер едім, – деп шешкен екен:
  • Біреу деген саныңыз –

Бірлігі кеткен ел жаман.

Екеу деген саныңыз –

Егесіп өткен ер жаман.

Үшеу деген саныңыз –

Үш тарап, тақ талас болған ел жаман.

Төртеу деген саныңыз –

«Төртеу түгел болса,

Төбеден жерге келтірер!»

Бесеу деген саныңыз –

Белсене тиген жау жаман.

Алтау деген саныңыз –

Алтау ала болса,

Аузындағы жемін кетірер.

Жетеу деген саныңыз –

Желекті найза астында

Ажал жетіп ері өлген,

Жесір әйел жаман.

Сегіз деген саныңыз –

Серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз деген саныңыз –

Топырақ басқан өлім жаман.

Он деген саныңыз –

Қартайып, отырып қалған – сол жаман! – деп Қаз дауысты Қазбек би Төле бидің жұмбағына ғибратқа толы жауап қалдырады.

Ел арасында «Абайдың жұмбағы» деп тараған мына бір оқиға да жұмбақтау арқылы тағылым қалдыру тәсіліне жатады.

Абай үйінде отырып, өзінің досы Бегештен:

–  Дауасыз не, арзан не, қымбат не? – деп сұрапты. Бегеш оған:

–  Дауасыз – кәрілік, арзан – өтірік, қымбат – шындық, – деп жауап береді. Абай риза болады. Тағы бірде үйіне Төлтай, Ошыбай деген кісілер келгенде Абай:

– Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? – деп сұрайды. Ошыбай:

– Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе? – дей бастағанда, Төлтай құрдасы Ошыбайға кейіп:

– Әй, сен оттама! Қатты деген жоқшылық, тәтті деген жан емес пе? – депті. Абай мырс етіп күліп:

–  Жарайсың, Төлтай! – депті. Міне, бұл да тағылымды насихат болған бір жұмбақ десек болады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының да жұмбақтарынан біреуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар,
Көрмейміз, құр естиміз анық хабар.
Дарияның суын түгел құятұғын,
Ол сиярлық ыдыс бар кішкентай, тар.
Дарияны сол ыдысқа құя білсең,
Керек суы болады көзге даяр.
Онда бірақ дарияны естімейміз,
Көзбен анық көреміз, байқа, дос-жар.
Ол суда ылай да бар, тұнық та бар,
Ылай судан тұнықты кім айырар?
Ылай судан тазасын айыруға
Дария көрген адамның бәрі құмар.
Дария не, ыдысы не, тазасы не?
Көрген кім, айырған кім – табыңыздар.
Бес шешуі бір жерден табылмаса,
Шешкен емес бірталай ой сандалар.

Шешуі:

Жұмбақ ойды кеңітер, бермейді бөз,

Таза суы – шешендік, дариясы – сөз.

Әншейін ауызбенен айтылғанда,

Сөзді құлақ естиді, көрмейді көз.

Ыдыс – қаріп, көз көріп тізбелейміз.

Оның айтқан дыбысын естімейміз,

Дария көрген – хат білген жалпы адамдар

Ылай, тұнықты айырған есті дейміз.

 

Міне, бұл мысал жұмбақтардың барлығы ой жүйесін кеңейтіп, ақыл-парасатты арттырады. Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі айтқандай «жұмбақ – ойды кеңітер». Сол үшін де Пайғамбарымыз өзінің насихатында жұмбақ жасыру әдісін қолдануды артық санамаған.

Ендеше бала тәрбиесінде жұмбақ жасыру – аса маңызды сүннет әрі тиімді әдіс.

Олай болса, сіздерге де бір жұмбақ: «Қай мақұлықта үн жоқ, қай сүреде мим жоқ?».

Жауабын тауып, алғаш боп saltan_88@mail.ru адрестегі поштама жолдаған жанға азғантай бір сыйлығым бар... 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары