Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«ОЛАР ЖӘННАТТЫҢ ИІСІН ДЕ СЕЗБЕЙДІ...»  
15 тамыз, 2016 жыл 371 Басып шығару нұсқасы

Кісі өлтіру - барлық дінде үлкен күнә. Осыған қарамастан қазіргі таңда жаңалықтардан естіп көретініміз «өз-өзін жарып жіберді», «өлтірлді» деген суыт хабар. Бүгін қарулы белгісіз топтар келіп бейбіт елді қырып салды деген жағымсыз хабарды естігенде, адамдар тас жүрек болғаны ма?!, - деп жағаңды ұстайсың. 

Жарайды, өзге ұлт, өзге дін өкілі істеп жатса, иманның ләззатын сезбеді ғой, Алланың асқан мейірімділігінен бейхабар дейсің ғой, бірақ өзіңнің қандас, діндес аға-бауырың осындайға барып жатқанда аузыңа құм құйылмай қайтсін...

Қазір енді намаз оқып, ата-баба дінін ұстанған жастарға үрке қарайтын болды орта буын өкілдері. Қайтсін... Өсіріп, жетілдірген баласы біреудің қанын судай ағызып, әулетіне қара таңба болғанын қай ата-ана қаласын... Әлбетте, ислам ешқашан мұны құптамайды. Ислам – бейбітшілік діні. Ислам атын жамылған баскесерлердің әрекетіне не істерсің?!

Қолына қару асынып, ойланбастан мұсылман бауырларына, бейбіт тұрғындарға қарай оқ жаудырып, артынан өзі атылып кете баратындарға немесе басқалардың айтуымен сол жолды әке-шешесінен, Отанынан артық көріп, бет бұрғысы келіп жүргендерге бәлкім Құран аяттары мен адам тұрсын жан екеш жәндікті ренжітпеген ардақты пайғамбарымыздың сөздері райынан қайтарар, сабақ болар...

 Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Тәңірі оған ауыр азап дайындайды»1 , – деп кісі өлтірумен жәннатқа емес тозаққа жол салатынын айтты. Ал Алла Елшісіне ﷺ келсек, ол былай деді: «Ақырет Күні адамдар арасындағы қаралатын істердің алғашқысы – бұл қантөгіс!» 2 . Басқа бір хадисте: «Кісі өлтіру Алла Тағала үшін барлық дүниенің жоғалып кетуінен де ауыр» 3 десе, келесі хадисте айтылғандай: «Жазықсыз адамды өлтірген (дәлел-дәйексіз), Жәннаттың иісін де сезбейді» 4 , – екен.

Осыдан-ақ себепсіз жазықсыз адамның өміріне балта шабудың орынсыз екенін, оның азабы қандай болатынын білуге болады. Әлемдердің Раббысы бірімізді әлсіз, бірімізді мықты етіп, екінші біреуімізге асқан дәулет берсе, бірімізді пақыр кедей, бірімізді сау, бірімізді ауру етіп жаратты және Алладан басқа ешкімнің алуға құқысы жоқ өмір сыйлады. Жаратушының әміріне қарсы келіп, Алланың қаһарына ұшыраудан сақтасын...

 

 

1.     «Ниса сүресі», 93-аят.

2.     Әл-Бухари 6864, Муслим 1678.

3.     Ан-Насаи.

4.     Әл-Бухари және имам Ахмад, Ибн Омар риуаят етеді)

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары