Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҚАЙЫРЛЫ 10 КҮНІ БАР ҚАСИЕТТІ АЙ
23 тамыз, 2016 жыл 3365 Басып шығару нұсқасы

Мұсылмандар үшін жыл ішінде атаулы айлар мен күндер бар. Рамазан, Шәууәл, Зулхижжа айлары секілді Алла Тағала жыл ішінен үш он күнді ерекше етіп қойған.

Ол он күндіктер әртүрлі айдың ішінен үш рет кездеседі:

Алғашқысы, рамазан айындағы соңғы он күн. Бұл онкүндікте қасиетті Қадір түні бар.

Қайырлы саналған келесі он күндік Зулхижжа айының ішінде. Бұл айда қажылық сапары,  арафа күні, құрбан айт мерекелері бар.

Ал, үшіншісі Ашура күні кірген Мухаррам айындағы он күндік. 

Зулхижжа айының кіруіне байланысты, осы айдағы он күннің қасиеті турасында жазғанды жөн көрдік. Қасиетті саналатын Зулхижжи айы қыркүйектің 3-і күні басталады. Алла Елшісі (ﷺ) бұл айдың алғашқы он күні жайлы былай деген: «Алла алдында зулхижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ» (Бухари). Тағы бір хадисте былай келеді: «Алла үшін зулхижжаның он күнінен ұлығырақ күндер және (сол күндерде істелген) амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ. Ендеше, осы күндерде «Субханаллаһ» (Алла пәк), «Әлхамдулилләһ» (Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән), «Лә иләһа илләлләһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ), «Аллаһу акбар» (Алла ұлы) сөздерін айтуды көбейтіңдер!».

Бұл хадиске сүйеніп ғалымдар, аталған 10 күнде істелген ізгі амалдардың сауабын көбейтетін ардақты күндер екендігін айтқан. Хунайд ибн Халидтің әйелі Пайғамбарымыздың (ﷺ) жұбайларының бірінің айтқан сөзін келтірген: «Алланың Елшісі (ﷺ) Ашура күні, Зул-хижжа айында тоғыз күн, әр айда үш күн және де дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын» (Абу Дауд, ән-Насаи, Ахмад, әл-Байхаки).

Осы ретте ораза ұстағысы келген кісі  Зулхижжа айының алғашқы 9 күнінде нәпіл ораза ұстау сауапты. Кейбір кісілер білмейтіндіктен Арафа күні ауыз бекітуге болмайды дейді. Ол ойдың қателігін мына хадис растайды:  Абу Катада пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізген: «Алла Тағала Арафа күні ұстаған оразаға өткен және келер жылдың күнәларын кешірілуіне сауап жазады» (Муслим). Ал 10-күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені бұл күн Құрбан айт күні. Құрбан айттың бірінші күні және одан кейінгі үш күн, яғни тәшриқ күндері ораза ұстаудан шариғат тыяды (Зүлхижжә айының 10, 11, 12 және 13 күндері. Тухфәтул Әхуәзи). Әбу Дәуідтің хадистер жинағындағы бір риуаятта, Әзірет Омар (р.а.) айт намазын құтпадан бұрын бастап, одан кейін былай деген екен: «Шынында Алла елшісі мына екі күні ораза ұстаудан тыйды: (Құрбан шалатын күн және Ораза айтының бірінші күні). Өйткені Құрбан айт күні құрбанға шалған малдарыңның етін жейсіңдер. Ал, Ораза айт күні (бірінші күні) – ауыз ашасыңдар».

Қасиетті Құрбан айт мерекесі осы он күндіктің ең соңғы күндерінде тойланады. Яғни, Арафат күнінде Құрбан айтқа қараған түні ауыз бекітіп, нәпіл намаздың санын арттырып, Аллаға шын ықыласпен құрбандық шалу сауабы мол ізгі амал болмақ. «Фәжр» сүресінде Алла Тағала: «Он түнімен ант етемін» деген. Осыдан, он күннің түндеріндегі құлшылықтың маңызды екенін ұғуға болады. Арафат күні мұсылмандар үшін ерекше күн. Бұл күні: «Бүгін сендерге діндеріңді толық қылдым және нығметімді аяқтадым. Сондай-ақ, сендерге ислам дінін қош көрдім» деген «Маида» сүресінің 3-аяты түскен. Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағала Арафат күні азат қылғанындай пенделерін тозақтан көбірек азат қылатын күн жоқ. (Ол күн) Алла Тағала жақындайды, сосын періштелерге (көрдіңдер ме) пенделерім не істеп жатыр деп мақтанады», - деген (Муслим).  Олай болса, осы күні құлшылығымызды арттыратын ізгі амалдарды көбейткен абзал: Аллаға мадақтар айтылып,  Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтылғай. Нәпіл намаз оқылып, ораза ұстап, садақа берген жөн болмақ. Құран оқып, жүзімізді нұрландырайық. Арафат күні ауыз бекіткен жанның осы күнге дейінгі бір жылдық және осы күннен кейінгі бір жылдық күнәлары кешіріледі екен. Абу Катада Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізген: «Алла Тағала Арафат күні ұстаған оразаға өткен және келер жылдың күнәларын кешірілуіне сауап жазады» (Муслим). Имам Бухари жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Дұғалардың ең жақсысы – Арафат күнінің дұғасы...» деген.

Ең қайырлы амалдардың бірі – садақа. Рамазан айында садақа беріп өткізгеніміздей, Зулхижжаның онкүнінде де садақаның санын арттыру абзал. «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (Табарани). «Жасырын не ашық түрде көп садақа беріңдер, ризықтарың көбейеді, көмекке ашық болыңдар, дұғаларың қабыл болады» деп жеткізеді Ибн Мажә. Олай болса, игі амал етуге асығайық!

Осындай игі қасиеттерге толы Зулхижжа айын құрметпен қарсы алып, сауабы мол амалдар жасау барша мұсылманға нәсіп еткей!

 

Нұров Махмут қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары