Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«МӘЛӘЙӘНИ» ІС ПЕН СӨЗДЕН САҚТАНАЙЫҚ...
08 тамыз, 2019 жыл 385 Басып шығару нұсқасы

Дініміз Исламда «мәләйәни» деген бір ұғым бар. Қазақшаға аударғанда «бұл дүниеге де, ақыретке де, өзіне де, қоршаған ортасына да пайдасы жоқ бекер істер мен бос сөздер» деген мағынаға саяды. Яғни, СӨЗ бен ІСТЕГІ қажетсіздіктер. Дініміз осы бір «мәләйәниден» бас тартуды бұйырады. Пайғамбарымыз : «Мәләйәниді, яғни пайдасыз сөз бен қажетсіз істі тәрк ету – кісінің жақсы мұсылман болуынан» дейді. Демек, мәләйәни – мұсылманның сапасын, жақсы-жаман екендігін айқындайтын бір көрсеткіш. Мұсылман қаншалықты сапалы, жақсы болса, ол соншалықты бос, бекер, пайдасыз, қажетсіз СӨЗ бен ІСТЕН аулақ болады деген сөз.

Алла Тағаланың құлға деген сүйіспеншілігі де осы мәләйәниден белгілі болмақ. Имам Раббанидің «Мәктубаттарында» келетін хадис-шәрифте «Алла Тағаланың құлын сүймеуінің белгісі – оның мәләйәнимен, бос нәрселермен шұғылдануы» делінген.

Мәләйәниді тәрк етумен құлдың мәртебесі асқақтап, дәрежесі көтеріледі. Лұқман Хакім де өзінің биік мәртебеге жетуінің сырын осы мәләйәниді тәрк етумен де байланыстырады. «Мені бұл мәртебеге дұрыс сөз сөйлеуім, аманатқа қиянат қылмауым және мәләйәниді тәрк етуім жеткізді», – дейді.

Жоғарыда атап өткеніміздей мәләйәни СӨЗДЕ және ІСТЕ болады.

СӨЗДЕГІ МӘЛӘЙӘНИ

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз : «Аллаға және ақырет күніне иман еткен адам жақсылықты айтсын я болмаса үндемесін», – дейді. Бұл екеуінің сыртындағы басқа сөздер бос, бекер сөздер болып табылады. Жабир бин Сумра былай дейді: «Алла Елшісі аз сөйлейтін. Қажет болған жағдайда немесе өзінен бір нәрсе сұралғанда ғана сөйлейтін». Осы хадистерден мұсылманға қажетсіз, бекер, бос, пайдасыз сөздерден аулақ болуы қажеттігін және үнсіздікті жанына жолдас ету керектігін түсінеміз.

Бір күні Пайғамбарымыз : «Қазір жәннаттық біреу кіреді», – дейді. Сол кезде Абдуллаһ бин Сәлам (р.а.) есіктен ішке кіреді. Сахабаға Пайғамбарымыздың сөзін жеткізіп: «Уа Абдуллаһ! Сені бұл мәртебеге жеткізген амалың не еді?», – деп сұрайды отырғандар. Сонда Абдуллаһ: «Менің соншалық амалым көп емес. Тек мен маған қажеті жоқ сөздің айналасында жүрмеймін және адамдар жайында жаман ойда болмаймын», – деп жауап береді. Демек, мәләйәни сөзден бас тартқан адам жәннаттықтардың қатарынан орын алатынын білдік. Мұны Пайғамбарымыз да айтпаушы ма еді: «Кімде-кім екі бұты мен екі жағының арасындағыға ие болса, соған Жәннатты кепілдік етемін», – деп.

Пайдасыз, бекер сөзге қатысты қазақтың да мақал-мәтелі мен ұлағатты сөздері бір басқа жетіп артылады. Сүйреңдеген тілде тиек, ауызда жиек жоғын, басқа пәленің сүйексіз, буынсыз тілден келетінін, көнектей басқа шүмектей тілдің жау екенін жеткізіп, үндемеген үйдей пәледен құтылатынын кеңес етіп, тілді ноқталағанның басы сақталатынын ескерткен.

Ендеше не істеуіміз керек?

– Көп сөйлеуден тыйыламыз. Көп сөйлеген көп қателікке ұрынады, көп қателікке ұрынған көп күнәға батады. Күнәсі көп болған Жәһәннамға лайық болады.

– Өзімізге қажет емес және қатысы жоқ сөздерден бас тартамыз. Бұл біздің жақсы мұсылман болуымызға себеп болмақ.

– Үнсіз жүруді әдетке айналдырамыз. Оның орнына ойға шомуды, тәфәккүр етуді көбейтеміз. Сонда үйдей пәледен құтыламыз. Оның орнына сауап аламыз.

– Сөйлеу қажет болатын болса, әр сөзімізді ойланып, ой таразысынан өткізіп барып қана сөйлейміз. Себебі, әр сөзімізді тіркеп отырушы екі жағымызда екі хатшы Кираман және Кәтибин періштелері бар. Ауыздан нендей сөз шықса да қалт жібермей бақылап жазып тұрады (Қаф сүресі, 18-аят). Оларды бос сөйлеп, пайдасыз дүниелер жазумен шұғылдандырмаймыз. Періштелерге пайдасыз, артық жұмыс тауып бергеннен бізге сауап жоқ.

– Әлеуметтік желілердегі де бос әңгімелерді, пайдасыз сөйлесулерді тізгіндейміз. Тілден шығатын сөздер ғана емес, жазылған сөздердің де жауапқа тартылатынын ұмытпауымыз керек.

ІСТЕГІ МӘЛӘЙӘНИ

Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз : «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін білмей алданады: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт», – дейді. Осы екі нығмет ішіндегі бос уақытты адам баласы көбіне дұрыс пайдаланбай, мәләйәни, яғни пайдасыз, бос, қажеті жоқ істермен айналысу арқылы, өмірі мен ақыретінің қадір-қасиетін қашырып алады.

Сахабалардың бұл бос уақытқа қаншалықты маңыз бергенін мына бір оқиғадан көруге болады. Баршамызға үлгі боларлық оқиға.

Пайғамбарымызды үлгі тұтқан, сүннетіне барынша берік болған Абдуллаһ бин Муғаффал әл-Музәни есімді сахаба бір күні жиенінің жерден тас алып, айналасына лақтырып отырғанын көреді де оған еш пайдасы болмаған мақсатсыз бұл ісінің Пайғамбарымыздың тарапынан қош көрілмегенін, тіпті тыйым салғанын ескертіп: «Бұлай тас лақтырма. Өйткені, Пайғамбарымыз тас лақтыруды ұнатпайтын әрі тыйым да салған еді. Себебі, бұнымен аң да ұсталмайды, дұшпан да тұтқындалмайды. Бұл тасың тек тіс сындырады не көз шығарады!», дейді. Осылайша тас лақтырудан біреуге зиян тимесе, пайдасы жоғын ескерткен ол біраз уақыттан кейін жиенін тағы да тас лақтырып отырған күйде көреді де: «Мен саған Пайғамбарымыздың бұлай тас лақтыруды тыйғанын айтпап па едім? Ал сен болсаң әлі тас лақтырып отырсың. Бұдан былай сенімен сөйлеспеймін!», – деп қатты ашуланады. Абдулла бин Муғаффалдың Пайғамбарымыздың сөзіне құлақ аспаған жиеніне ашуланғаны сонша, бір риуаятта ауырса, көңілін сұрап зиярат та етпейтінін, өлсе, жаназасына да қатыспайтынын әрі онымен еш уақытта сөйлеспейтінін айтқаны жеткізіледі (Ибн Мәжә, Бухари, Муслим, Дарими).

Міне, бос іспен айналысушылармен сахабалардың арасы қандай екенін осы оқиғадан-ақ байқауға болар. Сондықтан да, бұл мәселеге аса көңіл бөлінуі қажет. Әсіресе, қазіргі технологиялардың дамыған заманында, интернеттің етек жайған дәуірінде, әлеуметтік желілердің халық арасында кең тараған кезеңінде бұл мәселенің өзектілігі тіптен артып тұр. Алтын уақыттарымыздың интернет пен әлеуметтік желілерде зая кетіп жатқаны көбіміздің санамызға кіріп де шықпайды. Уақытты жүйелеуден қалдық, тайм-менеджменттен жұрдаймыз. Тек алданып келеміз. Пайғамбарымыздың айқаны айдай анық.

Уақыттың қадіріне қатысты қазақ та жеткілікті түрде сөз сарп еткен. «Уақыт – қадірін білгенге қазына, білмегенге быламық», «уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені», «уақыт – көшкен керуен».

Ендеше не істеуіміз керек?

– Өз-өзімізді есепке тартамыз. Алла Тағала: «Ей, иман еткендер! Алланың азабына қалудан сақтаныңдар! Әркім ертең ақыреті үшін не жөнелткеніне қарасын. Алланың азабынан қорқыңдар! Өйткені, Алла әр нәрседен хабардар», – дейді (Хашр сүресі, 18-аят). Бұл аятты әрдайын естімізге сақтаймыз. Хазіреті Омар да: «Есепке тартылмадан бұрын өзіңді есепке тарт!», – дейді.

– Өмірімізге, ақыретімізге пайдасыз, қажетсіз істерден арыламыз. Оның орнын пайдалы істермен толтырамыз. Мәселен, әлеуметтік желілерге зая кететін уақытымызды пайдалы кітап оқуға жұмсаймыз. Құр бос қыдырыстарды мешітке барып ілім алумен алмастырамыз. 8-9 сағаттық ұйқыны 5-6 сағатқа түсіріп, оның орнын қоғамдық пайдалы жұмыстармен толықтырамыз.

– Күн тәртібімізді жүйелеп, кесте құрып, бос орындарын пайдалы дүниелермен толтырамыз. Мәселен, автобуста кетіп бара жатқандағы, аялдамада тұрғандағы уақыттарды, мектеп не университет сабақтарының арасындағы үзілістерді Құран мен хадис не пайдалы кітап оқу, зікір, салауат айту, тіл үйреніп жүрген болсақ, сөздік жаттау секілді пайдалы дүниелермен өткізуге дағдыланамыз.

– Бір істі бітіре салысымен басқа бір пайдалы, қайырлы іске не ғибадатқа кірісеміз. Алла Тағала Пайғамбарымызға да осыны бұйырған. «Бір іс не ғибадаттан қолың босай қалғанда дереу басқа іс не ғибадатқа құлшын», – дейді Алла Тағала (Инширах сүресі, 7-аят).

– Кешкісін күні бойғы іс-әрекетімізге шолу жасап, ертеңгі күннің жоспарын әзірлейміз.

Қорыта келгенде, әрбір сәтімізді аңдыған Ібіліс уақытымызды барынша бос істерге ысырап болуын қалайды. Ғалым Имам Ғазалидің айтқаны секілді «адамзат бұл дүниеге рухани сауда жасауға келген». Ал бұл саудадағы негізгі капиталымыз ол – уақыт. Бұл уақытымызға неғұрлым көп сауап сатып алсақ, ақыретімізге қоржынымыз толып бармақ. Ал Ібіліс болса, бұл саудада мұсылманның банкротқа ұшырауын тілеп, ақыретте қу тақырға отырғызып кету үшін барын салады. Ендеше қырағы болайық, әр уақытымызды құнды деп біліп, барынша пайдалыға жұмсайық.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары