Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖҰМА НАМАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТІ
29 қыркүйек, 2016 жыл 1024 Басып шығару нұсқасы

Жұма намазы – жамағат намазы. Соңғы уақытта елдің еңсесі көтеріліп, діни сауаты кеңейіп, мешітке келушілер қатары артып отыр. Аллаға шүкір, жастардың дені білімді, сауатты. Әр жұма сайын мешітке келіп, имамның уағызын тыңдап, өнеге алып жатқан жастарды көріп қуанасың. Жұма намазының қасиеті туралы көптеген хадистер бар. Жұма күнінің қасиеті жайлы, жұма намазын мешітке келіп оқығанда берілетін мол сауаптар жайлы жазуды жөн санадық.

Құран кәрімде: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар» (Жұма сүресі, 9-аят). Сүннет дәлеліне келсек: Пайғамбарымыз (оған алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жұма азанын естіген жандарға - Жұма намазы парыз (Әбу Дауд). Жұма намазының кімге парыз екені жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа және ақырет күніне сенгендерге - Жұма намазы парыз. Бірақ жолаушы, құл, бала, әйел және науқастар бұдан тыс» (Әбу Дауд).

Абу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма намазы туралы былай деген: «Кімде-кім дұрыстап дәрет алып, жұма намазына келіп, (имамның айтқан құтпасын) үндемей отырып тыңдайтын болса, оның екі жұма арасындағы және сонан кейінгі үш күндік кішігірім күнәлары кешіріледі. Ал, кімде-кім осы уақытта мешіттегі тастарды теріп, ермек қылса, онда ол уақытын бос өткізгені» (Муслим). Алладан рақым тілеп, күнәларының кешірілуін қалайтын жан әрине жұма намазына барғаны абзал. Тағы бір хадисте Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жамағат намазы біреуіңнің жалғыз оқыған намазынан жиырма жеті есе артық және таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады»,-деген. (Бухари, Муслим). Үйде оқылған намазбен бір сауаб алынса (Алла қаласа оның сауабы мол болуы мүмкін), мешітте оқылған жұма, таң немесе құптанға жиналатын жамағат намазының сауабы бірнеше еселенеді екен.

Жұма намазы оқыларда қатарлар қалай тұру жөнінде Анас сахабаның (оған Алла разы болсын) жеткізуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қатарларыңды түзеңдер, иықтарыңды бір-біріне тірестіріп тұрыңдар, бос орынды толтырыңдар, мұсылман бауырларыңның иықтарына қолдарыңды жұмсақ етіп тигізіп, шайтанға бос жер қалдырмаңдар! Қатарларды толықтырғанды Алла разы етеді, ал қатарды бұзғанға Алланың рақымы жаумайды», - деген. (Абу Дауд). Анастан (оған Алла разы болсын) жеткен тағы бір риуаятта Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қатарларыңды қабыстырыңдар, бір-біріне жақындатып, мойындарыңды бір сызық бойында ұстаңдар. Мені Жаратқанмен ант етемін, қатарлардағы қуыстан шайтанның кішкене қой секілді өтіп жатқанын көремін!»,-деп айтқаны жеткен. (Абу Дауд, ан-Науауи). Имам Бухаридің хадистері бойынша Анас (оған алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын келтіреді: «Қатарларыңды тегістеңдер! Расында, мен сендерді өз арқамнан көремін»,-деді. Сонда Анастың (оған Алла разы болсын): «Біз (сахабалар) иықтарымыз бен табандарымызды тірестіре реттеліп тұрдық», деп айтқаны жеткен. (Бухари). Нұғман ибн Баширдің (оларға Алла разы болсын) жеткізуі бойынша жамағатпен болған бір намазда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басын адамдарға бұрып: «Қатарларыңды түзеңдер!»,-деді де сөзін жалғастырып: «Алламен ант етемін, сендер қатарларыңды қажетінше түзетесіңдер немесе Алла сендердің жүректеріңе қайшылық орнатады!»,-деді. Сосын Нұғман: «Мен адамдардың жанында тұрғандармен иықтарын иықтарына, тізелерін тізелеріне, тобықтарын тобықтарына тірестіре тұрғанын көрдім»,-дейді. (Ахмад, Абу Дауд). Біз осы хадистерден жамағат намазында тұрған адамдардың бір қатарда реттеліп тұруы қажеттігін ұғамыз. Мешіттердегі қатарлар сән үшін емес, ол сүннетті орындап, Алланың разылығын алу. Ал, жұма күні Алла разылығы үшін ерте тұрып, ғұсыл алып, мешітке ерте барған адамның жүрегі жай табары хақ. Әбу Сайыд (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кәмелетке толған әрбір мұсылманға жұма күні ғұсыл құйыну уәжіп»-деген. (Бухари, Муслим). Дәрет алу жайында тағы бір хадис Сәмурадан (оған Алла разы болсын) риуаят етіледі: Алла елшісі (оған Алланің игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жұма күні дәрет алса қандай жақсы! Ал, кім ғұсыл құйынса, әрине ғұсыл құйынған оданда абзал!»,-деп айтқан. (Абу Дауд, ат-Тирмизи). Сүннет амалдармен жүретін барша мұсылманға Салман (оған Алла разы болсын) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер қандай да бір адам жұма күні ғұсыл құйынып, қолдан келгенше тазалығын жасап, шашын майлап әрі жақсылап таранып немесе үйінде бар болса хош иісті әтірден сеуіп, мешітке келгенде қатар отырған екі адамның арасын ашпастан, Алланың оған нәсіп еткен намазын оқып, сондай-ақ имам құтпа оқығанда үндемей отырып ұйып тыңдаса, оның сол жұма мен келесі жұма аралығында жасайтын (жеңіл-желпі) күнәлары міндетті түрде кешіріледі»,-деп айтты» - деген. (Бухари).

Сахабалардың бірі – Каъб (оған Алла разы болсын) жұма жайында былай деген: «Алла Тағала қалалардан – Мекке қаласын, айлардан – Рамазан айын, күндерден – Жұма күнін, түндерден – Қадір түнін ұлық етті. Жұма күні аспандағы құстар да бір-біріне жолыққан уақытта: «Жақсы күннің жақсылығы болсын», - деп сәлемдеседі». Ислам дінінің ғұламалары: «Алла Тағала пенделеріне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбі күннің кешінде, жұманың күндізінде сұраған пендесіне тиеді. Жұма күнінің қасиетін бейсенбі күннен бастап күткен адамның несібесі мол болады екен»,-дейді. Жұма күні туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұманың бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адамды (ғ.с.) жаратты; Осы күні Адам (ғ.с.) жерге түсті; Осы күні Адам (ғ.с.) қайтыс болды; Жұма күні бір сағат бар, ол сағатта пенде Алла Тағаладан харамнан басқа не тілесе, соны береді; Қиямет жұма күні болады. Сондықтан, періштелер, аспан, жер, жел, тау, теңіздер барлығы да Жұма күнінен қорқады» (Әбу Лубаба, Ахмад, Ибн Мажәһ). Осындай қасиетке ие жұма күні келгенде діннен хабары жоқ немесе білсе де немқұрайлылық танытып жататындар мешіт жанына өте кетеді. Сол жандарды көріп, қолынан сүйреп кіргізгің де келетіні бар. Олар, бұл күннің қадірін білмейді екен делік. Ал, жұманың қасиетті екенін естіп, біліп журе жұма намазына қатыспай, осы күнгі сүннен амалдарды орындамай жүргендер қаншама. Мол сауаптан кенде қалып жүрген қандастарымызға жұма күні істелетін сауабы мол сүннет амалдар жайлы хадистерді көрсеткенді жөн санадық. Әус ибн Әус (оған Алла разы болсын): «Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, күндердің ең абзалы – жұма. Сол күні маған көптеп салауат айтыңдар, өйткені сендердің салауаттарың міндетті түрде маған жеткізіледі»,-деген (Әбу Дауд). Ибн Масғудтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жұма күні тырнақтарын алса, Алла Тағала одан кеселін алып, шипасын береді» - деген. Сондай-ақ, жұма күні «Кәхф» сүресін оқудың да сауабы орасан. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұмаға қараған түні немесе жұма күні кімде-кім «Кәхф» сүресін толықтай оқып шықса, оған Алла сол тұрған жерінен Меккеге дейінгі аралыққа сәулесі шашырап тұратын нұрдан тәж кигізеді. Оның келесі жұмаға дейінгі күнәлары кешіріледі. Жетпіс мың періште таң атқанша сол адам үшін дұға етеді»,-деген (Муслим, Тирмизи).

 Хазіреті Осман және Әли (Алла олардан разы болсын): «Мешітке келген адам төрт түрлі жағдаймен қайтады:


1.Мешітке келіп, тыныш отырып, имамға құлақ салса, оған екі сауап жазылады.

2.Имамға құлақ салмай, тыныш отырса, оған бір сауап жазылады.

3.Имамның дауысы естіліп тұрғандар оған құлақ салмай сөйлесе, оған екі күнә жазылады.

4.Имамның дауысы естілмей тұрғанда сөйлесе, ол үшін бір күнә алады»,-деген. Алланың қалауымен, осында жазылған хадистер, аяттар көптің көңіліне қонар деген үміттеміз. Алла Тағала және оның Елшісі Мұхаммед (ﷺ) жақсы көрген жұма күнінің қасиеттерінен үміт етіп соған лайық амал жасайық құрметті мұсылман бауырлар.


 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары