Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АДАЛДЫҚПЕН ТАБЫЛҒАН АҚША
20 қазан, 2016 жыл 462 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

  Ұлы Жаратушы  Алла Құранда күллі адамзат баласына қарата: «Әй, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені, ол сендерге ашық дұшпан»деп ескерту жасаған /Бақара, 168/. Ал ардақты Алла Елшісі (ﷺ) құнды хадистерінде мүміндерді  харамдардан сақтану керектігін насихат етіп: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады»,–деп болашақта дәл қазіргідей алмағайып дәуірдің келетіндігін біліп, алаңдаған (Бұхари, Бую, 7). Суфиан Сәури былай дейді: «Харам ақшамен садақа берген, мешіт салдырған, жақсылық істеген адам, кірлеген киімді зәрмен жуған адамға ұқсайды. Киімі одан сайын кірлейді».

   Бірде Ібіліс өзінің көмекшілерін жинап алып: «Адам баласы дүниені жақсы көре ме?»-деп сұрайды. Олар «Иә»,- деп жауап қатты. Ібіліс сонда: «Егер дүниені жақсы көрсе, олардың пұтқа табынбауы аса маңызды емес. Онда оларды күндіз-түні осы осал тұсынан азғыру керек. Әсіресе мына үш нәрсеге итермелеген жөн: 1. Харам жолмен ақша табуға; 2. Тапқан ақшасын харам істерге шашуға; 3. Қажетті әрі сауапты орындарға жұмсатпауға. Өйткені, барлық жамандықтың негізі осы үшеуінде жатыр», – деді.

Тіршілік  айдынында әрбір істің өзіндік хикметі бар. Сол айдында әрбір әрекет өзінің негізіне, шыққан тегіне қарай бағыт алып, өзінің қалыбымен ағып, өзінің ағыс-қайығымен жүзіп өтеді. Ақиқатында, халал ақша халал жолдағы әрекеттерге  жұмсаласа, ал харам жолмен табылған ақша тек харам жолдарға кететіні өмір шындығынан-ақ байқалып жатады. Яғни, ақшаның жұмсалған жерінен, оның келген жері белгілі болады.

Бірде бір шәкірт өзінің ұстазына келіп: "Ұстазым, менің қандай да бір жақсылық жасағым келеді, біраз ақшам бар еді, соны кімге берсем болады?" деп сұрайды. Ұстазы болса: "Сен алдымен көшеге шық, алдыңнан алғаш көрінген кедей адамға бер"-деп насихат айтады. Шәкірті ақшасын алып, көшеде алдынан кездескен өте кедей, зағип адамға ақшаларын ұсынады. Ертеңгі күні сол тұстан өтіп бара жатып, әлгі соқыр адамның досына бір нәрселерді  айтып  жатқанын көріп, жанына барады. Садақа алушының  "Кеше дәл осы уақытта маған  бір адам келіп, бір уыс ақша берді. Алған күйде сыраханаға барып, кешке шейін арақ іштім",-дегенін естиді. Ести салысымен  берген садақам шарапқа текке жұмсалыпты деп ренжіп, ұстазына барып, болған жайдың мәнісін баяндайды.

— Ұстаз, мен өзіңіз айтқаныңыздай, көшеге шығып, көзі көр, кедей адамға ақшаларымды бердім. Ертеңіне сол жерден өтіп бара жатып, әлгі кедейдің алған ақшаларын сыраханаға шашқанын естідім,- деп қынжылады. Ұстазы:

— Бұл істе бір хикмет бар. Ендеше, мынаны ал, бұл менің ақшам, дәл сол жерге барып, алдыңнан шыққан бір кедейге бер!

Шәкірт дәл сол көшеге барып, келесі бір кедей адамға  Алла разылығы үшін деп ақшасын береді де, сол кедейдің ізіне түсіп, артынан аңдиды. Әлгі адам, жолшыбай қойнынан қырғауылдың өлексесін шығарып қоқысқа тастайды да, үйіне кіріп кетеді. Бұл да артынан кіріп:

— Сізге бір сауалым бер еді,-дейді.

— Сен осыдан біраз уақыт бұрын маған ақша берген кісі емессің бе?!

— Иә, ол-менмін. Қоқысқа тастағаның қандай қырғауыл, кейін неге үйге келдің, ақшаны қайда жұмсадың?

— Ақша мұнда. Қырғауылға келсек, біз үш-төрт күннен бері нәр татпадық, ашпыз. Содан бері әйелім екеуміз сабыр етудеміз. Бірақ балалардың шырылдаған дауысына шыдай алмадық. Ал мен қанша кедей болсам да, қол жайып сұраған тіленшілікті жақсы көрмеймін. Сол себепті даладан өлі бір қырғауылдың етін тауып алдым. Мүшкіл жағдайыма байланысты, ең болмағанда балаларым жесін деп, алып келіп, оны оларға пісіріп бермекші болдым. Алайда сен ақшаны бергенен кейін, Алла Тағалам халал ақша жіберді деп өлексені қоқысқа тастадым. Бірінші отбасымды қуантайын, әрі үйге қажетті нәрселерді біліп, алдыменен соларды алайын деген мақсатпен үйге келдім.

Шәкірт бұл жайды анықтағаннан соң дереу ұстазына барады. Ұстазы: "Ақша қай жерге жұмсалды?"- деп сұрағанда, болған оқиғаны баяндап береді. Сол сәтте  орын алған оқиғаға байланысты ұстазы: "Хазіреті Имам Ағзамның бір сөзі бар. Ақшаның жұмсалған жерінен, оның келген жері белгілі болады. Менің халал ақшамның қай жерге жұмсалғанын көрдің. Сенің табысың бұзық еді, бұзық жерге кетті. Кінәрат кімде?"-деп болған істің хикметін түсіндіреді.

     Ендеше, тірліктегі әрбір мүміннің Алла Тағаланың  «Әй, мұсылмандар, сіздерге ризық  ретінде бергендеріміздің адал және таза болғандарынан жеңіздер!» деген асыл бұйрығына сай үйлесімді ғұмыр кешуі абзал болмақ /Бақара сүресі,172-аят/. Сондай-ақ әулие Ибраһим Әдһамның: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ»,-деп ішкен-жегеніне, кигеніне аса мән бергеніне қарап, рухани тазалық мәселесіне қатысты саналы ой түюге болады.

Меруерт  Бақдәулетқызы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары