Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«МЫҢ ХАРАМНАН, ОТЫЗ ХАЛАЛ ҚАЙЫРЛЫ...»
08 маусым, 2021 жыл 463 Басып шығару нұсқасы

Бір күні Қағбаны тауап етуге келген бір адам Қағбаның есігінің алдында тұрып:

«Уа, тураларға жәрдем еткен, харамдардан қашқандарды қорғаған Аллаһым!» – деп, осыдан басқа ештеңе айтпай, тек осы бір ғана дұғаны оқи беріпті. Мұны естіген жанындағы: «Сен бұдан басқа дұға білмеуші ме едің?» – деп сұрайды. Сол кезде әлгі бұл дұғаны қайта-қайта оқуының себебін былай деп әңгімелеп береді:

«Бір күні Қағбаны тауап етіп жүргенімде аяғым бір нәрсеге шалынды. Еңкейіп барып алсам, ішінде мың алтыны бар бір дорба екен. Сол сәтте шайтаным иманыммен арпалысқа түсті. «Мың алтын деген өте көп ақша, сенің барлық қажеттіліктеріңді өтейді», – деді шайтаным. Иманым болса: «Бұл харам. Босқа сақтамай, иесін тап та, өзіне қайтарып бер», – деді. Осылайша шайтан мен иманның арпалысы арасында тұрғанымда:

«Ішінде мың алтыны бар дорба жоғалттым, тауып берген кісіге 30 алтын сыйақы беремін», – деген дауыс естілді. Мұны естіп: «Мың харамнан, отыз халал қайырлы», – деп тапқан алтындарды иесіне қайтарып бердім. Ол да сыйақы ретінде маған отыз алтын берді.

Алтындарды алып, базар аралап жүрсем, бір арабтың құлдыққа сатылып жатқанын көрдім. Ақшамды сатушыға беріп, дереу әлгі құлды сатып алдым.

Арадан көп уақыт өтпей, бір күні әлгі құлдың жанына бірнеше араб келіп, өзара жасырын арабша сөйлесе бастады. Сатып алған құлымнан не жайында сөйлескендерін сұрадым. Әлгі құлым ештеңені бүкпестен, жасырмастан: «Мен Марокко сұлтанының ұлымын. Әкем Хабашистан патшасымен соғысып, жеңіліс тапты. Ал мені тұтқынға алып, осы жерге сатуға әкелді. Бұл адамдарды әкем қолдарында 50 мың алтын беріп, мені сатып әкелулері үшін жіберген. Сен маған жақсы қарадың, өз балаңдай бақтың. Сен бұлардың беретін аз алтынына келіспей, тек 50 мыңға алтынға ғана сат мені», – деді.

Мен де әлгі құл айтқандай оны 50 мың алтынға саттым. Осыншама олжаға кенелген мен бұл алтындарға тауар сатып алып, Бағдатқа тарттым. Бағдаттан дүкен ашып, сол жерде саудамен айналыстым. Бір күні бір танысым келіп: «Мәшһүр бір саудагер досым бар еді, сол қайтыс болды. Артында айдай сұлу қызы жалғыз қалды. Сені сол қызбен үйлендірейік», – деді. Мен де бұл ұсыныстарын қабыл еттім.

Сөйтіп, үйлендік. Қыздың жасауымен алтын толы дорбалар салынған бір табақ та келді. Әр дорбада 1000 алтын деген жазу бар екен. Тек біреуінде ғана 970 алтын деп жазылғанын көрдім. Қыздан мұның себебін сұрадым. Сонда қыз: «Әкем бұл дорбаны Харам мешітінде, Қағбаның айналасында жоғалтыпты. Тауып алған адам бұл ақшаларды өзіне алып қалмай, кері қайтарғаны үшін әкем оған сыйақы ретінде 30 алтын берген. Міне, сол себепті бұл дорбадағы алтындар 1000-ға жетпейді», – деді. Бұны естіген мен Аллаға сансыз мақтауларым мен шүкірлерімді айттым. «Бұл тек туралық пен игіліктің берекеті» деп мен де басымнан кешкен бұл оқиғаларды қызға баяндап бердім. Өміріміз де бақытты да, баянды кешуде», – деді.

Міне, адалдық, туралық адамды ұшпаққа жеткізетініне бұл керемет мысал болса керек.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары