Қалың мал – ер азаматтың үйленер кезде қалдыңдыққа беретін заттай немесе қаржылай сыйлығы. Осы қаражатты қыздың жасауына жұмсауға болады.
Мәһр - жігіттің қалыңдықтың өзіне ғана арнап беретін сыйлығы. Яғни, мәһр – некелесу барысында немесе қалыңдыққа кейін берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Алла Тағала бұл турасында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – деген («Ниса» сүресі, 4-аят). Мәһрді қызбала жеке өзі пайдаланады.
Сый болғандықтан қалың мал мен мәһрдің мөлшері белгіленбеген. Бірақ, қазіргі таңда пендешілікке салынып, қалың мал қандайда бір мөлшерге ие деп жататындар да жоқ емес. Мәһр туралы Құранда айтылып кеткендіктен, оны орындау ер азаматқа міндет. Оның мөлшері жайлы мына аяттан ұғуға болады: «Ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһр берген болсаңдар да, одан еш нәрсе алмаңдар» («Ниса» сүресі, 20-аят). Яғни, мәһрдің мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған.
«Бір күні мұсылмандардың халифасы Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) мінберге шығып: «Мәһр мәселесінде астамшылық қылмаңдар! Пайғамбарымыздың (ﷺ) дәуірінде сахабалар мәһрды 400 дирһамнан асырмайтын», - деді. Омар (р.а.) мінберден түскен сәтте құрайш тайпасының бір әйелі: «Уа, халифа! Сіз мәһрдың 400 дирхамнан аспауын бұйырдыңыз ба?», - деп сұрайды. «Иә», - деген жауап алған әйел: «Сонда сіз Алла Тағаланың: «Мәһрге қинтар (көп, сансыз мал-дүние) берген болсаңдар да...» дегені жайында естімедіңіз бе?», - дейді.
Омар (р.а.) аңырқап қалды да: «Уа, Тәңірім! Мені кешіре көр! Негізінде, адамдардың бәрі – дін мәселесінде Омарға қарағанда білімдар», - деді.
Осыдан кейін Омар (р.а.) қайта мінберге шығып: «Уа, халайық! Мен сендердге мәһрдың мөлшерін шектеген едім. Мені тыңдаңдар! Енді осыдан соң әркім мәһрге өз қалағанын берсін», - деп бұйырды» (Қ.Бағашар).
Мешіттерде неке қию барысында мәһрге нақты шек қойылмағандықтан, көпшілік ортада түсініспеушілік орын алуда. Көбіне қыздардың ата-аналары немесе өздері мөлшерден артық талап қоятыны бар. Мәһр беру мәселесінде ер азаматтың өзі немесе ата-анасы емес, қалыңдық жақ талап қойып жүр. Бұл ретте ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының әлеуметтік деңгейін байқап қана мәһр мәселесін ойланған абзал болмақ. «Үйленіп қызығын көрген әйелдеріңе міндетті мәһрлеріңді беріңдер. Мәһрдің мөлшерін белгілеген соң, өзара келісіп, оның мөлшерін азайтып немесе көбейте түсу сендер үшін күнә емес...», – деген аятта өзара келісіп шешу мәселесі айтылады. Алла Тағаланың: «Еркектер; әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһр, нафақа береді.) Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар...» дегені («Ниса», 34-аят), ердің берген мәһріне риза болып, бой ұсыну қажеттігі және абыройын сақтап, еріне бағынуды бұйырғандығы. Азда болса берекесін тілеп, қанағат етуде үлкен ырыс болары хақ!
Мәһр беру ерлерге әрбір некелесуде міндеттелген. Яғни, бірнеше әйел алатын болса, жұбайы қайтыс болып, басқаға үйленерде және т.с.с. Бұл турасында Алла Тағала: «...(Сендер үшін) махрам болған әйелдердің тысындағы әйелдерге мал-мүліктеріңнен мәһр беріп, зинаға бармай ар тазалығын сақтап үйлену адал етілді», - деген. Махрам әйелдер – ер азаматқа туысқандық қатысы бар әйелдер. Бұл жағдайда да мәһрдің мөлшері, оған разылық таныту, өзара келісімге келу секілді шарты бірдей: «...Бұлардан басқаларды абыройлы болу, бой суытушы болмау шартымен малдарыңды беріп қалауларың (мәһр беріп алуларың) халал қылынды. Сонда олардан осы шартпен пайдалансаңдар, бекітілген мәһрін беріңдер. Мәһр тоқтасылғанан кейін ризалассаңдар, (еркек артық беріп, әйелдің аз алуы немесе тіпті алмауында) сендерге оқасы жоқ» делінген «Ниса» сүресінің 24-аятында.
Алла Тағаланың: «Әй Пайғамбар! Расында саған мәһрлерін берген жұбайларыңды... халал қылдық» («Ахзаб» сүресі, 50-аят), - деп пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) айтқанындай, мәһрін беріп, разылығын алып қиылған неке адал болмақ!
«Бала қажы» мешіті
Пікірлер