Тілдік нұсқа
Радио

мақала

"Түйені түгімен жұтқан" парақордың хикаясы
10 ақпан, 2016 жыл 244 Басып шығару нұсқасы
stabilno-02_13612066771Ораз орда бұзар жасында-ақ жоғарылап, қызметте жолы ашылды. Бала күнінен алғыр, оқу-сабаққа зерек болған ол жоғарғы оқу орнына құжатын тапсырған жылында-ақ түскен болатын. Мектепті бірге бітірген өзге құрдастарының біразы ә дегеннен оқуға түсе алмай ауылда шаруашылық соңында қалды. Бұның бағы жанды. Оқуға өз күшімен түскен ол оқуын ойдағыдай тәмамдап, әскери борышын да өтеп келген-ді. Әкесінің ағасы, Жұмат көкесінің көмегімен ішкі істер органына жұмысқа кірді. Өзі де қабілетсіз емес, қағілез жігіт өзінің білім-білігіне бір сүйеніп, көкесінің көмегіне екі сүйеніп қызметте әріптестерінен оза шықты. Міне осылай оның «дүркіреген дәурені» басталған. Қатардағы қызметкерден қамал алар шағында полковник шеніне жетті. Аяғы ақсап, тұяғы сүрініп көрмеді.   Қызметтен қызметке, жылы орыннан жылы орынға ауысты. Көтерілді. Бірнеше ауданда ішкі істер бөлімдерінің басшылығына тағайындалды. Ат үстінен түспей, қызметте жүрген кезінде құрығы ұзын-ды. Қызметтік лауазымы өз басының қамын жасауға да көп жол ашты, септігін тигізді. Қатардағы жұрттың айлап, жылдап шеше алмай жүретін шаруасын бұл қызметінің арқасында оңай тындырып алатын. Әрине, елге сіңірген «қолының еңбегі» үшін алған сый-сыяпаты да, басшылық қызметтегі артықшылықпен алатын пайдалары да асты, дәулеті артты. Өзге елдің әлдебір ісін шешіп бергені үшін ақы алып үйренген қол, жұтып үйренген көмей, «осылар жарытып түк бермейді-ау» деген ой өз туысқандарынан, ағайынынан алыстатты. Оның үстіне ағайын-туғанның «ана бір баламды жұмысқа тұрғызуға көмектессең», «мына жұмысқа ауыстырып берсең» деген сынды өтініштері көбейген сайын, олармен өлік-тірлікте ғана жолығатын жағдайға жетті.

Әрине, өмірде беті қайтпаған, жолы жабылмаған жанның, бір кездегі қағілез жігіттің көкірек көзін менмендік, тәкаппарлық кеулей жапса, «пара, пайда» деген қызыл түлкі құнықтыра түсті. Бұл кесел санасы мен рухын жаулап жатқанда осының бәрінің күні ертеңгі азабы туралы ой келмегені өкінішті, әрине. Мұндай ой Оразға бейтаныс еді. Қызметтің, барлық пен байлықтың буы өзінен төмен жұртпен жөнді амандаспауға жеткізген кезде мұның да балалары ержетіп, өзі қырықтың қырқасынан асып қалған-ды. Осыдан көп ұзаған жоқ, «ішкені алдында, ішпегені артында» болып, «жоқ», «үнемдеу», «ысырап қылмай ұқсату» деген ұғымдарды естімей, білмей өскен ұл-қызы өскен сайын «өнер» көрсете бастады. Не ішем, не кием деп көрмеген балаларына таңның атысы, күннің батысы қыдырудан, әкенің мол ақшасын уыстап шашудан өзге құдды қызық қалмағандай еді. Иә, жарытып оқу оқымады, әкелерінің арқасында дипломды да сатып алды. Қыз-қырқын мен қыдырудан өзге дүниеге қызықпаған жалғыз ұлы Ержан екі рет отбасын құрып, ажырасып, ақыр аяғы есірткіге тәуелді болды. Қос қызының кішісі Еңлік ішімдікке әуес болып, барған жерінде бағы жанбады ма, бір қайтып келген соң жеңіл жүріске салынды. Бұл кезде Ораз да алпыстан асқан еді. Дәурені жүріп тұрған шақтағы қызмет, ай сайын алдына түсіп тұратын «пайда, парадан» түк қалмаған. Зейнетте еді. Қолындағы бар қамы сол күйі ақыл кірмеген ұлы мен қызының тірі жетім балалары ғана...

Осы күні ойға батқанда мектеп бітірісінен-ақ жарқырап басталған өмір жолы неге жер ортасынан асқанда ойран-топанға айналғанын біле алмай әлек болады. «Неге? Неліктен? Ұл мен қыздың күйігі қандай күнәларым үшін берілген жаза? Әлде сынақ па? Тағымнан түспей тұрғанда кісі танымай, туған-туыстан сырт жүріп, өзімнен төменді кем санаған тәкаппарлығым үшін бе? Әлде «түйені түгімен жұтқан» параларым үшін бе? Ешкімді бетіме қарсы келтірмеген менің бүгінгі халім не қорлық?». Міне осы сұрақтардан Оразға жатса-тұрса маза жоқ еді қазір... Бұрынғы тәкаппарлықтан түк қалмаған. Ұл мен қыздың уайымы, жұрт алдында жығылып, жанына батқан намысы, шүлдірлеген тірі жетім немерелері ғана көз алдында...

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары