Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АТА-АНАҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІҢ
17 қараша, 2016 жыл 6918 Басып шығару нұсқасы

Ата-ана – отбасының алтын діңгегі,  негізі. Осы дүниеге келуімізге себепші болған әуелі Алладан кейінгі сүйенішіміз. Ана мен әкені ардақтамайтын халық жоқ. Асыл дініміз бен халқымыз қазақта ата-ананы қадірлеу бала тәрбиесіне жастайынан сіңірілген және ата-анаға қарап баланың тәрбиесін де байқаған.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, «Түһ» деме. Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!»,- де»,- деп көрсетілсе, ( Исра сүресі, 23-24 аяттар) халық даналығында  «Ата көрген оқ жонар, ана көрген  тон пішер», «Әке – асқар тау , ана – бұлақ,  бала – жағасындағы құрақ», «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», «Айдың орнын- ай басар», «Аттын орнын – тай басар» т.б. мақал-мәтелдер бар.

Ата-ана – біздің бар байлығымыз. Адамзат баласы көп жағдайда ата-ана қадірін бірде білсе, бірде білмей жатады, енді бірі тірісінде қадір тұтпай, өмірден өткенде бармағын тістеп жатады. Енді қазірден бастап ойланып көрші, ата-анаң сенің өмірде өз орныңды табуың үшін не істемеді? Ана байғұс туғаныңнан шыр-пыр болып, түн ұйқысын төрт бөліп сені тербетті, әке болса, ақыл-кеңесін аямай, жастайыңнан тәрбиелеп, алып жүрегімен жақсы көре білді. Алланың көмегімен әлжуаз кезіңнен үлкен азамат қып өсіреді. Ата-анаға баласынан артық жан жоқ. Бар өмірін балам таршылық көрмесе екен, тиісті білім алса екен, мақсатына жетсе екен деумен аянбай еңбек етеді. Яғни, ата-ана үшін бала – бақыты, Абайша айтар болсақ, «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі, көкірегіне жұбаныш, гүлденіп ой өлкесі». Кез келген адамның әдептілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасады. Әке-шешесіз өмірім қандай болар еді? - деп бір сәтке ойланып көріңізші... Ата-анаңның орнын ешкім баса алмайды. Себебі, әкенің махаббатынан асқан махаббат жоқ, күн шуағындай ананың мейіріміне жетер мейірім жоқ. Қазақта осыған сәйкес, «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге бірігіп, ана болмас» деген сөз осыдан қалса керек.

Ата – анаға қызмет ету үлкен сауапты іс және жұмаққа жетелейтін жол.

Мағауия ибн Жаһима (р.а.) Пайғамбарға (с.а.с) келіп: «Уа, Расулалла! Ғазауатқа қатысуды қалап, сізбен кеңесуге келдім»,- дейді. «Анаң бар ма?» - деп сұрайды Пайғамбар (с.а.с). Жәһима: «Иә», - дейді.

Сонда Пайғамбар (с.а.с): «Анаңның қасында бол. Расында, жұмақ соның аяғының астында», - дейді.

Абдулла ибн Амр (р.а) басқа бір риуаятта былай деген: «Бір кісі Алланың Пайғамбарына (с.а.с) келіп: «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Алладан мол сауап қалаймын», - дейді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с) «Ата-анаңның біреуі тірі ме?» - деп сұрайды. Кісі: «Иә, екеуі де», - дейді. Алланың Елшісі (с.а.с): «Алладан мол сауап қалайсың ба?» - деп сұрайды. Кісі: «Иә», - деп жауап береді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с): «Олай болса, ата – анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым – қатынаста бол», - деп бұйырады».

Міне, осы хадистерден көргеніміздей ата - анаға қызмет қылу ғазауат, һижра, жиһад жасаудан да үлкен сауап екенін байқатады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (с.а.с): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» - дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім? – деп сұрайды. Сонда ол (с.а.с): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам»,- деп жауап береді.

Әке-шешеміз – біздің Алладан кейінгі бойұсынар жандарымыз. Ата-ананы ренжіту, Алла Тағаланың ашуын келтіреді екен. Абдулла ибн Амрден (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с) былай деген: «Алланың разылығы ата – ананың разылығында, Алланың ашуы ата –ананың ашуында»

 Дінімізде ата-ананы сыйлау парыз  болып саналады. Ата-ананың алдында адамның міндеті өлшеусіз. Қарапайым өмірде біреуден қарыз алып, соны қайтарғанша асық боламыз және сол қиыншылықта  қарыз берген адамға разы болып, алғысымызды жаудырамыз. Олай болса, өмірлік қарыз болған ата-анамыздың еңбегін неге қайтаруға асықпасқа, неге алғысқа бөлемеске? Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер. Асылымызды ардақтай алмасақ, алдымызға келер ұрпағымыз бізге не қылмақ?  Бірде бір кісі анасын арқалап жүріп, Қағбаны тәуап етіп болып, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Анамды арқалап, көтеріп жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті айналдырып тәуап еттірдім, енді айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?», – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.): «Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», – деп жауап береді.

Адамзаттың өміріне тірек болған ата-аналарымыз аман болсын,  тарихымызды тереңге жаяр Мәңгілік ел боламыз десек, шағын мемлекетіміздің (отбасымыздың) басшыларын ардақтай білейік!

Қарағанды №1-мешітінің бас имамы Орманбет Болатұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары