Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Пайғамбарымыз ﷺ баланы қалай тәрбиелеген?
17 қазан, 2020 жыл 1622 Басып шығару нұсқасы

Бірде мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы сүйреп отырып Пайғамбарымызға ﷺ әкелді. Бала - жас та болса Ислам дінін қабылдаған Рафиғ ибн Амр еді. Келген кісі қатты кейіген сыңайда. Қабағы қатулы. Пайғамбарымыз ﷺ болса, өзінің  сабырлы қалпын сақтап: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?»,- деп сұрады. Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді»,- дегеннен артық сөз айтпады. Әз Пайғамбар ﷺ балаға: «Жерге түскенін жесең же, бірақ ендігәрі құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?»,-деді. Сосын баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!»26  Ал енді осы оқиғаға психологиялық талдау жасай отырып, астарындағы педагогикалық тәлім-тәрбие негіздерін ұғуға тырысайық. Біріншіден алдына ашумен алып келген балаға, оның кінәлі екенін біле тұра неге Пайғамбарымызﷺ салған жерден ұрыспады? Өйткені, балаға ұрысқаннан гөрі оған жақсы көретініңді білдіру аса маңызды.

Пайғамбарымыз ﷺ барлық адамзаттан сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлетіндіктен, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ﷺ ең жақсы көретін адамы мен шығармын» деген ойға қалатын. Алайда, Алла елшісінің балаларға деген мейірімі тіптен ерекше еді. Жоғарыдағы «Рафиғ ибн Амр оқиғасы» – осының нақты дәлелі. Дедектетіп Пайғамбарымызға ﷺ әкеле жатқанда бұл бала қандай үрейді бастан кешті десеңізші?! «Қап, маған енді не істер екен? Не деп ұрсып, қалай жазалар екен» деп қатты қорқып келген балаға пайғамбарымыз «балапаным!» деген жалғыз-ақ ауыз сүйіспеншілікке толы жылы сөзін арнады. Сол жылы сөзімен қарсы алып, басынан сипап, мейірлене қарады.

Баланы әуелі тыңдай білу керек. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Сол  себепті баланың  не  ойлап тұрғанын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себептерді іздемейміз. Дереу өзіне ұрса жөнелеміз. Жоғарыдағы Рафиғ ибн Амр оқиғасында пайғамбарымыз оған дереу дүрсе қоя берген жоқ, «Әй, оңбаған! Біреудің бақшасында нең бар?! Енді тас лақтырады екенсің көресеңді көрсетем, қолыңды тура шағам!» деп ұрысқан жоқ. «Неліктен тас лақтырдың?» деп, онымен тілдесті. Бала себебін айтты. Қарны ашқаны, құрма жегісі келгендігі анықталды. Аш баланың мұндай әрекетке баруы табиғи жағдай екені сөзсіз. Не істесе де дереу жазалауға жүгірмей, алдымен баланы сөйлетіп, тыңдай білу қажет. Балалар балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кісінің істейтін ісін күтеді. Қате жасаса дереу ұрсып, жазғыра жөнеледі. Көбіне балаларын тыңдауды қажеттілік деп те ойламайды. Бала болса, өз ісінің қателігін түсінбегендіктен ата-анасының яки үлкендердің не үшін ұрысқанын, яки жазалағанын түсінбей дал болады. Сөйтіп, үлкендер маған жамандық жасады яки ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойға қалады. Міне, сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен оған ұрысу, жазалау дұрыс емес. Осы орайда Алла елшісінің ﷺ бала тәрбиесіндегі жасаған ізгі әрекеттері мен көркем мінезін өзімізге үлгі ете білсек, абзалы сол болмақ.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары