Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мәулітті не үшін тойлау керек?
03 қараша, 2020 жыл 5730 Басып шығару нұсқасы

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла  Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары  Мұхаммедке (ﷺ)  Алланың сәлемі және мейірімі  болсын! 

Мұсылман жұрты Алла Елшісінің (ﷺ) туылған күніне орай əрбір жылы Рабиул-әууәл айында мəуліт мерекесін тойлайды. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындаған. Жер жүзінің мұсылмандары асыға күтіп, бір ай бойына тойланатын мереке – Мәуліт тойын ерекше күтіп алу зор құрмет саналады. Мәуліт айы – ислам дінінде өзіндік орны бар ерекше мерекелердің бірі. Мәуліт – араб сөзінен аударғанда «туылған күн» деген мағынаны білдіреді екен. Сондықтан әр жылы Рабиул-әууәл айында әз Пайғамбарымыздың (ﷺ) мәулiтi аталып өтiлуi ислам әлемiнде қалыптасқан дәстүр болып табылады. Сонымен қатар, мәулітті тойлаудың діни негізі бар екенін Мүслим, Әбу Дәууд пен Ахмәд ибн Ханбалдің жинақтарында риуаят етілген мына бір сахих хадис растайды: Пайғамбарымыздан дүйсенбі күні ұстайтын ораза жайлы сұралған кезде ол: «Дүйсенбі - менің туылған әрі маған пайғамбарлық берілген күн» - деп жауап берген. Яғни Пайғамбарымыз (ﷺ) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туған күнін атап өткен. Сондай-ақ ғалымдардың бір тобы  осыған сүйене отырып, мәулітті атап өтуді ең алғаш бастаған пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі дейді.

Сүйікті Пайғамбарымызды  (ﷺ) өз ата-анамызды танығандай танып, жақсы көру парызымыз. Осы жайлы хадисте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре ал-майсыздар» – делінген. Хазіреті  Мұхаммед (ﷺ) дүниеге келген күн – Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күн. Рақым-мейірімнің бір ай бойы ерекше нұр боп құйылуы – Он сегіз мың ғаламға берілген зор мүмкіндік. Жарылқау айы. Надандығымызды жойып, қараңғылықтан жарыққа шығуымызға жағдай жасалған мерзім. Алла Тағала Пайғамбарымыз (ﷺ) туралы Құранда: «Шын мәнінде сен, әлбетте, ұлы мінезге иесің», – деген. Адамзатқа жол нұсқаушы Елшінің (ﷺ) мінез-құлқы бәрімізге үлгі. Қасиетті Мәуліт айы бойы жіті назарда ұстай білсек, кейінгі ғұмырымызға да өнеге болары  сөзсіз. Пайғамбарымыздың (ﷺ) басқа бір хадисінде: «Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кім де-кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады» [7], – деген (Муслим). Олай болса, атаулы мерекені кеңінен дәріптеу, жастарға мол діни білім беру керек. Алла елшісінің (ﷺ) туған айында оған ерекше құрмет көрсетуді дәріптеу лазым.

Сахих Муслимде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (ﷺ) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті»-деп жауап берді. Хадисте пайғамбарымыздың дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Сондай-ақ, Алла елшісіне (ﷺ) салауаттар жолдау арқылы таудай сауапқа кенелуге болады.

Соңғы жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде Мәулітті,  яғни пайғамбарымыздың (ﷺ) туған күнін атап өту қолға алынып, осы күні игі шаралар ұйымдастырылып жүр. Мәдениет үйлерінде, мешіттерде әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмірі кеңінен насихатталуда. Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн. Мереке ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен халыққа жаһандану шырмауына ілікпей,  кемелденіп, көңіл кілтін табуына септігін тигізері анық.  

Шарапаты мол Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (ﷺ) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай.  

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары