Табиғин ғалымдарынан Куфа қазысы Әбу Бурда әл-Әшғари былай дейді:
Бір күні Мәдинаға бардым. Сахабалардан Абдуллаһ ибн Омар мені зиярат ете келді де:
– Сені не үшін зиярат еткенімді білесің бе? – деп сұрады.
– Жоқ, білмедім, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн Омар:
– Мен Пайғамбарымыздың ﷺ «Әкесін қабірінде зиярат етуді қалаған жан әкесінің өлімінен кейін оның достарын зиярат етсін» дегенін естідім. Менің әкем Омар мен сенің әкең Әбу Мұса әл-Әшғари бауыр әрі дос еді. Сол себепті бұл достықты жандандыруды қаладым, – деді (Әбу Я’лә әл-Мәусили, Муснәд).
Абдуллаһ бин Омардың бұл жақсы әдетіне қатысты табиғин ғалымдарынан Абдуллаһ ибн Динардан да мынандай хабар жеткен:
Бір күні Ибн Омар қажылық ғибадатын атқару үшін Меккеге жолға шықты. Жанында түйеге мінуден шаршағанда демалу үшін мінетін бір есегі және басында сәлдесі бар еді. Бірде Ибн Омар есегіне мініп келе жатқанда бір бәдәуиге кезікті. Әлгіге сәлем берген соң:
– Сен пәленшеұлы түгенше емессің бе? – деп сұрады. Бәдәуи:
– Иә, – деп жауап беріп еді, Абдуллаһ ибн Омар астындағы есегін бәдәуиге ұстата салып:
– Ал да мынаны мін, – деді. Сосын басындағы сәлдесін де:
– Мынаны да киіп ал, – деп шешіп берді. Бәдәуи басына сәлдесін киіп, есегін мініп кеткен соң, қасындағы достары Ибн Омарға:
– Бұл игілігің Құдайдан қайтсын! Бірақ, бұл адам бәдәуи. Бәдәуилер азға қанағат қылады. Астыңдағы есекті, басыңдағы сәлдені бұған босқа бердің, – дейді. Сонда Ибн Омар:
– Мен Пайғамбарымыздың ﷺ: «Игіліктің ең құндысы адамның әкесі өлген соң әкесінің досының отбасына қылған қамқорлығы», – дегенін естідім. Бұл адамның әкесі әкем Омардың досы еді, – деді (Мүслим, Әбу Дауіт, Тирмизи, Ахмад бин Ханбал).
Пікірлер