Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жұмақ және Тозақ
26 желтоқсан, 2016 жыл 1924 Басып шығару нұсқасы

        Жәннат пен тозақ – мәңгілік мекен. Иман етіп, ізгі амал жасағандар Алла тағала кеңшілігімен жәннатқа кіреді. Ал, иман етпей, күпірлікпен күн кешкен адам Алла тағаланың әділдігімен тозаққа түседі. Бұл жөнінде имам Тахауи: «Пенде жәннатқа Алла тағаланың кеңшілігімен ал, тозаққа әділдігімен кіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағаланың рахымынсыз ешкім жәннатқа кірмейді,-деді. Сонда: Уа, Алла елшісі! Сіз де ме? – деді. Пайғамбар: «Иә, мен де. Тек егер Алла тағала рахымына бөлесе ғана», – деді[1]. Адамның тозаққа кіруі – Алла тағаланың зұлымдығы емес, керісінше әділдігі. Өйткені, адамға иман ету таңдауы берілген. Сондай-ақ, иман мен Алла әмірін тәрк етіп және тыйым амалдарды істегенге азап бары ескертілген. Сондықтан азаптау – Алла тағаланың әділдігі мен хикметі[2]»,-деп жазады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат тұрғындары өлмейді, қартаймайды, олардың киімдері тозбайды және жастық шақтары өтпейді[3]»,-деп айтқандай осы екі мекеннің тұрғындары да мәңгі жасайды. Демек, Жәннат пен тозақ жаратылған, бұл екеуі ешуақытта жоқ болып кетпейді. Тозақтың атаулары: Тозақты көбінесе – нәр (от) деп атайды. Сонымен бірге, Құран Кәрімде тозақтың сипатын көрсететін бірнеше атауы бар. Олар: 1.Жәһаннам. Бұл ең көп кездесетін атауы. Бұл сөз түнеру және жақтырмай қарау етістігінен алынған. Құранда: «Олар сол күні, тозаққа итеріліп тасталады[4]»,-делінген. 2.Ләзо. Мағынасы – жалын. Тозақ отынан шарпыған жалын денені өртеп, теріні жейді. Алла тағала: «Әсте олай болмайды! Шын мәнінде ол тозақ, жалындаған от. Теріні сояды[5]»,– деп ескертеді. 3.Хұтама. Хұтама – бұзу, сындыру етістігінен алынған. Тозақ отының қаттылығынан от өзінен өзі бөлінеді және ішіндегі мақлұқаттарды да бөліп тастайды. Құран Кәрім: «Олай емес, әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады. Хұтаманың не екенін қайдан білесің? Ол – Алланың жағылған оты. Сондай жүректерді шалатын. Расында, олар ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады[6]»,-дейді. 4.Саъир. Саъир – қатты жану, өртену дегенді білдіреді. Құран: «Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін саған арабша бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ жәннатта, бір топ тозақта[7]», – деп ескертеді. 5.Һәуиә. Һәуиә – терең жерге зымырап құлау дегенді білдіреді. Құран Кәрімде: «Ал, енді біреудің таразысы жеңіл тартса, онда оның орны «Һауиә» болады. Ол һәуиәнің не екенін білесің бе? Ол – жалындаған от[8]»,-делінген. 6.Жахим. Жахм етістігі – қатты жану мағынасын білдіреді. Құранда: «Оны ұстаңдар да байлаңдар. Сосын оны тозаққа салыңдар[9]». 7.Сақар. Күннің қатты қызып, заттарды балқыта түсуін арабтар сақар күн деп айтады. Құранда: «Оны жағатын тозаққа саламыз. Ол тозақтың не екенін қайдан білдің? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол, адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды[10]»,-дейді. Айша (р.а.) анамыз жеткізген хадисте: «Дұрыс амал жасаңдар, жақсыға жақын болыңдар және жақсылықты сүйіншілей жүріңдер. Себебі, ешкім амалымен жәннатқа кірмейді. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Сіз де ме? – деді. Пайғамбар: «Иә, мен де. Тек Алла тағала рахымына бөлесе ғана. Біліңдер, Алла тағалаға ұнамды амал аз болса да ұдайы жасалғаны[11]»,– деп айтылған. Жәннаттың атаулары. Жәннат – сөздік мағынасы жеміс ағашы мол, ішінде өзендер аққан, ағаштарының көптігінен іші көрінбейтін бау. Құран Кәрімде жәннаттың бірнеше атауы бар. Араб тілінде бір заттың көп атауы болуы оның маңыздылығын көрсетеді. 1.Хуснә. (Мол жақсылық). «Жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар...[12]» 2. Дәр әс-Сәләм (Амандық, бейбітшілік мекені). «Оларға Раббыларының қасында бейбітшілік жұрты бар...[13]» 3.Жәннәт Ғадын (ғадын жәннаты). «Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар мен Ғадын жәннатында, көркем орындар уәде етті...[14]» 4.Жәннәт Нәғим (Рахаттық жәннаты). «...оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады[15]» 5.Дәр Мұттақин (Тақуалар мекені). «...Әлбетте тақуалардың қонысы қандай жақсы[16]» 6.Жәннат Фирдаус (Фирдаус жәннаты). «Расында иман келтіріп, түзу іс істегендер үшін Фирдаус жәннаты қонақ үй болады[17]» 7.Жәннат Хулд (Мәңгілік жәннаты). «(Мұхаммед (ғ.с.) Осы азап жақсы ма? Немесе тақуалар үшін сыйлық әрі барар орын түрінде уәде етілген мәңгілік жәннат жақсы ма? -де[18]» 8.Ғұрфат (Бөлмелер). «Міне, бұлар сабыр еткендіктері себептіжоғарысыйлыққа бөленеді...[19]» 9.Дәр Муқомә (Мәңгі тұрақ мекені). «Ол өз кеңшілігінен бізді тұрақты орынға орналастырады. Бізге бұл жерде шаршау да, жалығу да болмайды[20]» 10.Дәр қарар (Тұрақты Мекен). «...Сөзсіз ақырет, ол тұрақтыжұрт[21]». Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «(Алла тағала ) Ізгі құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ етімеген және адам баласының ойына келмеген жақсылықтарды әзірлеп қойдым,- дейді[22]»,-деп айтылған.

[1] Бұхари, Муслим, [2] Шарх ақида әт-Тахауиа, 120-бет [3] Термизи [4] Тур сүресі, 13-аят [5] Мағариж сүресі, 15-16 аяттар [6] Һумәза сүресі, 4-9 аяттар [7] Шура сүресі, 7-аят [8] Қариға сүресі, 8-11 аяттар [9] Хаққа сүресі, 30-31 аяттар [10] Мүддәссір сүресі, 26-30 аяттар [11] Муслим [12] Юныс сүресі, 26-аят [13] Әнғам сүресі, 127-аят [14] Тәуба сүресі, 72-аят [15] Юныс сүресі, 9-аят [16] Нахыл сүресі, 30-аят [17] Кәһф сүресі, 107-аят [18] Фұрқан сүресі, 15-аят

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары