Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Маңызды үш сауал
03 қаңтар, 2017 жыл 263 Басып шығару нұсқасы

Бірде патшаның басына ғажап ой келді. «Қисапсыз шаруаларымның қайсысын қай уақытта атқаруды біліп жүргеннің несі жаман?! Қандай адамдарға көңіл бөліп, қандай адамдардан аулақ жүруді білген де дұрыс-ау, тегінде?! Бәрінен бұрын қаптаған жұмыстарымның қайсысы маңыздырақ екенін білсем! Тасым да өрге домалар еді-ау шіркін!».

Осылай түйген әмірші ұланғайыр патшалығына әр ісінің ыңғайлы сәтін тап басуды, ең қажетті деген адамдарды танып-білуді, бүкіл шаруасының ішіндегі ең маңыздысын ара жігін ажыратып, жол тауып берген адамға ат басындай алтын беретіндігін айтып жарияға жар салады.

Ғұлама атаулы сарайға ағылып, патшаның сауалдарына жауап іздеп жатты. Бастапқы сауалға әлдекімдер «шаруаның ыңғайлы сәтін қателеспей тап басу үшін, алдын ала әр күннің, әр айдың, жылдың кестесін жасап, содан ауытқымау керек» десті. «Тек сонда ғана әр ісіңіз уақтылы жүзеге асады», - деген данышпандар болды. Олардың арасында «Шаруаның қолайлы сәтін алдын-ала межелеуге болмайды» дегендер де болды. «Ең дұрысы жаман қылықтардан аулақ болып, алдағы ықтимал істерге әзір жүрген дұрыс. Тек содан кейін ғана әрекетке көшу керек». Ал үшінші біреулер «алдағы істерге қаншалықты тас-түйін әзірленіп жүрсе де, жалғыз адамның шаруаның қолайлы сәтін дәл болжауға ақылы жетпейді» десті. «Дана адамдардың кеңесін құрып, шаруаның уақытын солардың ақылымен анықтау керек» деп ақылдарын айтып жатты.

Төртінші біреулердің пайымынша, ешкімнен ақыл-кеңес сұрамайтын істер де болады екен. Ондай істің уақыты келгенін немесе келмегенін табан астында шешкен ләзім. Ал ол үшін болашақты болжай білу қажет көрінеді. Ондай шаруа балшылардың қолынан ғана келмек. Әр істің оңтайлы сәтін білу үшін сол бал шылармен ақылдасқан дұрыс, деп жатты.

Екінші сауалдың да долбарлы жауабы көп болды. Біреулер «патша үшін ең керек адамдар - билік жүргізуші көмекшілері» десе, енді біреулер «патшаға ең керегі - абыздар» дегенді айтты. Үшінші біреулердің бүйрегі дәрігерлерге бұрса, төртінші біреулер ең алдымен сенімді әскер керек дегендерінен танбады.

«Ең маңызды іс кандай іс?» деген үшінші сауалға да ортақ түйін табылмай койғаны. Әлемдегі ең маңызды іс есебінде біреулер ғылымды, енді біреулер әскери өнерді, үшінші біреулер құдай ісін алға тартқан.

Жауаптардың әртектілігіне көңілі толмаған патша ағзам солардың біреуімен де келіспеді. Ешкімге сыйлық та берген жоқ. Ақыры, өз сауалдарының жауабын әулиелігімен байтақ елінің құрметіне бөленген кезбенің ауызынан естімек болып шешті. Ол кезбе орманда тұратын, ешқайда шықпайтын, тек қарапайым адамдарды ғана қабылдайтын. Сол себепті де қарапайым киінген әмірші нөкерлерін кезбенің лашығынан аулақта қалдырды да атынан түсіп, әулиеге жалғыз тартты. Кезбе лашығының алдында жер өңдеп жатыр екен. Патшаны көріп амандасқанымен жұмысын үзген жоқ. Кезбе арық әрі әлсіз еді. Күрегіне ілінген топырағы да болмашы ғана. Өзі әрең-әрең тыныстайды.

Патша жақындап келіп былай деді:

- Ей, данышпан пенде! Менің саған қояр үш сауалым бар. Соған жауап іздеп келдім. Соңынан өкінбес үшін қандай уақытты қадірлеп, босқа жібермеу керек? Ең керек адамдар кімдер, қандай адамдармен азырақ, қандай адамдармен көбірек айналысқан жөн? Қандай жұмыс маңыздырақ, соған сай қай істі өзге шаруалардан бұрынырақ атқарған дұрыс болады?

Кезбе патшаның сұрақтарын мұқият тыңдады. Бірақ ләм-мим деген жоқ. Күрегін қайтадан қолына алды. Сол кезде патша:

- Шаршадың ғой, күрегіңді маған берші. Сен үшін мен қазайын, - деді. Кезбе: Рахмет! - деп күрегін берді де жерге отырды. Патша екі қатар қазып, сәл кідірді де манағы сұрағын қайталады. Кезбе бұл жолы да тіл катқан жоқ. Күрекке қол созды да: Енді мен қазайын. Сен дем ал, - деді. Әмірші оған күрегін бермеді. Қайтадан қаза бастады. Бір сағат өтті. Екі сағат; ақыры, күннің көзі де ағаштар тасасына еніп ұясына кіре бастады. Патша күрегін жерге қадап: Ей, кеменгер адам! Мен саған өз сұрақтарыма жауап бере ме деп келген жайым бар. Егер шамаң жетпесе -айт, - деді. Кезбе: Мен үйіме қайтайын, - деп ыңғай танытқаны сол екен ала сұрып аптығып келе жатқан бір адамды көзі шалып қалады. Кезбе патшаға: Көрдің бе? Анау адамды! - деген кезде, патша жалма-жан артына жалт бұрылып қарады. Көзіне жан ұшырып жүгіріп келе жатқан сақалды адам ілікті. Бір қолымен ішін басып алыпты. Саусақтары қып-қызыл қанға боялған. Сақалды адам патша табанының астына жетіп жығылды. Көзі аларып, ыңырсыған даусы естілді. Қимылдар емес. Патша мен кезбе әлгі байғұстың киімін шешті. Қарын тұсында жарасы бар екен. Патша бар өнерін салып, жараны жуды да орамалымен таңып тастады. Бірақ қан тоқтаған жоқ. Патша қан сіңген шүберекті бірнеше мәрте ауыстырып, қайтадан байлады. Ақыры, қан тоқтап, жаралы адам көзін ашты да су сұрады. Патша сусын әкеліп, байғұстың кенезесін қандырды.

Бұл шақта күн орнына қонып, қою қараңғылық басты. Кезбенің көмегімен әмірші жаралы адамды лашыққа кіргізіп, кереуетке жатқызды. Байғұс көзін жұмып, түңғиық ұйқыға кетті. Күнделікті жұмыс пен жаралы адамның әуресінен патша да қажыған-тұғын. Қатты ұйықтағаны сонша -жаздың келте түні зыр етіп өте шығыпты. Үйқысынан оянған әмірші көпке дейін өзінің қайда жатқанын түсіне алмады. Өзінен көзін алмай тесіліп, кереуетте жатқан мынау сақалды адам кім екен? Патшаның оянғанын көрген сақалды адам:

- Мені кешірші! - деді.

- Мен сені танымаймын да. Не үшін кешірім сұрайсың?

- Мені танымайтының рас. Бірақ мен сені жақсы білем. Мен бауырымды жазаға тартып, мал-мүлкімді алып қойғаның үшін сенен кек алуға ант ішкен бітіспес жауыңмын.

Кезбеге жападан жалғыз аттанғаныңды да естігем. Сөйтіп сені қайтып оралар тұсыңда аңдып тұрып, өлтірмекші едім. Бір күн күттім - орала коймадың. Сенің жолыңды ториын деп жасырынған жерімнен шыға бергенімде нөкерлерің байқап қалды. Мені танып, жабыла кеткені. Ақыры, жаралап тынды. Әзер қашып құтылдым. Егер жарамды жуып, байламасаң бәрібір қансырап өлетін едім. Мен сенің ажалың едім, сен менің құтқарушым болдың! Осыдан тірі қалсам ең адал кұлың болып өтем! Ұрпағыма да соны аманат етем! Кешір мені!

Қатерлі жауымен татуласқаны үшін әмірші де қуанышты еді. Әлгі байғүсқа кешірім жасаумен ғана шектелген жоқ мал-мүлкін қайтаруға да уәде берді. Ол аз десе дәрігері мен қызметшілерін де көмекке жіберді.

Жаралымен қоштасқан әмірші есік алдына шығып, кезбені іздеді. Аттанар алдында баяғы сұрақтарына жауап естіп кетпекші еді. Кезбе болса тізерлей отыра қалып, кешегі өзі қазған арықтарга көкөніс тұқымын отырғызып жатты.

Патша жақындап келіп:

Соңғы рет өтінем, данышпан. Кешегі сауалдарыма жауап берші, - деді.

Жауабыңды алдың емес пе?! - деді де шидей сирақтарын астына бүгіп, жерге отыра кетті.

- Жауап естігем жоқ қой! - деп таңданды патша.

- Жауабыңды алғансың!

- Егер сен кеше мені аяп, мына қатарларды қазыспай кетіп қалсаң анау жігіт саған шабуыл жасар еді. Мұнда қалмағаныңа өкінер едің. Демек, жер қазған сәтің - уақытты өз пайдаңа жұмсаған кезің! Ал ол кездің ең маңызды да керекті адамы мен едім.

Ең маңызды ісің - маған жасаған көмегің болатын. Сосын ана жігіт жүгіріп жетті емес пе?! Оның жарасын байлаған кезің - уақытты тиімді пайдаланған сәтің. Өйткені жарасын таңбасаң жауың сенімен татуласпастан өліп кетер еді. Демек, бұл жолы ең маңызды адам да - сол! Ал оған жасаған көмегің-ең маңызды шаруаң еді. Демек, есіңде сақта! Ең маңызды да қолайлы уақыт біреу ғана! Ол «осы қазіргі сәт» деп түсіндірген болады. Оның маңыздылығы мынада: уақытылы әрекет жасасақ қана біз өз-өзімізге қожамыз! Ал ең керекті адам - осы қазір жолыққан адамың. Себебі, ол мұнан кейін басқа бір адаммен істес бола ма, болмай ма ол жағын ешкім білмейді. Ең маңызды ісің - сол адамға жақсылық жасау. Өйткені жақсылық жасау адамның мына тіршілікке жіберілген міндеттерінің бірі.

ummet.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары