Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шариғатта қалың мал ұғымы бар ма?
07 қаңтар, 2017 жыл 4195 Басып шығару нұсқасы

      Қызға қалыңмал төлеу қазақ халқының ескіден келе жатқан салт-жораларының бірі. Тіпті, ислам дінін қабылдамай тұрып та бұл жоралғы көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам дінін қабылдаған да қалыңмал шариғаттағы мәһір реңкін (трансформация) алып, неке шарттарының бірі ретінде қабылданған. Жалпы, қалыңмалды шариғатттағы күйеужігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі, мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы, ол әйелдің тәуелсіз мүлкі деп есептеледі. Күйеужігіт берген қалыңмалға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер, үйленгеннен кейін барып әйел жесір қалып жатса, күйеуінің берген қалыңмалына (мәһірі) алған дүние-мүлік оның өз меншігі болып саналады. Осы себептен де, қалыңмал беруді шариғатқа қайшы емес деп айта аламыз.

Задында, қалыңмал деп – әке-шешеге ұзатылар қыздың жасауына кіретін төсек-орын, кілем, текемет, сырмақ, әшекей бұйымдар – алқа, сақина, сырға, білезік, өңіржиек, балдақ, қобдишасына қояр – иіс су, тарақ, ине жіп, жуалдыз, оймақ, сандығына салар – сәукеле, салы, орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, етік, кемер, камзол, желбегей, шапан, камшат бөрік  т.б әйелге қажетті заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелерді айтамыз. Бүгінгі күні қалыңмал ескі мазмұнын сақтағанымен, заман талабына сай біршама өзгеріске ұшырады. Қалыңмал үрдісін жоғалтпаған өңірлерде үй жабдығына кіретін жиһаздар – кебеже, диван, төсек-орын, тұрмыстық техникалық құрылғылар – теледидар, шаңсорғыш, тоңазытқыш, майда толқынды жылытқыш, ыдыс-аяқ т.б бұйымдарды әзірлеу үшін қалыңмал төленеді.

«Жеті Жарғы» заңында қалыңмал өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленген. Мысалы, «бас жақсы» – қалыңмалдың ең жоғарғы шегі саналған. Бәйге мен көкпарда бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе күшті дуылғалы қара нар енген. «Бас жақсы» қалыңмалын төлеу көбінесе дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасындағы неке қатынастарында орын алған. «Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал, «дөңгелек қалыңмалға» он бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал өлшемі саналған. Сонымен қатар, қазақта «күшік күйеу» деген ұғым бар. Егер, отбасын құруға ниетті ер адамның әлеуметтік жағдайы «дөңгелек қалыңмалды» төлеуге де шамасы жетпесе, онда күйеу жігіт қашан «дөңгелек қалыңмал» өтелгенше немесе қайынатасы қалыңдықты алуға рұқсат еткенше, қайынжұртына қызмет ететін болған. Ал, шариғатта мәһірдің жоғары шегі көрсетілмеген. Бірақ, Ханафи ғұламалары мәһірдің төменгі шегі ретінде он дирхем күмісті белгілеген. Мәлики ғұламалары мәһірдің төменгі шегі деп үш дирхем күміс, ал Шафиғи және Ханбали ғұламалары мәһірдің төменгі шегін көрсетпеген. 

Мұхан Исахан

E-Islam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары