Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Үйленудің исламдағы 5 түрін білесіз бе?
17 қаңтар, 2017 жыл 223 Басып шығару нұсқасы

Нақшыбенди шах қызы бойжетті-ау дегенде оны ертіп, медресеге кеп, шәкірттер арасынан күйеу бала таңдайды. Біршама сынай қарап, көңілі толған жігітті тапқанда: «Қызым бойжетті. Ендігі уақытта бір күн де ұстамағанды абзал көрем. Шәкірттерім арасынан таңды құлшылықпен атырған тек сені көріп тұрмын, сондықтан қызымды саған лайық көрдім», - деп, Алауддин Аттарға некелеген екен (1).

Некелесу адамзатты көп күнәдан сақтануына себеп болмақ. Әкесі қызына ер таңдауы біздің қоғамда өте сирек. Ұлға қалыңдық пен қызға күйеу жігіт таңдауды да басты назардан шығармау абзал. Өйткені, осы мәселеге көңіл бөлу ұрпақ жалғастығын, қасиетті шаңырақтың сүттей тазалығын, шаттығы мен бақытын берік қылмақ. Ислам діні – адал некеге құрылған отбасын ұлттың негізіне, іргетасына, тірегіне балайды. Ер азаматтың ақыл есі кіріп, үйленуге шама-шарқы жетер мерзімде шаңырақ көтеруі сүннет. Жалпы, үйленуді адамның мүмкіндігіне қарай ислам ғалымдары бірнеше сатыға бөліп қарайды.

Парыз: Зина жасау қаупі төнген кісі егер үйленгеннен кейін отбасын асырай алатындай жағдайы болса, онда оның күнәдан сақтануы үшін үйленуі – парыз. Яғни, харам істерге бой алдыру қаупі төнген адамға ең абзалы – үйлену. Өйткені оның үйленуден тартынуы өзіне де, қоғамға да зиянды.

Сүннет: Зина жасау қаупі жоқ болса да, шаңырақ көтеруді қалаған адамның үйленуі – сүннет.

Харам: Үйленгеннен кейін де теріс жүрісін тоқтатпайтын немесе отбасын бағу үшін ұрлық-қарлық, парақорлық сияқты түрлі теріс әрекеттерге, яғни діни тұрғыдан тыйым салынған істерге баратын адамның үйленуі – харам. Ғалымдар бұл үкімді жұбайына зәбір көрсететіндерге де қатысты деп санайды.

Мәкрүһ: Үйленгеннен кейін жұбайына қиянат жасайтыны анық білінбесе немесе отбасын асырау үшін харамға баруы мүмкін болса, ондай адамның үйленуі – мәкрүһ.

Мүбәһ: Табысы адал, зина жасау ықтималдығы жоқ (діндар, тақуа), мәхір беретін жағдайы бар, ісі тыңғылықты адамның үйленуі мәмдух не мүбәх, яғни құптарлық. Ондай адам қаласа үйленеді, қаламаса үйленбейді (1).

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әрбір адаммен өз дәрежесіне сай қарым-қатынас жасаңдар» деп кісілерді тануға шақырады. Осы хадис негізінде ер азаматтан үйленуді талап еткенде оның ақыл дәрежесіне қарай баппен бағдар көрсету қажет. Күштеп, өз қалауынсыз отау тіккен отбасында береке-бірлік сақталмауы ғажап емес. Ұлын үйленідіріп, қызын ұзатарда олардың өмірлік серіктерінің жоғарыда көрсетілген амалдарға сәйкестігіне ата-ана аса көңіл бөлуі абзал. Жастық, махаббат, дүние деп болашағына атүсті қараған жастар отбасын құрғаннан кейінгі кедергілерге төтеп бере алмауынан шаңырақ шайқалып жатыр. Батысқа еліктеп көп жастардың отау тікпей отырғаны да аса құптарлық жай емес. Алла елшісі (ﷺ): ««Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған», - деген. Ал, отбасын асырай алмаймын дейтіндерге Алла Тағала Құранда былай деген: «Егер олар кедей болса, Аллаһ оларды шексіз шарапатымен байытады» (2). Үйленген отбасы рухани жіппен байланған құтты мекен. Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Бағалай білген ер мен әйелден иманды отбасы құралып, салиқалы ұрпақ таралады. «Үйлену менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, менен емес (яғни үмбетім емес). Үйленіңдер, өйткені басқа үмбеттердің алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – делінген. Олай болса, шаңырақ құруды кейінге қалдырып, қателікке ұрынып қалмайық.

1. Қ. Бағашар., «Тағылым таразысы»

2. Қ. Бағашар., «Исламдағы бала тәрбиесі»

3. «Нұр» сүресі, 32-аят

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары