Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖӘННАТҚА ЕҢ БІРІНШІ КІРЕТІН АДАМ
19 қаңтар, 2017 жыл 3632 Басып шығару нұсқасы

Құрайштың Тәйми руынан шыққан атақты сахаба Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) бірнеше лақап аты болған. Солардың көп танымалы «Сыддық» есімі. Ол Мекке қаласында піл оқиғасынан екі жыл алты ай өткенде дүниеге келді. Жастайынан өте білімді, зерек болған Әбу Бәкір Сыддық (оған Алла разы болсын) Алла елшісі Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жастайынан білген. Сауда қатынасымен жүрсе де ол өз білімін тереңдетуді тоқтатпады. Сол мол білімнің арқасында соңғы пайғамбардың келетінінен де хабардар болды. Қараңғылық дәуірдің өзінде жандүниесі нұрға толы Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Ислам дінін қабылдап, көптеген білімділердің Ислам дініне келіп, сахаба атануына себепкер болды. Керемет дауысы бар, Алла үйінде азан шақыру құрметіне ие болған Біләл секілді құлдарды өз ақшасына сатып алып, дінге әкелді. Осылайша Алланың разылығын іздеген Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) өте қарапайым мінезімен, қолының кеңдігімен талай міскенге көмек қолын созды. Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) Алланың разылығын алғысы келіп, амал еткеніне қарай Құран аяттары түскен. «Ләйл» сүресінің 17-21-ші аяттарында ол туралы: «Тақуарақ болған одан ұзақтастырылады. Сондай, малын сарып қылып тазарғандар. Оның онда ешкімге берер еселі сыйлығы жоқ. Бірақ, ұлы Раббының ризалығын ғана іздейді. Сондай-ақ, ол таяуда разы болады» деген. Неткен тақуалық десеңізші! Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) жайлы тіпті Құранда мінездеме берілгендіктен, мінезінің көркемдігін теңеп суреттейтін сөз жоқ! Осы ретте Әбу Бәкірге (оған Алла разы болсын) қатысты айтылған хадистерді келтірмеске болмайды: «Шындығында, сен ей, Әбу Бәкір! Үмметімнен ең бірінші Жәннатқа кіретін адам емессің бе?!», - деген Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын).

Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адал досы, жан серігі, қиналғанда әке орнына әке бола білген Әбу Бәкір Сыддық (оған Алла разы болсын) пайғамбардың қасында жүріп, Құран парақшаларын жинақтаған. Әли ибн Әбутәліп (оған Алла разы болсын): «Құран кітаптарына қатысты ең сауапты кісі - Әбу Бәкір. Құранды ең алғаш екі тақта арасына жинаған сол еді», - деген. Жәннатта Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хауызындағы досы. Адал достығы жайлы пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер халил таңдар болсам, Әбу Бәкірді таңдар едім. Бірақ, ол менің бауырым әрі Алла жолындағы досым», - деген. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірді өзімен қатар қойған деуге де болады. Ол турасында: «Егер мені таппасаң, Әбу Бәкірге кел», - деген. Пайғамбарымыздың Әбу Бәкірді (оған Алла разы болсын) жақсы көргендігі жайлы Айша (оған Алла разы болсын): «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының ішіндегі ең жақсы көргені»,- деген.

Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) есімі аталғанда Омар (оған Алла разы болсын) былай деген: «Өмірімдегі барлық амалымның Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) бір күндік және бір түндік амалы сияқты болуын қалайтын едім. Оның сол бақытты түнінде Расулуллаһпен бірге үңгірге кетті. Үңгірге жеткенде «Алла үшін, Йа Расулаллаһ, ішке кірмеңіз! Алдымен мен кірейін, іште зиянды бір нәрсе бар болса, маған тисін, мүбәрәк тәніңізге қиыншылық, ауыртпалық келмесін» деді де, ішке кірді. Ішін сыпырып тазалады. Жан-жағында көптеген ірі-ұсақ тесіктерді байқады. Шапанын жыртып, тесіктерді бітеді. Кейін Расулуллаһты ішке шақырды. Расулуллаһ ішке кіріп, мүбәрак басын хазреті Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) иығына қойып ұйықтады».

Ислам дінін қабылдаған кездегі оқиға былай суреттеледі: Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса да, кейбір яһудилер мен христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:

«Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?», - деп бұлқан-талқан боп, алатайдай бүлінеді. Олар, әсіресе, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өздері «тәңір» деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды.

Йеменде жүрген Әбу Бәкір бұл соңғы жаңалықтан мүлдем бейхабар қалды. Меккеге оралған кезде, Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары оны ортаға алады. Олар Әбу Бәкір Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын досы екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір болмағанда, олар Пайғамбарымыздың әрекетіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір оларға:

– Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма?, – деді.

– Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты.

– Бұны өзі айтты ма?

– Иә, өзі айтуда және біздің табынатын пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.

– Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!

Әбу Бәкір бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың үйіне бет алды. Өйткені, жақын досы Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалған сөйлемейтінін ол жақсы білетін. Осы қасиеті үшін де Оған дүйім жұрт: «Мухаммадүл-әмин”», яғни «сенімді Мұхаммед» деген жоқ па еді?!

Әбу Бәкірдің жүрегі қуаныштан аттай тулап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан бір-ақ табылады. Пайғамбарымыз оны нұр тұнған көздерімен күлім қағып қарсы алады. Өйткені, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің өзін қолдайтындығына толық сенетін.

– Уа, Әбу Қасым, пайғамбарлығыңды жария еткенің рас па? – дейді оған Әбу Бәкір келген бойда сұрақты төтесінен қойып.

– Иә, Әбу Бәкір. Мен – саған және күллі адамзатқа Әлемдердің Раббысының жіберген Елшісімін. Халықты бір Аллаға ғана иман етуге, пұттарға табынудан бас тартуға шақырамын.

Әбу Бәкір бұл шақыруға еш кідірместен:

– Мен куәлік етемін, ей, Мұхаммед, сен Алланың Елшісісің! – деп алғаш иман еткендердің қатарына қосылу бақытына ие болды.

Әбу Бәкірдей (оған Алла разы болсын) бір қауым елге сөзі өтімді беделді кісінің мұсылманшылықты қабылдауы, хазіреті Айша (оған Алла разы болсын) анамыздың айтуынша, Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең қатты қуантқан оқиғалардың бірі болды.

Бұл жайлы Пайғамбарымыз бір хадисінде:

«Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқасының көкірегінде бір таңырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды айтып жеткізгенімде, көңіліне күдік алмастан, кідірместен иман келтірді», – деп оның осы жақсы қасиетін айтқан.

Әбу Бәкір Сыддықтың (оған Алла разы болсын) қамқорлығы жайлы мынадай хадис жеткен: Әбу салих Әлғиффари: «Омар ибн әлхаттаб Мәдинаның бір шетіндегі зағип кемпірге түнде сусын беріп, тірліктерін бітіріп беретін. Бір күні кемпірге келсе, тірліктерді өзге біреудің істеп қойғанын көреді. Қалағанын тындырып койыпты. Кім екен деп аңдыса, қартқа келіп жүрген сол кездегі халифа Әбу Бәкір екен. Мұны көрген Омар: «Ол сен екенсің ғой!»- деді», - деген.

Ибн Омар (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінен шығып мешітке кірді. Оң жағында – Әбу Бәкір, сол жағында – Омар бар еді. Екеуінің қолдарынан ұстап тұрып: «Қиямет күнінде біз осылайша қайта тірілтілеміз», - деді», - деген.

Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) үш ұл және үш қыздың әкесі болды. Оның сүйікті қызы Айша (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті жары бола білген. Ол турасында мынадай хадис жеткен: «Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ей, Расулаллаһ, адамдардың ішінде сізге ең сүйікті болған кім? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Айша», – деді. «Еркектерден кімді атар едіңіз?», – дегенде, «Оның әкесін», – деп жауап берген».

Ухуд, Бәдір секілді барлық шайқастарға қатысқан Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) діннен кері шегінген араб тайпаларының әрекетімен күресіп, Араб жазирасын, Шам елдерінің үлкен бөлігін, Ирактың көп бөлігін Ислам туының астына кіргізді. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы болды.

Исламда терең орын алған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) әрдайым Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанынан табылған. Ер адамдар арасында иман келтіргендердің ең алғашқысы; Алла елшісімен (оған Алланың игілігі болсын) ең алғаш намаз оқыған; Меккеден Мәдинаға һижра жасағанда және Сәур үңгірінде Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болған; Алла елшісінің уәзіріндей болды. Хазірет Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) халифа болған кезінде өзіне берілген «халифатуллаһ» (Алланың халифасы) деген атақты алмай «халифату Расулиллаһ» (Расулаллаһтың халифасы) атауды жөн көрген. Жәһилия дәуірінің өзінде тайпалар арасындағы дау-дамайды шебер шеше білетін беделді, мәдениеті жоғары Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) шежіре ілімін жақсы біліп, сол дәуірдің бүкіл жаман қасиеттерінен бойын аулақ ұстады. Аса көркем мінездерін Исламды қабылдағаннан кейін кемелдендіре түсті. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл істерінде өзімен кеңесіп отыратындығы үшін оны «Пайғамбар уәзірі»” деп те мақтаған.

Хазірет Әлиден Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) жайлы сұрағанда: «Ол бәрімізден озды. Аллаға ант етемін, біз қандай да бір іске ұмтылсақ, Әбу Бәкір бәріміздің алдымызда жүретін», – деген екен.

Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Алла елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірдей, яғни 63 жыл өмір сүрді.

Кез-келген істе Пайғамбарымыз бірінші болса, одан кейін Әбу Бәкір – Исламдағы екінші адам, үңгірдегі екінші адам, Бәдір шайқасында шатырдағы екінші адам және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасына жерленген екінші адам болып, тарих беттерінде өшпес із қалдырды.

 

Нұров Махмұт қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары