Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жәннат пен тозаққа кіретін үш топ
01 ақпан, 2017 жыл 254 Басып шығару нұсқасы

      Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан ﷺ мынадай бір хадис жеткізіледі: «Бес уақыт намаз ағып жатқан өзен сияқты. Егерде сендердің біреулерің, сол судан бес мәрте жуынатын болсаңдар, сендердің үстеріңде кір қалады ма?» - дейді. «Уа, расулулла, кір қалмайды» , - дейді сахабалар. «Міне, намаз да осы сияқты, сендердің бір намазбен екінші намаз ортасындағы күнәларыңды кетіреді, егер де сендердің күнәларың үлкен күнә болмаса», - дейді Алла елшісі ﷺ. Яғни, Раббымыз Алла Тағала сіздер мен біздердің күнәларымыз үлкен болмаса, кішкентай күнәларды кетіреді екен. Егерде намаз сондай бір ықыласпен оқылып, рукуғы, сәждесі толық болса, онда намаздан кейінгі күнәлар кешіріледі. Егер, оның рукуғы, сәждесі Алланың разылығы емес, рия үшін орындалған болса, онда ол намаздан еш пайда жоқ және ол үшін сауап жоқ. Ибн Мәлік Алла елшісінің ﷺ мынадай хадисін жеткізеді: «Кімде-кім қырық күн бойы бір рәкағатын да қалдырмай жамағатпен намаз оқитын болса, Алла Тағала оны мұнафиқтық пен оттан сақтап қояды». Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім дәреті толық болып, екі рәкағат намаз оқып, ол намазының сәждесі, қирағаты, рукуғы толық болса, намазға тіл бітіп: «Уа, Алла, мені қалай сақтаған болса бұл құлыңды да солай сақта», - дейді. Және ол намазы аспанға көтеріліп, нұр шашып, аспан есіктері ашылып, Алланың қалаған биігіне көтеріледі. Сондай-ақ, дәреті, рукуғы, сәждесі, қирағаты толық болмай, намазы ықылассыз оқылса, онда намазға тіл бітіп: «Уа, Алла, бұл маған қандай да немқұрайлылықпен қараған болса, бұл құлыңа да солай қара», - дейді де қара түнек болып аспанға көтеріледі. Аспан есіктері ашылмайды, ол кері қарай жерге қайтады да әлгі пенденің бетіне ұрылады», - деген. Осы хадиске сүйене отырып, барлық құлшылықтарымызды шын ықыласпен, адал ниетпен атқаруымыз керек. Жақсы амалдар Алланың алдына барады, сансыз сауаптар жазылады, о дүниеде өзімізге үлкен сыяпат түрінде келеді. Сондықтан да, намазға деген ықылас жүректен шыққаны абзал. Тағы бір хадисте Алла елшісі ﷺ: «Ең жаман ұрлықшы адамды айтайын ба?» -  дейді. Сонда сахабалары: «Уа, расуллулла, айтыңыз», - дейді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Намаздан ұрлайтын адам», - дейді. Сахабалары: «Намаздан ұрлайды дегенді қалай түсінеміз?» - деп таңырқай сұрайды. Сонда Алла елшісі ﷺ: «Оның рукуғы және сәждесі толық болмаған», - деген екен. Яғни, рукуғы және сәждесі тез істелген намздар. Ойы сан-сақта болып, намазын жүрекпен, ниетпен, ықыласпен емес, керісінше тез-тез аяқтауға тырысып, міндеттен құтылсам болды деген оймен оқылған намаз. Расында біз, мұсылмандар бұндай әрекеттен тыйылғанымыз жөн. Өмірлік дүниені емес, ақыреттік дүниені ойлауымыз керек.

Сәлман әл-Фаруси (р.а.): «Намаз ол - бір өлшем. Кімде-кім сол өлшемнен жейтін болса, онда ол өз-өзіне қиянат жасаған болады. Өйткені, Алла Тағаланың Құрандағы мутаффифин сүресінде келтірген  мысалы сияқты дейді.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) айтады: «Қиямет болған кезде мақұлықтардың барлығы сап-сап болып тұрады. Жындар, адамдардың барлығы тығыздалған сапта тұрады. Кейін бір дауыс шақырады: «Мен сендерде құрметке ие болған адамды білдірейін ме? Ол Алла Тағалаға хамд айтып, жүрген жерінде мадақтаған пенде», - деп, сондай құрметке лайық болған пенделерді өзімен бірге жәннатқа алып кіреді. Кейін, екінші дауыс: «Сендер құрметке ие болған адамдар туралы естисіңдер ме? Олар  - мыналар», - деп Құрандағы «Сәжде» сүресінің 16-аятында суреттелген адамдарды айтады: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды», - деп, оларды жәннатқа алып кіріп кетеді. Үшінші шақырушы: «Сендер құрметке ие болған адамдарды естігілерің келеді ма?» - деп «Нұр» сүресінің 37-аятын оқиды: «Өздерін сауда-саттық; Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады», - дейді де оларды да жәннатқа алып кіреді. Кейін тозақтан көзі  мен тілі бар жуан мойын шығады.   Сол жуан мойыннан дауыс шығып: «Куә болыңдар, Алла Тағаланың азабына лайықты адамдар», - деп қатыгез, алдамшы, әлімжеттік жасаушы, жауыз адамдарды құс дәнін шұқып, теріп жегені секілді оларды да теріп алып тозаққа әкетеді. Сосын екінші мойын шығады да: «Алла Тағалаға және оның елшісіне  ﷺ қарсы шыққан адамдарды дәнек терген құстар секілді теріп-теріп алып, тозаққа әкетеді. Осыдан кейін үшінші мойын шығып», - деп Алла елішісі ﷺ айтып жатқан кезде Әбу әль-Мүнһәл: «Олар суретшілер болады ма деп ойлап қалдым», - дейді. Артынан Пайғамбарымыз ﷺ үшінші мойын турасында айтқанда расында тозаққа тасталатын үшінші топ суретшілер болып шықты (осы ретте айта кеткен жөн, мұндағы суретшілер -  кезінде пұтқа табынатын дәуірде сол пұттарды суреттеуші, бейнелеуші адамдар турасында айтылған).  Осылайша, үш топ жәннатқа, үш топ тозаққа кіргеннен кейін мизан таразысы қойылып, есеп-қисап басталады», - деген Алла елшісі ﷺ.

Барша мұсылман бауырды, осы үш топтың соңғысы болып қалудан Алла Тағалаға сыйынамыз. Алла игі амалдарымызға мол сауаптан беріп, жәннаттық еткей!

 

Айтқазин Рауан Төлеубекұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің наиб имамы

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары