Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Исламда қорқор (кальян) шегудің үкімі қандай?
05 ақпан, 2017 жыл 12335 Басып шығару нұсқасы
Қорқор шегу арқылы ішке кіретін 25 грамм табак 60 тал шылым шеккендей әсер береді.

Ислам - барша адамзаттың екі дүниедегі бақытын көздейтін дін. Олай болса, ислам шариғаты адам баласына қандай да бір зиян тигізетін жағдайға жол бермейді. Себебі Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге түсірмеңдер»[1],-деп қатаң ескерткен. Осы бұлтартпас дәлелге сүйене отырып, әлемге аты әйгілі әл-Азһар университетінің пәтуә беру алқасы темекіні харам екендігіне үкім шығарған. Темекіден зияны анағұрлым басым келетін қорқордың да харамдығын көрсеткен заманауи ғалымдар да бар.

Қорқордың қаншалықты зиян, харам екендігін растайтын медицина мамандарының ғылыми зерттеулері мен пікірлеріне тоқталар болсақ: Медицина мамандары қорқордың да темекі өнiмдерi арқылы әзiрленетiнiн, оның қаншалықты зиян екенін айтуда. Осы саладағы жасалған соңғы зерттеулерге көз жүгіртсек, қорқор құрбандарының өкпе, жүрек-қан тамырлар ауруларын, сондай-ақ жаман ауру - қатерлі ісіктің өршуіне әкеп соқтырады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дабылына құлақ түрсек, қорқор түтіні темекідегіден де көп көмірқышқыл газы мен ауыр металдардан тұрады. Қорқор шегушілердің қанындағы котонина (cotinine) шылым шегушілерге қарағанда жоғары болады екен. Канадалық медицина мамандарының мәліметіне сүйенсек - әдеттегі табак шөбін қабылдағанға қарағанда кальянның зияндылығы едәуір үлкен деген тұжырымда. Неміс ғалымдары кальянның зияндығын анықтайтын аппарат ойлап тапқан. Олар адам өкпесіндей цилиндрдің ішіне қорқордан шығатын түтінді жіберген. Нәтижеде сол цилиндрдің ішіне енген түтінді көрсетіп тұратын құрылғы өзіне жұтылған түтіннің көлеміне қарай соншалықты зиянды қалдықтардың жиналғанын көрсеткен. Қорқор шегу арқылы ішке кіретін 25 грамм табак 60 тал шылым шеккендей әсер береді. Ал ол үш қорап шылымның зияндылығын берері сөзсіз. Құрамында никотині бар заттың зиянды екендігінде ешкімнің де шүбәсі жоқ. Қорқордың құрбандарының пайымдауынша «қорқор құтысында су сүзгіші (фильтр) бар, ол қорқор құрамындағы зиянды заттарды жақсы сүзгіден өткізеді» деп өздерін ақтап алып жатады. Алайда қорқор құтысындағы баяулап жанып тұрған көмір мен түтіннің қызуы - Цельсий бойынша 400-ді құрайды. Тіпті, оның кальяндағы салқын су арқылы өтуінің өзі залалсыз температураға дейін суытып үлгере алмайды дейді мысырлық медицина саласының ғалымдары. Әрине, хош иіске құныққан адамның құмарлығы одан да арта түсетіні белгілі. Түбінде ол дертке айналады. Гигиеналық тұрғыдан таза деп те айта алмайсыз. Себебі бір емес, бірнеше адам бір түтіктен сорған соң, оны «жұқпалы індеттің ордасы» деп атауға да болады. Ауыздан-ауызға өткен соң, одан герпес, туберкулез, сарауру сынды жұқпалы дерттердің өрши түсетіні дәлелденген. Шариғат талаптарының қойған бес мақсаты - дінді, адам жанын, ақылын, тегін және мал-дүниесін сақтауды көздейді. Осы аталмыш бес мақсатты тарқатып айтар болсақ - біріншіден, қорқорды шегу - жоғарыдағы берілген Құран үкімі мен соған негізделіп берілген білікті ғалымдардың пәтуәсына байланысты шариғатқа қайшы амалдардың қатарына жатады. Екіншіден, жоғарыдағы медицина мамандары мен ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, адам жанының саулығын бұзатындығы ғылыми тұрғыдан анықталған. Ендеше аталмыш медицина мамандары мен ғалымдардың көзқарасына қарағанда кальянның адамға келтірер зияны орасан зор. Исламда адамға зиян тигізуге жол жоқ. Бұған байланысты Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Зиян шегуге де, зиян келтіруге де болмайды»[2],-деген мағынасы терең сөз қалдырған. Сондай-ақ мұны шеккен адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, өзіне еріксіз тәуелді етіп қояды. Осылайша адам оны басында қызығушылықпен, басқаларға еліктеумен шегудің нәтижесінде, бірте-бірте сатылап тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады. Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әке-шешесіне қарсы келуші, күнәлі іске тәуелді[3] кісі және істеген жақсылығын бетіне басып міндетсінуші жәннатқа кірмейді»[4],-деп қатаң ескерткен хадисі лас затқа тәуелділіктің шариғатқа томпақтығын көрсетеді. Олай болатын болса, мұндай заттар еліміздің болашағына еңбек ететін, жанашыр азаматтары мен азаматшаларына зияны көп. Үшіншіден, қорқордың генге зияндылығын бағамдап көрер болсақ, бұл лас зат адам ішіне әдеттегі біз білетін никотинді кіргізгенімен қоса, қауіпті деп танылған бензапирен деген улы затты да ендіреді. Бензапирен - жоғары дәрежелі қатерлі ісіктің пайда болуына апаратын заттектің қатарына жатады. Сонымен қатар бұл зат адам генінің бұзылуына апаратын бірден бір фактор. ДНК-ның мутациялық бұзылуына себепкер болады. Ал бұл қанмен болашақ балаға да барып, тұқым қуалайтын дертке айналады деп дабыл қағуда медицина мамандары. Демек, шариғат мақсаттарының үшіншісі тектің амандығын бұзып, кесірін тигізеді. Төртіншіден, кальянды пайдалану - от тегіне қарағанда көмірқышқыл газы гемоглобинмен көп байланысты болады. Сол себепті қорқорқұмарлар үнемі гепоксияға (от тегінің жетіспеушілігі) түсіп жатады. Оның салдарынан ми, жүрек, бауыр, бүйрек, бұлшық еттер мен басқа да жасушалар от тегінің жетіспеуінен қатты қиналады. Әсіресе, ми мен жүрек ауыр соғады,-дейді медицина мамандары. Мұны қасиетті Құран тілімен айтар болсақ: «Оларға жаман нәрселерді харам етеді»[5],-деген.

Бесіншіден, адамның қалтасын қағып, бос түтінге ақша шаштырады. Мал-дүниесін ауаға ұшыруға итермелейді. Ал бұл ысырапқа жататынын ескерткіміз келеді. Нәтижесінде өз ақшасына, басына бәле болып жабысатын, кей жағдайда еміне кететін қаражат сатып алған дертіне қарағанда бірнеше есе болып шығаратын ауру сатып алады. Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Шайтан Раббысына өте қарсы»[6],-деп ысырапқорлардың дәрежесін көрсетіп берген. Қорыта келе, Жаратушы Жаппар иеміз адам баласын барша жаратылыстан артық, үстем, әдемі әрі ешкімге де берілмеген ақылды етіп жаратқан. Алайда адам баласы берілген ой санасы арқылы бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсінсе де соған үйірсек келетіні, әсіресе Аллаһтың тыйым салған, лас заттарға бейім болатыны өкінішті-ақ. Аллаһ тағала қасиетті Құранда:  «Олар жер бетінде жамандық, бұзақылық жасауға ұмтылады»[7],-деп айтқан. Осыған қарамастан өзімізге аманат етіп берілген дене мүшемізді, ақыл-санамызды улап жатамыз. Қасиетті Құранда:  «Расында адам баласын ардақты еттік. Сондайақ оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Сонымен қатар оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық»[8],-деген. Олай болатын болса, артық әрі әсем етіп берген  Жаратқанның сыйын шайтанның лас істерімен бүлдірмейік. Одан біз қиямет күні сұралатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Мұндай зияны шаш етектен келетін харам заттан аулақ болайық ағайын.

Қанат Бекжанов ҚМДБ-ның Діни сараптама және ғылыми талдау бөлімінің меңгерушісі

[1]«Бақара» сүресі, 195-аят.

[2] Субулу-с сәләм, әс-Сунғани, 3-том, 84-бет. [

3] Арақ, есірткі, темекі және қорқор секілді зиянды заттарға тәуелділік.

[4] Мусаннаф ибн Әбу Шәйбә, 5-том, 98-бет, 24079-хадис.

[5] «Ағраф» сүресі, 157-аят.

[6] «Исра» сүресі, 27-аят.

[7] «Мәида» сүресі, 33-аят.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары