Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жұдырық мұндай адамды ұра алмайды
10 наурыз, 2017 жыл 1187 Басып шығару нұсқасы

Жұмсақтық – адам бойындағы ең асыл, баға жетпес мінездің бірі. Мінезі жұмсақ адам кешірімді, байыпты, байсалды, ашуға бой алдырмайтын, сабырлы, шыдамды, көңілдің күйін алыстан бағамдайтын парасатты, кішіпейіл, жанашыр, жылы жүзді, майда тілді келеді.

«Қауызында дəні жоқ – сабан мінезді адам болады; қорсылдаса көңілі тоқ – қабан мінезді адам болады» деген секілді дөрекілік пен дойырлық қай кезде де рухани осалдық, жабайы мінез ретінде сынға алынып, ал жұмсақтық қай халықта да игі саналған. Дана қазақ «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «Түсі игіден түңілме», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» десе, қарақалпақтар «Қатты ағашты жейтін – жұмсақ құрт», моңғолдар «Жұмсақ жүрек – жомарттықтан көп артық», қытайлар «Ашулы жұдырық – күліп тұрған бетті ұра алмайды» дейді екен. Армяндар «Айтқаның «жаным» болса, еститінің де «жаным» деп ой салса, эстондар «Жылы сөз – салқын судан да жақсы сергітеді» деп бағалайды. Байқасаңыз, бүкіл адамзатқа ортақ осы қасиет – мұсылманға тəн мінез. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уə сəллам) пайғамбар болғанға дейін де, кейін де ең жұмсақ мінезді жан еді. Құранда Аллаһ тағала оның осы мінезін мақтап, қатал адамның маңайына жан жуымасын былай деп білдірген: ﺣ ﻮَ ﻟْ ﻚِ َ ﻣ ﻦِ ْ ﻻ ﻧﻔ َ ﻀَ ﱡ ﻮا ْ ا ﻟ ﻘْ ﻠَ ﺐْ ِ ﻏ ﻠَ ﯿﻆِ َ ﻓ ﻈَ ﺎ ﻛ ﻨﺖ ُ َ و ﻟَ ﻮَ ْ «Аллаһтың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді»[183]. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне жасалған қастандықтар үшін ешкімнен кек алуды көздемеген. Елшілік міндетін орындап, Ислам дінін жая бастаған алғашқы жылдары Құрайыштың азулы мүшріктері оны мазақтап, келеке-қылжаққа айналдырып, жүретін жолдарына тікен тастап, үстіне малдың қан-жынын төгіп, тасадан тас лақтыратын еді. Бұнымен қоймай, сиқыршы, айлакер, арбағыш, балгер, өлең шығарғыш деген секілді жаланың неше түрін жабатын. Алайда олар қанша жамандық жасаса да, Пайғамбарымыз шыдамдылық танытып, ашуланбайтын. Өйткені ол қаттылыққа қарағанда жұмсақтықтың анағұрлым артық екенін, тамшылаудан танбаған су ғана тасты тесетінін, зорлықты тек сүйіспеншілікпен ғана жеңуге болатынын жақсы білетін. Жұмсақмінезділікті ол өз іс-əрекетімен үлгі етіп көрсетумен қатар, бірқатар хадистерінде де үмбетін осыған шақырған: «Қиямет күні Аллаһтың алдында дəреже тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам», «Аллаһ тағала – жұмсақ, əр ісінде жұмсақтық танытқандарды жақсы көреді, жұмсақ мінезділерге нəсіп еткен игіліктерін басқа ешкімге нəсіп етпейді»[184], «Жұмсақтықтан мақұрым адам – барлық жақсылық атаулыдан мақұрым»[185], «Адамдарға істің оңайын білдіріп, жұмсақтық танытқан мүмин тозаққа түспейді»[186], «Қай жерге жұмсақтық ұяласа, сол жерді əсемдейді, жұмсақтық жоқ жерде ақау пайда болады»[187] т.б. Бір аймаққа сахабаларын жіберсе, «(Дінді) ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер. Жек көргізбеңдер, сүйдіріп үйретіңдер»[188], – деп ескертіп, қаттылықтың еш опа-жақсылық əкелмейтінін, қай кезде де жүрекке жұмсақтықпен ғана жол табу керектігін ұқтыратын. Бір жолы Пайғамбарымыз сахабаларымен мешітте əңгіме-дүкен құрып отырғанда, сырттан кірген бір бəдəуи əлден уақытта мешіт шетіне барып кіші дəрет сындыра бастады. Оның бұл қылығын көрген сахабалар ашумен өре түрегелісті. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға: «Тиіспеңдер, аяқтасын. Артынан ол жерге бір шелек су төгерсіңдер, өйткені сіздер қиындатуға емес, жеңілдетуге жіберілгенсіздер», – деп басу айтты. Іле əлгі бəдəуиді қасына шақырып, қателік жасағанын жай сөзбен былай деп түсіндірді: «Мұндай мешіт орындары дəрет сындыруға, я болмаса, басқа да ластықтар үшін арналмаған. Мешіттер Аллаһты еске алып, намаз оқу үшін, Құран оқу үшін салынады»[189]. Негізі, сахабаларға қарағанда бұған Пайғамбарымыздың көбірек ашулануы керек еді. Неге

десеңіз, өзі бас болып салдырған əрі тек ғибадатқа ғана арналған мешітте жасалған бұл іс дөрекіліктің сойқаны болатын. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.с.) бəдəуидің оны əдейі емес, білместікпен жасағанына түсіністікпен қарап, барынша жұмсақтық танытты. Кешіріммен қарап, сабырға салды. Өйткені Екі жаһан сардары (с.а.с.) нашар қылықты адамға жұмсақмінезділік танытқанда ғана оның түзелетінін жақсы білетін. Жиырма үш жылдық тəлім-тəрбие жұмысында Пайғамбарымызды зор табысқа жеткізген жайттардың бірі – оның кешірімді əрі өте жұмсақмінезді болғандығы екенін осы мысалдан айқын аңғара түсудеміз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) шаңырағындағы қызметшілеріне де барынша жұмсақмінезділік танытатын. Айтқанын істемесе не ұмытып кетсе, сыпайы түрде ғана себебін сұрайтын. Сахабаларымыздан Əнас ибн Мəлік Пайғамбарымыздың бұл қасиетін былай деп еске алады: «Он жыл бойы Аллаһ елшісіне (с.а.с.) қызмет қылдым. Он жылдың ішінде бір де бір рет мені сөккен емес, бір істі істемесем, «Қап, соны істеуің керек еді» деп, не болмаса «Бұны неге бұлай істедің?» – деп қабақ шытқанын көрген емеспін»[190]. Аллаһ тағала қатты азғындаған Перғауынды тура жолға шақыру үшін Мұса мен Һарұн пайғамбарларды жұмсағанда, ﯾ ﺨَ ﺸْ ﻰَ أ وَ ْ ﯾ ﺘَ ﺬَ ﻛَ ﱠﺮ ُ ﻟ ﱠﻌ ﻠَ ﱠﻪ ُ ﻟ ﱠﯿ ﱢﻨﺎ ً ﻗ ﻮَ ﻻْ ً ﻟ ﻪَ ُ ﻓ ﻘَ ﻮﻻ ُ َ «Барып оған жұмсақ сөз айтыңдар, мүмкін насихаттарыңа құлақ салар, бəлкім үрейленер»[191] деп, жұмсақтықты негізге ала отырып майда тілділікпен, жылы-жылы сөз бастау керектігін үйреткен. Бірде Халифа Мəмунға бір кісі келіп, қателіктерін бетіне басып, қатаң ескертулер жасай бастағанда, Халифа оған қарап: «Əй, сенің мына дөрекілігіңді неге жатқызуға болады, кішкене жұмсақтау болсаңшы?! Аллаһ тағала сенен де жақсы кісілерді (Мұса мен Һарұнды) менен де нашар адамға (Перғауынға) жіберерде, жұмсақ сөйлеу керектігін айтпап па еді?!» – деп, жоғарыдағы оқиғаны еске алып, жұмсақ тілмен айтылған насихаттың ғана адамға пайда беретінін меңзеген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірбаяны жазылған кітаптарда оның өте кішіпейіл, мейірімді əрі жұмсақмінезді жан болғандығының мысалдары көп кездеседі. Сахабалардың айтуынша, Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллам) тумысынан қатал кісінің өзін ерекше ілтипат, жылы жүз, жұмсақ тілімен демде баурап, өзіне үйіріп əкететін. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһ тағала барлық тіршілік иелеріне жақсы қарауды бұйырды. Олай болса, мал бауыздағанда да, оны қинамаңыздар. Малды бауыздарда пышақтарыңызды жақсы қайрап, оны жұмсақ бауыздаңыздар», – деп, тіпті мал бауыздағанда да жұмсақтық пен аяушылықты ұмытпауды ескертетін[192]. Үнемі Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жүзінен нұр, жүрегінен жылу төгіліп тұратыны əр сахабасы секілді Амр ибн Асқа да қатты əсер еткені соншалық – ол да Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін адамы мен шығармын деген ойға қалған. Тіпті бірде шыдамай: «Уа, Аллаһтың елшісі, айтыңызшы, Əбу Бəкірді көбірек жақсы көресіз бе, жоқ мені ме?» – деп сұраған да еді. Пайғамбарымыздың өзіне жақын сахабаларына жиі көрсеткен бұндай жылы жүзділігі мен ыстық ілтипаты – үлгі-өнеге аларлық сүннет екені сөзсіз. Ибн Аббастың риуаят етуінше, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Абдулқайысұлдарынан Əшажға: «Сенде Аллаһ сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақмінезділігің мен ықтияттылығың», – дегенде де, бұл екеуі Құдай сүйетін ең керемет мінез екенін білдірген[193]. Ақын ағамыз Мұқағалиша айтқанда, «Тайраңдап алды-артына қарамайтын түйсіксіз тайлақ» іспетті адуын не дөрекілік – көңілді қаралап, жанды жаралайтын, көргенсіздіктен

туатын қаншалықты нашар қылық болса, майдай жұмсақтық, иілгіштік, кешірім жасай білу – тектіліктен, имандылықтан, көргенділіктен өріс алатын соншалықты ұнамды əрі зəру қасиет. «Сен қатал, ашуланғыш болған сайын ісің өрге баспайды. Өзің жылы жүз таныта алмасаң, ел де саған инелерін шығарып домалана қалған кірпі секілді көрінері рас» деген мəнді сөздің иесі əулие Мəулана Руми бірде намаз оқып жатқанда, үйіне бір қайыршы бас сұғыпты. Мəулананың намазға қатты тұңғиықтап кеткенін көрген қайыршы дереу бір кілемшені ұрлап шығып кетсе керек. Мұны байқап қалған көршісі ол ұрыны базарда əлгі кілемшені сатып жібермек болып тұрған жерінен ұстап алып, ұрып-соғып Мəулананың алдына алып келіпті. Сонда əлгі ұрының кейпін көріп жаны ашыған Мəулана «Алса, бəлкім, керек болғаннан кейін алған шығар, соған бола бұл байғұсты ұрып-соқпай, қолынан сатып-ақ ала салсаң болмас па еді», – деп аяушылық танытса керек. Апыр-ай, Пайғамбарымыз үйреткен кешірімділік пен жұмсақмінезділікті бойына осыншалықты сіңірген жандарға не деуге болады! Өзіне жамандық жасап тұрған адамның өзін кешіріп, жанашырлықпен қарай білу, оған қайта жақсылық жасау – Ислам тағылымын терең меңгерген жандарда ғана кездесетін асыл қасиет болса керек![194] Мұсылманшылықты ұстанған ата-бабаларымыз да халық арасындағы бауырмашылдық пен бірлікті, ынтымақ пен ағайындықты нығайтуда əрқашан жұмсақмінезді болуды насихаттаған. Əбубəкір Кердері бабамыз (1861-1905) бұл қасиеттің бойдағы жылу, жүректегі иманнан келетінін білдіріп: ...Нұр иманның белгісі – Көңліміздің жұмсағы! – десе, оны Əсет Найманбайұлы (1867-1923): ...Мамықтай мінезіңді жұмсақ қылып, Жылы жүз, тəтті сөзбен мақтауға тол, – деп толықтырады. Ал Ахмет Яссауи бабамыз мұсылман баласының бір-біріне тым қатал болып кеткенін сынға алып, оны заманның сұмдығына балап, ашына өлеңге қосқан: Мұсылман мұсылманға болды қатал, Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл. Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын Ғажап сұмдық замана болды, достар! «Басына қонған бақыттың тұрақты болуы адамның жақсы мінез-құлқына байланысты» деп əл-Фараби бабамыз ой қозғаған жақсы мінез-құлық турасында Алаш ардақтыларынан Міржақып Дулатұлы да шет қалмай: Майда бол, жігіт болсаң тал жібектей, Жақсы емес қатты болуы тікенектей, – деп, қаттылықты тиіп кетсең денеңді жарақаттайтын тікенекке ұқсатқан. «Көңілі жұмсақ адамның – күрмеуін Аллаһ шешеді», – деп, Шəкəрім бабамыз атаған биязымінезділік пен жұмсақтық, сыпайыгершілік пен майда тілділік əсіресе үлгілі сөз айтып, ұнамды ақыл-кеңес беретін, тəлім-тəрбие, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатындарға қатты керек екенін ескерсек, бұны Əріп Тəңірбергенұлы бабамыз өз өлеңінде тамаша жеткізген: Болмайды насихатшы неге жұмсақ, Майда тіл əсер қылмақ түбін қусақ. Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар Сағынар тəтті сөзге əркім сусап. Мұсаны перғауынға жіберді Хақ, Сөз айтсаң, əмір қылма, жұмсақ боп бақ. Жұмсақ сөзбен тəрбие тез ұғылмақ

Көзі барлар көрмей ме осыны нақ?! Осы бір халыққа жағымды мінез турасында мына бір тəмсіл де өз мəнін жоймақ емес: Бірде екі сатушы қатар тұрып біреуі лимон, екіншісі тəтті алма сата бастапты. Бірақ неге екенін, лимон сатып тұрғанның саудасы жақсы жүріп, алма сатып тұрғанға көбіне-көп ешкім беттей қоймапты. «Тəтті тұрғанда елге қышқыл ұнағаны қалай, тəтті алмамнан неге жұрт алмайды?» – деп ойлаған екінші саудагер бұның мəнісін білмек болып бір данышпанның алдына барыпты. Сонда данышпан оған: «Сен тəтті сатып тұрғанмен, түрің суық, қабағың қату екен, ал анау қышқыл сатқанмен, жылы жүзді, майда тілді екен. Ел өңі жылы, сөзі жұмсақ адамдарға көбірек үйір келеді. Бұның бар мəнісі осы», – деп түсіндірген екен. Расында да жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауырластыққа шақырса, түксиген қабақ, түңкиген мінез, бырқыл жауап, дөң айбат не дөрекі сөйлеу – адамның жеке мəдениеттен жұрдай екенін сездіріп, адамды адамнан суытады, көңілін қалдырып, өкпе-ренішке соқтырады. Дөрекі сөйлеген адамға қандай жауап айту жөнінде хазірет Али: «Дөрекі адамға сөз қайтарам деп əуре болмаңыз. Өйткені оның басқа да дөрекі сөздері жетерлік. Жауабыңызға тағы сондай құлаққа түрпідей тиетін дөрекі жауап қайыруы мүмкін. Надан адамға əзіл айтып та бекер, найзадай сөзімен көңіліңізге қаяу салып, бойыңызды мұздатады», – десе, Абай атамыз да дөрекі адамдарға дəл сондай дөрекілікке салынып жауап берудің жөн еместігін білдіріп: «Ит тістеді екен деп, мен де барып итті тістесем, аузымда не қасиет қалады?!» – деген екен.

"Ислам және өнеге"

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары