Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Мені Раббым тəрбиеледі!»
08 қазан, 2022 жыл 713 Басып шығару нұсқасы

Тарихта адами болмысына рухани кемелдігі жарасып, тəн сұлулығын жан сұлулығымен ажарландыра түскен тұлғалар некен-саяқ. Сондай ғажап тұлғаның бірі əрі бірегейі –

Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) болғаны белгілі. Аллаһ тағаланың ерекше сүйіп жаратқан пендесінің қай қырына көз салсаңыз да, таңғы шықтай мөлдірлігі мен періштедей пəктігіне куə боласыз. Көркемдігіне көз тойдырып, көңіліңіз тебіренеді. Кір шалмаған жан айнасына үңілгенде, ақыл-парасатына жығылып, Пайғамбарлығын мойындай түсесіз. Бойдағы қасиеттерінің əрбірі əлемге ұстаз ретінде келген жанның үлкен өнеге, мол тəрбие егесі екенін аңдатуда. Ақиқат алыбы (с.а.с.) тым кішіпейіл еді. Оның өмірде аштыққа сабыр етіп, тоқтыққа шүкір еткен құл пайғамбарлықты таңдауы[229], жұпыны ғана тірлік кешіп, «Мен Аллаһтың құлымын» дегенді мақтана айтуы да осы кішіпейілдігінен туған. «Жүрегінде тозаңдай тəкаппарлық бар адам жаннатқа кірмейді»[230], – деп ескерткен ол əрқашан өзін айналасындағы адамдармен қатар ұстаған. Бай-кедей деп алаламай, баршаға ыстық құшағын айқара ашқан. «Кімде-кім кішірейсе, Аллаһ оның абыройбеделін көтере түседі; Кімде-кім өзін зор қылса, Аллаһ оны қор қылады»[231], – деп, үнемі сыпайы мінез, биязы қалпынан танбаған. Кездескен адамға бірінші болып амандасуы да осыған дəлел. Мешіт жұмысында ел бір кірпіштен тасыса, ол екі кірпіштен тасыған. Өз шаруасын өзі атқарып, үй ішінде жарларына көмектескен. Бұл жайында Айша анамыз (р.а.): «Аллаһ расулы үй ішінде киімін өзі жамап, аяқ киімін өзі жөндеп, əйелдерінің үй шаруасына жəрдем ететін»[232], − деуде. Жетімді аяп, жесірге пана болып, науқастардың қалын сұраған. Қарсы алдына келгенде өзінен қорқып дірілдеген адамға: «Бауырым, қорықпа, мен де сен сияқты қатқан нан жеген Құрайыштың бір əйелінің баласымын»[233], – деп басу айтқан. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осындай тамаша қасиеті жайында ғалым Қады Ияд: «Аллаһ тағала нəсіп еткен жоғары дəрежесіне қарамастан хазірет Пайғамбар өте кішіпейіл еді. Өркөкіректік оның табиғатына жат болатын. Ешқашан тəкаппарланбайтын. Атына мінгенде, артына адам мінгестіріп, кедей-кепшіктің үйін аралап, пақырлармен отырып əңгімелесетін. Құлдардың шақыруын қабылдап, қонаққа баратын. Сахабаларымен араласып, бір жиынға барғанда, ешкімді орынан тұрғызып əурелеместен, шеттегі бос орынға жайғаса кететін»[234], – деген. Ақиық елші (с.а.с) үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет көрсетуден жалықпаған. Өз өмірінде қашан да қарт кісілерді құрметтеуімен, жасы кішілерге мейірбандық танытуымен үлгі көрсеткен. Су немесе сүт ішкен кездерінде түгел ішпей, оң жағында отырған кісіге де ішкізетін. Егер ол кісі жасы кіші болса, рұқсатын сұрап барып, сол жағындағы кісіге де ұсынатын. Қандай да бір оқиғаны жасы кіші адам баяндамақ болса, оны тоқтатып, жасы үлкеніне айтқызатын[235]. Хадистерінде осындай ибалыққа, сыпайы мінезге шақырып былай деген: «Үлкендерімізге құрмет көрсетпеген, кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес»[236], «Аллаһ тағала жасына бола үлкен кісіні құрметтеген жанға, ол қартайғанда да өзін құрметтейтін кісілерді нəсіп етеді»[237]; «Түсімде тістерімді мисуакпен ысқылап жатыр екенмін. Бір уақытта қасымда бірі егде, бірі жас екі кісі пайда бола кетті. Мен қолымдағы мисуакты жасы кішісіне бергім келіп еді, алайда сол мезет маған «Жасы үлкеніне бер» деген дауыс естілді»[238]т.б. Сүйікті елші (с.а.с.) көрген жақсылығын ешқашан ұмытпайтын. Өзіне жақсылық жасағандарға өзі де əрдайым сый-құрмет көрсетуге тырысатын. Бар байлығын Ислам жолына арнап, өзіне үлкен қолдау білдірген[239] алғашқы жары Хадиша анамызды (р.а.) үнемі еске алып отырғандығы осының айғағы[240]. Бір жолы үйіне бас сұққан Хадиша анамыздың сіңлісі Хауланың дауысын естіп, марқұмды

тағы да тебірене еске алғанына Айша анамыз (р.а.) қызғанышпен реніш білдіріп: «Аллаһ сізге одан да қайырлысын берген жоқ па?!» деп өзін меңзеген еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ, Аллаһ тағала маған одан артық ешкімді берген емес. Ешкім айтқаныма сенбеген кезде, ол сеніп еді. Ел менен теріс айналғанда, сол ғана ақиқатты айтқанымды мойындап еді. Ешкім маған ештеңе бермеген кезде, сол ғана маған дəулетін тосып, қолдап еді. Əрі Жаббар ием содан маған ұрпақ нəсіп етті»[241], – деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің сүт анасына да зор құрмет көрсеткен. Арада көп жыл өтіп, Мекке азат етілгеннен кейін, өзін іздеп келген сүт анасы Халимаға шапанын төсеп, төрге отырғызған[242]. Хауазин тұтқындарымен бірге əкелінген емшектес бауыры Шəйманы да сыйлап, айтарлықтай көңіл бөліп, тайпасына қайтарында мол тарту-таралғымен шығарып салған[243]. Мекке кезеңінде мұсылмандарды үш жылдай оқшаулап шөлге тықсырғанда, пұтқа табынушылар бекіткен қатаң ережені жойып, мұсылмандардың Меккеге оралуына көмектескен, Тайыфтан қайтқанда Пайғамбарымыздың Меккеге кіруіне көмектесіп, қамқорлық танытқан Мұтғим ибн Ади Бəдір соғысында мүшріктер арасында өліп еді. Мұтғимның баласы Жабир соғыстан кейін тұтқындарды қайтару үшін Пайғамбарымызға жолыққанда, кезінде əкесінің мұсылмандарға жасаған жақсылықтарын еске алып: «Мұтғим ибн Ади тірі болып, тұтқындарға кешірім сұраса, бəрін босатар едім», – деп, өзінің жасаған жақсылықты ұмытпайтын опалылығын байқатқан еді. Ансарларды да үнемі аузынан тастамай игі дұғасына қосып отырғандығы оның жақсылықты ешқашан ұмытпаған қасиетін аңғартуда[244]. Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) дархан пейілді өте қонақжай еді. Құранда Ибраһимнің (а.с.)[245]ең ізгі қасиеттерінің бірі ретінде аталған бұл мінез Пайғамбарымызға да тəн еді. Құтты шаңырағынан үнемі қонақ үзілмеген деуге болады. Ибн Сағыдтың айтуынша, Əбу Хұрайра (р.а.) расулаллаһтың аш жүретіндігі жайлы əңгіме қозғағанда, Ағраж бұның себебін сұраған. Сонда Əбу Хұрайра (р.а.) бұны ол кісіге келімді-кетімді қонақтардың көптігімен, үнемі жанынан айырылмай бір топ адамдардың жүретіндігімен, оның үстіне қасында сахабалары не суффа асхабы болмаса, Пайғамбарымыздың асты ауызға алмағандығымен түсіндірген[246]. Арабстанның əр қиырынан өзін іздеп келген қонақтарға барынша көңіл бөлетін. Мейлі елшілік мақсатпен келсін, мейлі жай келсін, ол кісілерге жақсы қарауды тапсыратын[247]. Мəселен, Бəни Ханифа қонақтары өздерін Рəмла ибн Харистың үйінде күткенін, таңертең жəне кешке нан мен ет, бір жолы нан мен сүт, бір жолы нан мен май беріп сыйлағандығын айтқан[248]. Мəдинаға келетін елшілер немесе басқа да кісілер қонақтарға арнайы дайындалған Рəмла ибн Харистың үйінде[249] немесе Абдуррахман ибн Ауф[250], Фəруа ибн Амр[251], Əбу Əйюб Ансари[252] (р.анһум.) секілді сахабалардың шаңырағында, я болмаса мешітте тігілген шатырда[253] күтілетін[254]. Өсиеттерінде қонаққа дəм беруге асығуға шақырып[255], қонақ келген үйге құт-берекенің қоса келетіндігін білдірген[256]. Тəлімі мінсіз тəлімгер (с.а.с.) өте сабырлы еді. Меккеде халықты Ислам дініне алғаш шақыра бастағанда, өз жақындары тарапынан қанша құқай көрсе де, лəм-мим демеген. Басын сəждеге қойып, намаз оқып тұрғанда, үстіне түйенің қан-жынын қотарып айызы қанғанша келемеждегендерге, Тайыфта жарыса тас лақтырып, аяғын қанатып, Ұхыдта тісін сындырғандарға да қатты назаланып, қарғыс айтпаған. Өзін өлтіруге талай əрекет жасағандарға бар болғаны «Раббым олар мені білмейді ғой, білсе бұлай істемес еді» деп қынжылатын да қоятын. Құранда «Əй, иман еткендер! Сабырмен, намазбен Аллаһтан жəрдем тілеңдер! Күмəнсіз, Аллаһ сабыр етушілермен бірге»[257] делінгендіктен, үнемі ашуын сабырға жеңдіре білетін.

Пұтқа табынушылар «сиқыршы», «айлакер», «ақын», «айықпас ауруға шалдыққан» деген секілді түрлі жала жапса да, ешбіріне мойымай, төзе білген. Хадистерінде «Сабыр – алғашқы соққы тиген сəттегі көрсетілген сабыр»[258], «Сабыр – иманның жартысын құрайды»[259], «Сабырдың діндегі орны, бастың денедегі орны секілді»[260], «Саған ұнамаған нəрсеге сабыр етуіңде үлкен игілік бар»[261] деп мұсылман үмбетін сабырлы, шыдамды, төзімді болуға шақыратын. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сыртқы түр-тұлғасы мен бітім-болмысы да келісті еді. Риуаяттарда былай делінген: Ол сымбатты келген[262], қызыл шырайлы, жылы жүзді кісі болатын. Жүзінен нұр есіп тұратын. Бет-əлпеті аса дөңгелек те, толық та емес еді. Бойы ортадан сəл биіктеу болатын. Өзінен бойшаң адаммен қатарласқанда, Пайғамбарымыз одан еңселі болып көрінетін. Иықты əрі арқа сүйегі ірілеу адам болған[263]. Шапанын шешкенде, денесі қалыпқа құйылған күмістей болып жарасымды көрінетін[264]. Екі жауырынының арасында ай пішіндес немесе көгершіннің жұмыртқасына ұқсас жұдырықтай пайғамбарлық мөрі бар болатын[265]. Қарны шығыңқы емес, көкірегімен бір деңгейден аспайтын. Саусақтары салалы, алақаны кең, аяқ-қолдары түзу еді. Басы сəл үлкендеу, кейде құлағының жартысына дейін, кейде иығына дейін жететін[266] шашы толқынданып тұратын. Шашын кейде ортасынан бөлгенде, кекілі екі көзінің ортасына түсетін[267]. Қастары қалың, бір-біріне қосылмайтын[268]. Көңілі əлденеге алабұртқан кезде, екі қасының ортасындағы тамыры білеуленіп кететін[269]. Кең маңдайлы еді[270]. Шашы қайырылған кезде жазық маңдайы жарқырап көрінетін. Көзі үлкен əрі қап-қара еді[271]. Кірпіктері ұзын болғандықтан, көзін жұмған кезде, бір-бірімен қамасып тұратын[272]. Сөйлеген кезде, аузынан нұр төгілгендей əсер беретін. Тершең еді. Терлеген кезде, денесінен хош иіс шығатын[273]. Қолынан да əрдайым хош иіс аңқып тұратын. Онымен амандасқан адамның қолынан кешке дейін осы бір əдемі иіс кетпейтін. Жүрісі ширақ əрі шапшаң еді[274]. Даусы ашық əрі жағымды болатын[275]. Бұл жайлы бір сахаба былай дейді: «Бізге Минада уағыз айтқан кезде, тынысымыз кеңіп, көңіл сарайымыз ашылатын. Тіпті үйімізде отырғанда да осы бір жағымды дауыс көпке дейін құлағымыздан кетпейтін»[276]. Қорыта келгенде, сүйікті елшінің қай қасиетін алсақ та адамзатқа үлгі-өнеге көрсеткенін байқайсыз. Сынына сызат түсірмеген мінез сұлулығына, кішілігімен баураған кісілік келбетіне, парасаты өлшеусіз пайғамбарлық тұлғасына тəнті боласыз. Бұдан басқа да асқан сабырлылық, мейірімділік, жомарттық, ибалық, кешірімділік, əділеттілік, шыншылдық секілді қол жетпейтін қаншама жақсы қасиеттерді бойға сіңіргеніне қарап, өзінің «Мені Раббым тəрбиеледі» дегеніне көз жеткізе түсесіз. Көз жеткізген сайын, іштей сүйсініп, оның əрбір көркем қасиетін өзіңізге үлгі тұта бастайсыз. Айналасына шұғылалы шуақ шашып, əлі күнге хақ нұрына бөлеп келе жатқан біртуар жанды зор мақтаныш етесіз. Ақыретте өзіне тиесілі «махмуд» мақамына жетіп, мерейі шалқып, беделі биіктей берсін деп сансыз салауатыңызды жаудырасыз.

"Ислам және өнеге"

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары