Адамға тәрбие тал бесіктен сіңеді. Табаранидың Мұғжамында Жәбір ибн Сумрадан жеткен хадисте Алла елшісі ﷺ : «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні садақа бергенінен артық», - деген. Ал, әдептің басы сәлемнен болмақ. Сәлемі түзу адамның өзгемен сыйластығы да дұрыс болмақ. Қазақтың алып тұлғасы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының мінезі жайлы әдеби туындыларда өте керемет жазылған. Қазаққа тән қасиетті сіңірген Бауыржан Момышұлы әкеден алған тәрбиесінен бір ғана тұсын келтірсек: «Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен. Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім.Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассалямуалейкум, аталар!» деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: «әләйкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді» – дейтін». Міне, әке үйреткен осы сәлемді Бауыржан Момышұлы кейін өз ұрпақтарына да өсиет еткенін батырдың келіні Зейнеп апамыздың «Бабалар өсиеті» кітабында жазылған.
Сәлемдесудің маңызы жайлы Құран Кәрімде келтірілген аяттардан біле аламыз. Әрбір «салем» сөзі нұсқалған аят мүмин мұсылмандарға сипаттама беру арқылы келтірілген. Мысалы «Уақиа» сүресінің 25-27 аяттарында пенденің жұмаққа барғандағы еститін сөзі тек «сәлем» екендігі айтылады: «Олар жаннатта бос не күнәлі сөз естімейді. Бірақ “Сәлем, сәлем” деген сөзді ғана естиді. Оңшылдар, ол оңшылдар нендей бақытты». Ал, «Ибрахим» сүресінің 23-аятында: «Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер, Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жаннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары “сәлем” болады» делінген. Олай болса, бала тәрбиесінде мән беру қажет басты нәрсе, ол амандық сұрасуды үйрету екен. Сәлемдесіп, қал-жағдай сұрасқанда адам бойында ізгілік, инабаттылық көрініс табады. Ол мінездер жүре келе адам бойында қалыптасып, тура жолға нұсқап, иманы арта түседі. Әрбір адамның басты мақсаты – артында ізгі иманды ұрпақ қалдыру болса, сол ізгілікке апарар жол көркем мінезбен қалыптасса керек. Ал, көркем мінездің діңгегі сәлемнен басталады екен. Алла тағала өзінің сүйген құлдары туралы: «Олар Аллаға жолыққан күні амандары “сәлем” болады. Және оларға қымбатты сыйлық әзірледі» («Ахзаб» сүресі, 44-аят) деп қуанышты хабарын жеткізеді. Тіпті, сәлемдесудің жолын көрсетіп, былайша бұйырады: «Әй мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер» («Нұр» сүресі, 27-аят).
Жоғарыдағы мысалға көңіл бөле отырып, үйдегі бала тәрбиесіне ерекше мән берген абзал екендігін тағы да ескертеміз. Балаға жол көрсетерден бұрын, әрқайсымыз өз бойымызды, мінезімізді, тіліміз бен сәлемімізді түзу етейік. Сонда ғана, Алланың рақымы жауған құлдарының қатарынан көрінеміз!
Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы
Қарағанды қалалық "Қазыбек би" мешітінің бас имамы
Пікірлер