Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Малды бауыздаудың шариғат бекіткен шарттары
17 наурыз, 2017 жыл 4973 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Ислам дінінде әр мұсылман харам мен халалға немқұрайлы қарамауы тиіс. Қазіргі таңда мұсылмандар арасында осыған қатысты кикілжіңдер көбейгелі, жұртшылық харам мен халалдың мағынасын біліп қалған сияқты. Айтып өткеніміз артық болмас: «Халал» араб тілінен аударғанда адал деген мағынаны береді, яғни Алла Тағала рұқсат еткен нәрсе. Ал, харам – Раббымыздың қатаң тыйым салған, жасауға болмайтын немесе адал емес асты айтады. Иә, адамдар арасында дау тудыратыны да осы асқа келгенде туындап отыр. Дәлірек айтқанда, намаз оқымайтын адам сойған малдың етін жеуге бола ма, болмай ма деген сұрақтың төңірегінде. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168), -деген. Сондықтан-да малдың етінің шариғат жолымен сойылған, сойылмағаны, әсте маңызды. Шындығында, базардан сатып алынған немесе кафе, мейрамханалардағы ет қосылған тамақтарды жеу, кімнің бауыздағанын білмегендіктен күмән тудырады. Бірақ, кейбір мұсылман бауырларымыз өз туысы, ата-анасы бауыздап, сойған мал етін де, намаз оқымайтын болса, харамға санайды. Алайда, ол тамақтан шошып, үріккенше, білмей жатса, ислам көрсеткен мал сою шарттарын айтып, түсіндірген абзал. Алла жеуге рұқсат еткен мал еті халал болу үшін, төмендегі шарттарды сақтау керек.

  1. Ақыл есі-дұрыс, тәмйиз (жақсы мен жаманды ажырата білу) қабілетінің болуы;
  2. Мұсылман болуы;
  3. Ихрамда болмауы;
  4. Малды Алланың атымен «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздауы;
  5.  Жануарды сол жағына жатқызып, Құбылаға қарату;
  6. Пышақтың өткір болуы
  7. Малдың көз алдында пышақ қайрамау;
  8. Мойынынан бауыздағанда малдың бас жағына қатты таямай, көмейдің астынан алу керек;
  9. Қаны сорғалап біткенше күту, себебі қанмен бірге малдың ағзасындағы бактериялар мен зиянды нәрселер шығады; ал ол аққан қан харам саналады.
  10. Малдың жаны шықпай жатып, денесін бөлшектеуге, терісін сыпыруға болмайды;

Сондай-ақ Алла Тағала Мәида сүресінде былай дейді: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа».  

Ислам тарихына үңіліп қарайтын болсақ, Алла елшісі (ﷺ ) мен сахаба, тәбиғиндер адал асқа өте сақ қараған. Харам тамақ қанға арласып, құлшылық дұғаға да кері әсерін тигізеді деп білген. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ ) : «Уа, Раббым! Деп дұға тілеп отырған біреу туралы: «Мұның ішкені, жегені де кигені де харам, дұғасы қайдан қабыл болсын», -деген. Малдың дұрыс сойылуынан бөлек, оның адал еңбекпен келген-келмегені де маңызды. Харам мен халалды тек тамақтың айналасында қарамау керек. Халал – ол адал кәсіп, маңдай тер, шынайы ниет.

Алла елшісі (ﷺ ) тағы бірде: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», -деп мұңайған екен. (Бұхари, Бую,7).

Алла Тағала ішкен асымызды, жасаған амалдарымызды да халал еткей!  

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары