Тілдік нұсқа
Радио

мақала

РАСУЛАЛЛАНЫ (С.Ғ.С.) ЖУҒАН СУ ҚАЙДА КЕТТІ?
20 қыркүйек, 2019 жыл 474 Басып шығару нұсқасы

Араб еліндегі бір ғалымның Алланың атымен ант беріп тұрып айтып берген оқиғасы: "Бір жолы елімізде бір апталық  діни конференция өткізетін болып, мәртебелі қонақ етіп Мысырдың атақты ғалымы Мұхаммед Мүтәуәли әш-Шағрауиды шақырдық. Ол кісі шақыруымызды қабыл алып, жиынға келді. Конференцияның ашылуын жариялап, енді бастағалы жатыр едік, шейх бізге қарап: "Сіздерге бір сауалым бар. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін ғұсылға алған су қайда кетті?" - деп сұрады.

Мұндай тосын сұраққа ешкім жауап бере алмай аңтарылып қалған еді. Мәселеден шығу үшін мен: "Жауабын ертең берейін", - дедім.
Үйге барып барлық сира кітаптарын ақтарсам да, жауабын таба алмай қалжырап ұйықтап кетіппін. Түсімде Расулалланы (с.ғ.с.) көрдім, жанында шырақ ұстаған адам бар екен. Мен дереу: "Иә, расулалла! Сізді ғұсылға алған су қайда кетті?" - деп сұрап едім, Расулалла (с.ғ.с.) артындағы шырақ ұстаған кісіден сұра дегендей  ишарат білдірді.

Шырақ ұстаған кісіге барып сол сұрақты қойып едім, ол маған: "Ол су бу болып аспанға көтеріліп, бұлтқа айналды. Содан барлық жер бетіндегі мешіттерге және Қияметке дейін Алла ризалығы үшін салынатын жер бетіндегі мешіттердің орнына бір-бір тамшы болып жауып шықты", - деп жауап берді.

Ұйқымнан оянған соң, жауабын тапқаныма қуанып конференция өтіп жатқан жерге келіп шейх әш-Шағрауиға жауабын айтайын десем, ол кісі маған қарамады, осылайша ол күн де өте шықты.

Ертеңінде шейхты қоймай отырып тоқтатып алып: "Ұстаз, Сіз сұрақ қоясыз да жауабын сұраймайсыз ғой?!" - дедім. Шейх: "Жауабы қалай? Айта ғой", - деді.
Мен: "Түсімде Расулалланы (с.ғ.с.) көрдім, жауабы былай екен: ол су бу болып аспанға көтеріліп, кейін бұлт болып, сол кездегі мешіттердің үстіне және содан кейін Қияметке дейін Алла ризалығы үшін салынатын мешіттердің үстіне бір тамшыдан тамып шығыпты", - дедім.

Шейх: "Оны саған шырақ ұстаған адам айтты ма? - деді. Менің есім шығып кетіп, талып қала жаздадым.

Шейхтан: "Сіз оны қайдан білесіз?!" - деп сұрап едім, ол кісі: "Шырақ ұстаған адам мен болатынмын", - деп жауап берді".

Расында мұндай түс арқылы жауабы берілген мәселеге бір нәрсе деу қиын - ақ. Бірақ Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

"مَنْ رَآنِي فِي الْمَنَامِ فَقَدْ رَآنِي فَإِنّ الشَّيْطَانَ لَا يَتَمَثَّلُ بِي"

Яғни: "Кімде-кім түсінде мені көрсе, мені көргені. Өйткені шайтан менің бейнеме кіре алмайды" (Бухари) - деп айтқан. Сондықтан, анығын Алла біледі деп Аллаға тапсырамыз.

Ал, шейх әш-Шағрауидің тақуалығына, білімділігіне, ықыласына ол кісіні көзі көргендердің ешқайсысы күмән келтірмейтіні ақиқат.

Ол кісінің қарапайымдылығы сонша Құранға қаншама том тәпсір жазып отырса да, еңбегін "тәпсір" деп емес,  "خواطر الشعروى" (Шағрауидің ой-пікірлері) деп атап, кішіпейілдік танытқан ісі -  кімді болса да мойындататын іс. Алла ол кісіні  рахметіне бөлесін!+

Қалай десе де, бұл оқиға әркімге болсын ой салады деп үміттенеміз.

Абдолла Байжігі

muslim.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары