Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Онда мен басқа әке тауып аламын
25 қазан, 2018 жыл 678 Басып шығару нұсқасы

Тағы сол Зейнеп туралы қызық оқиға. Қызық деймін-ау, терең ойланатын жағдай. Ол әжесіне, әкесіне, анасына деген сезімін сөзбен емес, іспен білдіреді. Іспен болғанда, мойынға тоқтаусыз асылады, үлкендермен алысады кеп... Кейде күреске жақын ба деп қаласың... Кейбір достарым оны батыр қыз деп те атайды. Қонақ келсе, қысылуды білмейді, шіркін. Баса-көктеп қонақ бөлмеге кіреді де дастарқаннан қалаған затын алады, онысымен қоймай келген кісілердің көзінше қолындағысын асайды...  Бірде жұмыстан келген бетім еді, пәтерге кірісімен мойныма асылды, баяғы әдетіне салып «күресті» бастап кеп жіберді. Әлі сырт киімімді шешіп үлгермегем. Жақсы мағынада айтқанда, «ығырымды» шығарса бола ма? Баламен алысу, оны аймалау – жұмыстан келген адам үшін нағыз демалыс қой. Бір иіскеген кезде күндік бойы жиналған шаршау әп-сәтте шығып кетеді екен. Қандай ғажап! Алланың нығметі ғой. Сөйтіп, киімді шешуге мұрсат бермеген Зейнепке: «Қазір мен киім ауыстырып алайын. Сосын ойнаймыз, жарай ма?» – дегеніме міз бағар емес. Зілмен: «Зейне-е-е-п», – деп жіберсем керек. Теріс бұрылып, бұртиды да қалды. Ренжісе бет-аузы «иттерше» «тыржиып» кететіні бар. Одан сайын сүйкімді болып кетеді. Көңілін аулайын деп, әрі сөйлеймін – қарайтын емес, бері сөйлеймін – күлетін емес. «Анда апарам, мұнда ойнатам», – деп уәдені үйіп-төгіп жатырмын. Онда да беті бері қарайтын түрі жоқ. Көзіме тесіле қарады да: «Егер ойнамасаң (ашуланған кезде «сен» деп кететіні бар, былай кезде сіз дейді – А.Қ.), онда мен басқа әке тауып алам. Сосын сол әкеммен ойнаймын», – деген сөзбен үнімді өшірді. Не дерімді білмей, құшақтай беріппін. Зейнептің зілдей сөзі көңілді босатып жіберсе бола ма? Көзден бір тамшы жас ыршып кетті... Баланың көңілі нәзік болады екен. Олар әрбір сөзді нәзік жүрегімен, пәк пейілмен қабылдайды. Кейде үлкен кісіге айтар сөзді оларға байқамай бағыттап жібереміз. Әр нәрсеге баланың көзімен қарай бермейміз. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік, зор міндет екен. Құшаққа басып, бір сәт мауқын баспасаңыз, жақсы көретініңізді жиі дәлелдеп (сөзбен де іспен де) тұрмасаңыз – бізден «бас тартуға», «басқа әке» тауып алуға дайын. Бұл – жүректі ауыртқан жағдай болды. Ал бауыр еті баласын тастап кеткендер қаншама. Осыдан кейін тастанды баланың жүрегі «тасқа» айналмай қайтсін?! Алла ондай істен аулақ етсін! Мейірім жоғалған кезде оның орнын қатігездік толтырмақ. Баламызды бауырымызға жиі басайық. Әтпесе, олар «басқа әке» тауып алады екен... Байқайық...     Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,  ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

ummet.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары