Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Зул-хижжа айы – ардақты ай!
16 қыркүйек, 2015 жыл 3794 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман күнтізбесінде төрт ай аса қасиетті саналады. Солардың бірі Зул-хижжа айы. Алланың қалауымен үстіміздегі жылы 14-ші қыркүйектен бастап Зул-хижжа айының бірінші күні басталды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл айдың алғашқы он күні жайлы былай деген: «Алла алдында зул-хижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ» (әл-Бухари). Тағы бір хадисте былай келеді: «Алла үшін зул-хижжаның он күнінен ұлығырақ күндер және (сол күндерде істелген) амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ. Ендеше, осы күндерде «Субханаллаһ» (Алла пәк), «Әлхамдулилләһ» (Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән), «Лә иләһа илләлләһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ), «Аллаһу акбар» (Алла ұлы) сөздерін айтуды көбейтіңдер!».


Бұл хадиске сүйеніп ғалымдар осы аталған 10 күнді істелген ізгі амалдардың сауабын көбейтетін ардақты күндер екендігін айтқан. Қасиеті көп бұл күндер қыркүйектің 24-не дейін жалғасады. Сол күндер аралығында құлшылығымызды арттырып, нәпіл намаздар оқып, ораза ұстаған абзал. Хунайд ибн Халидтің әйелі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайларының бірінің айтқан сөзін келтірген: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Ашура күні, Зул-хажжа айында тоғыз күн, әр айда үш күн және де дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын» (Абу Дауд, ән-Насаи, Ахмад, әл-Байхаки).


Қасиетті Құрбан айт мерекесі осы он күндіктің ең соңғы күнінде тойланады. Яғни, Арафат күнінде Құрбан айтқа қараған түні ауыз бекітіп, нәпіл намазымыздың санын арттырып, Аллаға шын ықыласпен құрбандық шалу сауабы мол ізгі амал болмақ. «Фаджр» сүресінде Алла Тағала «Он түнімен ант етемін» деген. Осыдан, он күннің түндеріндегі құлшылықтың маңызды екенін ұғуға болады. Арафат күні мұсылмандар үшін ерекше күн. Осы күні: «Бүгін сендерге діндеріңді толық қылдым және нығметімді аяқтадым. Сондай-ақ, сендерге ислам дінін қош көрдім» деген «Маида» сүресінің 3-аяты түскен. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала Арафат күні азат қылғанындай пенделерін тозақтан көбірек азат қылатын күн жоқ. (Ол күн) Алла Тағала жақындайды, сосын періштелерге (көрдіңдер ме) пенделерім не істеп жатыр деп мақтанады», - деген (Муслим). Олай болса, осы күні құлшылығымызды арттыратын ізгі амалдарды көбейтейік. Аллаға мадақтар айтып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтайық. Нәпіл намаз оқып, ораза ұстап, садақа берейік. Құран оқып, жүзімізді, рухымызды нұрландырайық. Арафат күні ауыз бекіткен жанның осы күнге дейінгі бір жылдық және осы күннен кейінгі бір жылдық күнәлары кешіріледі екен. Абу Катада пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізген: «Алла Тағала Арафат күні ұстаған оразаға өткен және келер жылдың күнәларын кешірілуіне сауап жазады» (Муслим). Аль-Бухари жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұғалардың ең жақсысы – Арафат күнінің дұғасы...» деген. Елімізге белгілі дінтанушы, ұстазы Арман Қуанышбаевтың уағызынан алынды үзінді келтірейін: «Кімде-кім «Иә, Раббым, Саған сондай мақтаулар болсын! Сенің Дидарыңның ұлылығындай, Патшалығыңның құдіретіндей мадақтар


болсын!» десе оң иықта отырып жақсылықтарды жазатын періште тоқтап қалады екен. Содан соң ол періште Раббысына жалбарынып: «Иә,Раббым, мына пендең осындай мақтау айтты. Бұған қанша сауап берілетінін білмеймін ғой. Не деп жазайын?», - дейді. Сонда Мейірімі шексіз Алла Тағала: «Пендем не деп айтқан болса, сол айтқанын дәл солай жазып қой. Ертең Қияметте ол пендеммен Өзім есептесемін», - деп жауап береді. Аспандағы барлық жұлдыздарды бір қарағанда санап беретін періште бар. Яғни, аспанда қанша жұлдыз болса, ол періштенің де сонша көзі бар екен. Сол періште тұрып: «Мен жаңағы пенденің айтқан мадағының сауабын қанша санасам да санына жете алмадым ғой», - дейді екен. Олай болса, осы күндері Алладан мол сауап тілеп, шын ықыласпен дұға етейік.


Алла Тағала жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей!


Гүлмира Сабырқызы


«Бала қажы» мешітінің баспасөз хатшысы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары