Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ХАЗІРЕТІ ИСА (А.С.) КӨКТЕН ТҮСІП, ДӘЖЖАЛДЫ ӨЛТІРЕДІ
28 қаңтар, 2019 жыл 5071 Басып шығару нұсқасы

Кейбір ғұламалар өздерінің өмір сүрген кезеңінде көз көріп, куә болған залым елбасылар мен қолбасшыларды (Напалеон, Гитлер, Мұсаллини, Шыңғыс хан т.б.) Дәжжалға теңеген. Бірақ олардың ешбірі де хадисте айтылған сипаттағы Дәжжалға ұқсамайды және шынында да Дәжжал болса, оның артынан Хазіреті Иса пайғамбар көктен түсуі керек еді. Сондықтан Дәжжалдың қашан келетіндігі, кім болатындығы жалғыз Аллаға аян. Біз ең дұрысы хадисте айтылған күйіне сенейік, қалғанын Алла Тағала біледі.

 Ақырзаман таяғанда Дәжжал шығып, өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж[3] көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды түсіреді. Хазіреті Иса жер бетіне түскен соң, Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі, оған түсірілген дін, Ислам діні келгеннен соң күшін жойған болатын.

Хазіреті Иса Дәжжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады. Хазіреті Иса пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады:

«Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында да ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:

1. Орта бойлы.

2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын.

3. Үсті-басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады.

4. Ол айырды (кресті) сындырады.

5. Шошқаны өлтіреді.

6. Жан салығын жояды.

7. Мал дүние көп болып, судай ағады.

8. Адамзатты Ислам дініне шақырады.

9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді.

10. Ол Алланың қалауымен Дәжжалды өлтіреді.

11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.

12. Хазіреті Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді»[4].

Кейбір хадистерде Хазіреті Исаның жер бетінде 7 жыл, 24 жыл, 45 жыл өмір сүретіндігі тұрғысында айтылғанымен, солардың ішінде «40 жыл қалады» деген риуаят ең қуаттысы болып саналады.

Хазіреті Иса пайғамбардың Дәжжалды өлтіріп, әділетті үкім орнатқан соң, өзі де өзге адамдар секілді үйленіп, үйлі жайлы болатындығы айтылады. Кағбул Ахбардың айтуы бойынша, Хазіреті Иса пайғамбар ұлты араб бір әйелмен отау құрып, одан Мұхаммед, Мұса есімді екі ұл перзент сүйеді. Жер бетіндегі Алланың берген ғұмыры біткен соң, ол да бақилық болып, Хазіреті Пайғамбарымыздың қасына жерленеді[5].

Хазіреті Иса қайтыс болған соң, Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмин о дүниелік болады. Тіпті біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді. Шайтан олардың осындай есалаң сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сурға үрлеп, қиямет қайымның болатындығын Хазіреті Пайғамбарымыз айтып өткен[6].

Хазіреті Иса пайғамбардың түсетіндігі жайында айтылған хадистердің саны отызға жуық. Міне, осы айтылған хадистердегі Хазіреті Исаның келетіндігі жайындағы мәліметті арам пиғылды жандар өз мүдделеріне пайдалануға тырысқаны ислам тарихынан мәлім. Қаншама кісі өзін: «Мен Мәсих Исамын» - деп, елді өзіне иман етуге шақырған. Ондайлардың кейбіре- уін халифалар жазалағанымен көпшілігі білгенін айтып, жаңа дін құруға әрекет жасаған. Мәселен, Қадияниліктің құрушысы Мирза Ғұлам Ахмед те солардың санатындағы сұм пиғылды жан еді. Бірақ, әрине осы уақытқа дейін өзін Исамын дегендердің ешбірі де шынайы Хазіреті Иса емес екені белгілі. Себебі, Хазіреті Исаның ақырзаманда Дәжжалдан соң келетіндігі хадистерде анық айтылған. «Мен Исамын» деп келгендердің бәрі Исламды іштей құлатуды мақсат тұтқандардың саяси ойындарының қуыршақтары болып саналады. Ал діни терминологияда оларды көбіне «жалғаншылар» деп атайды.

 Ақырзаманда Дәжжал шығып, елді өзінің дегеніне көндіріп, білгенін істеген уақытта Алла көктен Хазіреті Исаны түсіреді. Хазіреті Иса Алланың дұшпаны Дәжжалмен соғысып, оны өлтіреді. Әбу Рафиғтан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Дәжжал көкке жаңбыр жаудыр деп әмір еткенде, көктен жауын жауады, жерге өсімдік шығар деп әмір еткенде, жерден түрлі өсімдіктер шығады. Бұл - Дәжжалдың фитнасы. Содан Дәжжал бір қауымға барып, тұрғындарын өзіне иман етуге шақырады. Олар Дәжжалдың жалғаншы екендігін айтып, иман етуден бас тартқан соң, Дәжжал кері қайтады. Дәжжал кетісімен сол қауымның бүкіл малы соның артынан еріп кете береді. Дәжжал екінші бір қауымның қасына барып өзіне иман етуге шақырады. Олар оның құдай екендігіне иман еткенде, Дәжжал көктен жауын жаудырып, жерден өсімдіктерді шығарады. Сол қауымның малы кешке дейін жайылып, бұрын-соңды болмаған семіз болып шыға келеді.

Дәжжал Мекке мен Мәдинадан басқа елді-мекендерді таптап өтеді. Дәжжал Мекке мен Мәдинаға барғанда алдынан қолында қылышы бар періштелер шығып кіргізбей қояды. Ішке кіре алмаған Дәжжал соры шыққан тастақ жазықтың шетіне барып түнейді. Ертесіне періштемен күзетілген Мәдина қаласы үш рет сілкінеді. Осы сілкіністен кейін Мәдинада мунафиқ болған ер кісі мен әйелдерден ешбірі қалмай сыртқа шығып, Дәжжалға келіп қосылады. Мәдина қаласы осы күні жаман пиғылды адамдардан құтылып, тазаланады. Сол кезде бір әйел:

- Ол күні араб халқы қайда болады? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз:

- Ол күні араб халқы аз болып, мекендері Бәйтул Мақдусте (Ақса мешіті) болады, имамдары салих бір кісі яғни Мәһди, - дейді.

Имам Мәһди жамағатқа таң намазын оқытпақ болып, жамағаттың алдына шыққанда Мариямұлы Иса таң намазының уақытында көктен түсіп, олардың қастарына барған кезде Имам Мәһди Хазіреті Исаның имамдыққа өтуі үшін кері қадам жасайды. Сол кезде Хазіреті Иса имамның жауырынының ортасына қолын қойып:

- Алға шық, намазды сен оқыт. Өйткені, сен үшін қамат айтылды, - дейді. Сөйтіп, ол имам жамағатқа намаз оқытады. Намазды бітіріп бұрылғанда, Хазіреті Иса:

- Мешіттің есігін ашыңдар. Есік ашылғанда, есіктің алдында бастан аяқ қаруланған жетпіс мың яһуди мен бірге Дәжжалдың оларды күтіп тұрғанын көреді. Дәжжал Хазіреті Исаны көре сала, суда еріген тұздай кері бұрылып қаша жөнеледі. Хазіреті Иса оған:

- Саған сілтейтін бір соққым бар, сен бұл соққыдан еш құтыла алмайсың, - дейді.

Хазіреті Иса оны қуа отырып, Палестинадағы Бабу Лудтың шығыс жағындағы Бабу Рәмләда жетіп, Дәжжалды өлтіреді. Алла яһудилердің әскерін жеңіліске ұшыратады. Нәтижеде яһудилерге жасырынатын, паналайтын ешбір жер қалмайды. Себебі, тау, тас, ағаштар ар- тына жасырынған яһудиді айтып тұрады. Яғни, тау, тас, ағаш пен хайуанға тіл бітіп былай дейді:

- Ей, Алланың мұсылман құлы! Міне мұнда яһуди жасырынып тұр, кел, оны өлтір. Тек Гаркад есімді ағаш қана айтпайды»[7].

Басқа бір хадисте былай дейді: «Дәжжал елді өзіне сендіруге әрекет еткен кезде, Алла Мариямұлы Исаны жібереді. Иса Шамның шығыс жағындағы ақ мұнараға түседі. Ол екі қолын екі періштенің қанатына қойып түседі. Артынан Дәжжалды іздеп жүріп, Ақса мешітіне жақын Бабу Лудд деген жерде өлтіреді[8]»[9].+


[1] Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи

[2] Муслим, 1-том, 555-хадис

[3] табиғат заңдылығына қайшы келетін имансыз пенденің көрсеткен караматтары

[4] Бұхари, Әнбия 48; Муслим, Фәзәйл 143; Әбу Дәуіт, Сүннет 13

[5] Имам Шарани, ж.к.е., 500-бет.

[6] Муслим Фитән 23; Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 166

[7] Алиюл Қари, 5 том/196 бет

[8] Алиюл Қари, 5 том/197 бет

[9] Имам Шарани, ж.к.е., 491-496 бет

 

Muslim.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары