Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сақал қоюдың үкімі мынадай
30 наурыз, 2017 жыл 1806 Басып шығару нұсқасы

     Құран мұсылмандарға бірліктен айырылмай біртұтас болуын және мүшріктермен, кәпірлермен дос болмай, тіпті олардың мәдениетінің әсерінен аулақ болуды насихаттаса, хазіреті Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) да үмбетін сенім және мінез-құлық тұрғысынан және киімкию, жүріп-тұру жағынан да мүшріктерге ұқсамауға ынталандырған. Пайғамбар заманында яһудей мен христиандардың егде кісілері ағарған шаштары мен сақалдарын боямайтын. Ақырғы пайғамбар қарт сахабаларға оларға ұқсамасын деп шаш пен сақалдарын бояуды насихаттаған78. Сонымен қатар мүшрік пен мәжусилерге ұқсамас үшін мұрттарын қысқартып, сақалдарын ұзартуға әмір мен насихат айтқан. Мысалы Аллаһ елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Мұрттарыңды қысқартыңдар, сақалдарыңды ұзартыңдар»79, «мұрттарыңды қырқыңдар, сақалдардыңды ұзартып, мәжусилерге қарсы келіңдер»80, «Мүшріктерге қарама-қайшылық танытып сақалдарыңды көбейтіп, мұрттарыңды кесіңдер»81, «мұртынан алмаған бізден емес»82 деп насихаттаған. Ғалымдар осы хадистерге сүйене отырып діни көріністе сақал қойып, мұртты алу Исламның әмірі мен рәмізі болғаны, яки болмағаны туралы түрлі көзқарастар айтқан. Әрі сақал қырудың харамдығы туралы да әр түрлі пікірлер айтқан. Бірақ ғұламалардың басым көпшілігінің көзқарасы бойынша сақал қыруды харам деп санаған. Шафиғилардан Ғазали, Рафий, Нәуәуи және Мәликилерден Қади Ияз секілді ғалымдар болса, сақал қыруды харам емес, мәкрүһ деген пікір білдірген. Әбу Дәуудтің хадистерін талдап түсініктеме жазған Хаттаби хазіреті Пайғамбардың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) он нәрсенің адам жаратылысының табиғатынан екенін айтып сақал қоюды да осылардың арасына жатқызған хадисінің түсініктемесінде ғалымдардың көбісінің бұл жердегі хадисте айтылған «табиғатты» (фытрат) «сүннет» мағынасында дегенін жазады. Жалғасында да осы ерекшеліктердің солардың ішінде әсіресе сақал қоюды да біздің іске асыруымыз қажеттігін және оның хазіреті Пайғамбардың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) сүннеттерінен екендігін айтады83. Сақал қыруды харам екенін айтқан ғалымдар жоғарыдағы айтылған хадистердегі әмірлерді діни әмір ретінде түсініп, Хақ пайғамбар мен сахабалардың сақал қойғандарын да осылай жорамалдаған. Бұған қосымша ретінде Құранда Пайғамбарымызға бағынуды әмір еткен аяттардың барлық тақырыпта болғанындай, осы сақал қою тақырыбында да оған бағынуды қамтығанын және сақал қою мұсылманның рәмізі екенін айтады. Сонымен қатар сақал қыру әйелге ұқсау және Аллаһтың жаратқан жаратылысын бұзу екенін және бұл жөніндегі тыйым салудың сақал қыруды да қамтитынын білдіреді. Мәликилер мен Ханбалилер сақал қыруды харам деп қабылдаса Ханафилер тахримән мәкрүһ деп санаған. «Аллаһ елшісі сақаланын ені мен ұзындығына қарай алатын еді»,84 – дейді. Ғалымдар сақалдың өлшемі туралы түрлі көзқарас білдірген. Имам Мәлік сақалдың өте ұзарып кетуін мәкрүһ санаған. Кейбір ғалымдар бір тұтамды жеткілікті санап артығын кесуге үкім берген. Сақалдың бір тұтам болуы туралы көзқарас хазіреті Омарға тиесілі. Бірде ол сақалын тым ұзартқан бір адамның сақалын ұстап, ескертіп, артынан бір адамға әмір етіп «бір тұтамынан қалғанын кес» деп, – кестіреді. Сосын әлгі адамға қарап «бар да шашыңды түзет!», – деп әмір етеді де: «Неге кейбір адамдар өз-өзіне қарамай, жыртқыш аңдар тәрізді өздерін бос қоя береді», – дейді. Ғалымдардың кейбірі осыған орай сақалдың шегінің болуы керектігін оған күтім жасап түзеуін қажеттілігін айтады. Өйткені күтімсіз сақал адамды жаман көрсетеді. Негізінде сақалдың ұзындығы туралы сүннеттен нақты бір дәлел жоқ. Ғалымдар әдемілікті назарға алып осылай үкім берген. Мұрт қоюға келсек хадистерде мұрттардың қысқартылуы, кесілуі яки қыруына қатысты әмірлер бар. Сахабалар арасында мұрттарын қысқартқандары да, қырғандары да бар. Ғалымдар мұрттың тереңірек қырқылуын және жоғарғы еріннің көрінетіндей астынан алынуын насихаттайды. Имам Нәуәуи Муслимнің шәрхында (түсініктеме) «Адам түгелдей аламын десе де аздап өсіремін десе өзі біледі», – дейді. Әбу Дәуудтың Сунән кітабында да Муғира ибн Шубә: «Мұртым өте ұзын болатын. Мисуактан артық жерін Пайғамбарымыз кесті», – дейді. Тирмизидің бір хадисінде: Хазіреті Пайғамбарымыздың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) әдетте шаштарын иықтарына түсетіндей етіп қойғанын, кейде де шашын қысқартқанын немесе тақырлап алынғанына қарай Ислам ғалымдары сақал жайында білдірген көзқарасындай пікір білдірген. Олар Пайғамбардың шаш қою түрін әдетғұрыптық бір іс-әрекет және тұлғалық таңдау ретінде санаған. Сол себепті фиқһта мұсылмандардың Пайғамбарға бағыну ретінде шаштарын ұзарту керектігі міндет деген ешқандай сөз жоқ. Шаш қойған адам сол шашының күтімін жасау керек. Пайғамбарымыз «Кімде-кімнің шашы болса, оны күтіп қадірлеп ұстасын»,85 – дейді. Кейбір хадисте Пайғамбарымыз шаш өсіріп бірақ қарамай ұйпа-тұйпасы шығып жүрген адамды «шайтан секілді басындағы шаштары ұйпа-тұйпа», 86 – деген ескертулер айтқан. Шашты бояуға Пайғамбарымыз рұқсат еткен. Ер кісі шашын әр түрлі бояумен бояғанмен қара түске бояуға келгенде ғалымдар арасында «болады», «болмайды» деген екі түрлі көзқарас бар. Бұған мысал ретінде мына екі хадисті айта кетелік. Хазіреті Жабир жеткізеді: «Әбу Куһафәны «Фатих» күні Аллаһ елшісінің алдына алып келтіріледі. Шашы көбіктей аппақ еді. Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Мынаны әйелдерінің біріне алып барыңдар. (шашының түрін) өзгертсін. Бірақ қараға бояудан аулақ болыңдар» дейді. Басқа бір хадисте Аллаһ елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «(Ағарған шаш пен сақалдарды бояуда) пайдаланған ең жақсы бояу сөзсіз мына қара. (Өйткені қара бояу) әйелдеріңді өздеріңе қатты тартады. Жауларыңның ішіне қорқыныш ұялатуға да абзал», – дейді. Екі хадис бір-біріне қарама-қайшы. Бұған қатысты басқа да рияуаттар бар. Осыған қатысты хадистердің бәрін назарға алып таразыға тартқан ғалымдардың басым көпшілігі шаш пен сақалды қараға бояуды мәкрүһ деп үкім берген. Тіпті кейбірлері бұл жердегі мәкрүһтың «тахримән» (харамға жақын) мәкрүһ екендігін айтады. Ал кейбір ғалымдар болса, қараға бояу тек жауға қарсы шапқанда ғана болады деп пәтуа берген. Ал әйелдерге келсек оларға қарамен бояуға болады. Бірақ әрине орамал тартпай ел алдында шашын бояп ашық жүргендер орамалдан бөлек күнә табады. Шаштағы ақтардың жұлынуына келсек, Пайғамбарымыз бұған тыйым салған. Аллаһ елшісі: «Шаштағы ақтарды жұлмаңдар. Өйткені бір адам мұсылман болып тұрып бір тал шашы ағарса, бұл қиямет күні сол үшін сөзсіз бір нұр болады»,87 – дейді. Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) шаштарға бояуға рұқсат бергенмен жұлуға рұқсат бермеген. Муслимнің бір хабарында Әнәс ибн Мәлік: «Біз кісінің шаш пен сақалындағы ақ қылдарын жұлуды мәкрүһ санайтын едік», – дейді. Сондай-ақ баланың шашын алғанда оны тұтастай алуы қажет. Нафи Ибн Омардың «Аллаһ елшісі «қаза′ға» (яғни баланың шашының бір бөлігін алу) тыйым салды» деген сөзін жеткізгенде адамдардар «Қаза′» деген сөзді қалай түсінеміз?» деп сұрайды. Сонда ол: «Адам баласының шашын алып бірақ мына жерлерін алмай тастап кетеді» деп жауап береді. Ол мына жерлер деп маңдайын және екі самайын көрсетті88. «Қаза′ның» тілдік мағынасы «бұлт бөлігі» дегенге саяды. Яғни баланың басындағы алынбаған шаштары бұлттай көрініп тұратындықтан, бұған – «қаза′» деген. Ендеше хадис баланың шашын алғанда кейбір жерін қалдырып кетуге тыйым салған. Әбу Дәуудтың да алған бір хадисінде Аллаһ елшісі осындай бір баланы көріп қалып: «Не толықтай алыңдар, не болмаса тиіспеңдер», – дейді. Ибн Хажар бұл мәселенің тек балаға ғана қатысты екендігіне қосылмайды. Үлкендер де әйел, яки ерлер де болуы мүмкін деп мұндай шаш алу түрін мәкрүһке жатқызады. Пайғамбарымыздың бұған тыйым салуын себебіне ғалымдар әр түрлі көзқарас білдірген. Әйелдердің шаш мәселесін айта кетер болсақ олар шаштарын ерлердің шаштарына ұқсамайтындай деңгейде қысқартуына болады. Сондықтан қажылық кезінде әйелдер шаштарының ұшын ғана қырқады. Ал әйелдердің шаштарын тұтастай сыпырып тақырлап алуына болмайды. Өйткені хазіреті Әлі: «Аллаһ елшісі (саллалаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдердің шаштарын тақырлап алуға тыйым салды»,89 –дейді. Бірақ әрине науқас секілді зәру жағдайларда тақырлап алуына тура келсе, оның жөні мүлде басқа. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдерге парик тағуға да: «Аллаһ кигенге де, кигізгенге де лағынет етсін», – деп тыйым салған90. Ғұламалар парик киюдің харамдығын бір ауыздан растаған. Бірақ кейбір ғалымдар жүн, жібек және мата 88 секілді шаштан бөлек нәрседен жасалған нәрсені киюді харам деп қабыл етпеген91. Сондықтан бұл жердегі харам болған парик тікелей адамның шашынан жасалған парикке айтылады.

78 Бухари, әл-Әнбия, 50; Муслим, Либас. 79 Бухари, Либас, 64. 80 Муслим, Тахарат, 16

81 Муслим, Тахарат, 16. 82 Бухари, Либас, 63-65; Тирмизи, Әдәб, 6. 83 Мәалимус-сунән. 1/44.

85 Әбу Дәууд, Тәрәжжул, 3. 86 Қараңыз; Муатта, Шаар, 7.

Әбу Дәууд, Тәрәжжул 17; Тирмизи, Әдәб, 56; Нәсәи, Зинәт, 13; Ибн Мәжә, Әдәб, 25; Муслим, Фәдаил, 100.

88 Бухари, Либас, 72; Муслим, Либас, 113; Әбу Дәууд, Тәрәжжул, 14; Нәсәи, Зинәт, 5; Ибну Мәжә, Либас, 38. 89 Нәсәи, Зинәт, 4; Тирмизи, Хаж, 74. 90 Бухари, Либас, 83; Муслим, Либас, 115.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары