Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бала тәрбиесінде нені ескеру керек?
31 наурыз, 2017 жыл 418 Басып шығару нұсқасы

Аса Мейірімді, ерекше Қамқор Алла Тағалының атымен бастаймын!

Бала – Алланың берген нығметі. Бала – бауыр етің. «Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын деп», - жатады ата-аналар. Расымен де, жаныңның бір бөлшегінің қиналғанын кім қаласын?! Бірақ, сол бала қалай қымбат болса, оның тәрибесі одан да қымбат. Сондықтан да, әке-шеше үмітін ақтап, салиқалы құлдардан болу үшін, баланың тәлім-тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керек. Бұл жолда да қасиетті Құран аяттары мен адамзаттың асыл тәжі Алла елшісінің хадистеріне сүйенеміз.  Пайғамбарымыз: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» (Ибн Мәжжа, Никах, 1; Әбу Дәуіт, 1879.), - деген. Иә, бірақ біздің балаларымызды Расулалланың үмбетіне лайық етіп тәрбиелей алып жатырмыз ба?! Мөңке би ақыр заман келгенде:

«Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын

Бедірей деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады», - деп толғаған екен. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамнан осы бір көріністің шет-жағасын көріп те жүрген секілдіміз. Ал, Аллаға және Алла елшісіне ата-анасына құлақ аспайтын, елге ешбір пайдасы жоқ ұрпақтың керегі бар ма?! Олай болса, исламдағы бала тәриесі туралы Құран не дейді, хадистерде на айтылған.

Баяғыда бір кісі ойшылға барып: «Балам бір жасқа келді, тәрбиесін қай кезден бастайын», -деп сұрағанда әлгі ойшыл бір жылға кешігіп қалдың деп жауап қатқан.  Осыдан ақ, баланы белін ұстап, аяғын тіктей бастағаннан, былдырлап сөйлейін деп жүргеннен-ақ ислами тәрбиені бойына сіңіру керектігін түсінеміз. Ал, әріректен алатын болсақ, тіпті баланы ана құрсағына түспей тұрып тәрбиелеу керек. Дәлірек айтқанда, ата-ана балаға ниеттенген кезде «бисмилләһтан»бастауы тиіс. Бұл жайлы Алла елшісі: «Бисмилләһ – әрбір жақсы істің кілті. Бисмилләсіз басталған іс - берекесіз», -дейді.

Ал, екінші нәрестенің құлағына азан шақыру да – тәрбиенің бастауы. Пайғамбарымыз бір өсиетінде айтқандай: «Кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге  жамандық келмейді».

Тағы бір ескеретін жәйт – ол нәрестеге ат қою. Нәрестеге ат таңдау негізі әкенің құқығына жатады. Хаадис шәріпте ол туралы: «Әкеге жүктелген міндеттің бірі – балаға к­өрікті және рухани есім қою», – дейді (Бәйхаки).

Ал, балаға ес кіріп, есейе бастағанда ата-ана перзентін имандылыққа тәрбиелеу ләзім. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде былай дейді: «Ешбір әке баласына к­өркем әдептен артық сыйлық берген емес» (Тирмизи, 33). Көркем мінез, әдеп имани тәрбиеге сусындаған жерде қалыптасатыны һақ. Құран Кәрімде айтылған Лұқман пайғамбардың (а.с.) баласына айтқан өсиетін біз де үйретсек нұр үстіне нұр. «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз серік қосу үлкен зұлымдық, – деді.  –Әй, ұлым! Тарыны‑ салмағындай болса да, бір жартастың ішінде болса да, көктерде не жерде болса да, Алла оны қиямет күні келтіреді. Расында, Алла  өте жұмсақ, толық білуші. Әй, ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып қырындама да, жерде кердеңдеп жүрме. Шынында, Алла  бүкіл даңдайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да. Дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 13-19 аяттар). Осыдан артық қандай өсиет болсын.

Пайғамбарымыз ﷺ: "Балаңыз жеті жасқа келгенде намаз оқуға үйретіңіз, он жасқа келгенде ұрып болсада оқытыңыз", -дегендей, жоғарыдағы қағидалармен қатар, исламның бес парызының бірі намазын да орындауы  тиіс.

Сонымен бірге, перзентіне мейірімділік көрсету, сүйіспеншілік таныту да ата-ананың міндеті. Бұл істе де әлемге нұрын шашқан Алла елшісінің балажандығы мен мейірімділігіне ешкім тең келмес. Немерелері Хасан мен Хүсейінді үнемі арқасына салып еркелеткен. Сол сияқты өзге балаларға да асқан мейірімідікпен қараған. Бірде осы әдетін көрген бәдәуи таң қалып, мен ешқашан балаларымды емірене сүйген емеспін дегенде, Алла елшісі: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейірімділігіңді алып қойса, маған не дейсің», - деп налыған екен.

Сәлем сөздің анасы демекші, үлкенге, есіктен үйге кіргенде амандасып кіруді де балаға кішкентайынан үйреткен жөн. Хадисте айтылғандай: «Үйіңе кірерде отбасыңа сәлем бер, бұл сен үшін де, сенің ата-анаң үшін де қайырлы».

Ең бастысы, сүттің де сұрау бар демекші, бала үшін де ертеі әке-шешесі жауап береді. Сондықтан да, бала тәрбиесіне баса назар аударған жөн болады. Біле білсеңіз, «Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (2120 граммға тең)көлемінде садақа баргеннен де жақсы», -(Тирмизи, Бирр,33).

 

 Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары