Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жәннатпен сүйіншіленген Әли (р.а)
30 тамыз, 2019 жыл 2407 Басып шығару нұсқасы

Ислам дінінде ерекше ерлік көрсетіп, батырлығымен аты аңызға айналған тұлғалар жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі төртінші халифа - Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.). Ол жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Алла елшісін өлтірмек болған мүшіріктерді жаңылдыру үшін, өз басына төніп тұрған қауіпке қарамастан Расулалланың төсегіне жатқан, ақиқат дінге қарсы келгендермен қаймықпай күрескен қас батыр Алла мен елшісінің разылығына бөленбегенде қайтсін. Алланың арыстаны, ғылым қаласының қақпасы деген аттаққа ие болған оның  тақуалығы мен ел билеудегі әділеттілігі бір төбе.

Пайғамбарымыздың (бауыры әрі күйеу баласы – Әли.

Әли (р.а) – Пайғамбарымыздың ағасы Әбу Тәліптің кенже ұлы. Отбасында көп бала болғандықтан әкесі Әбу Тәліптің барлығын бірдей асырап- жетілдіруге әлі келмеді. Осы кезде Алла елшісі (ﷺ)  Әлиді (р.а) өз бауырына салып, нұрлы отбасында тәрбиелену бақытына ие болады. Сондай-ақ, Хадиша анамыздан кейін исламды қабылдаған алғашқылардың бірі. Хазреті Әли төрт ұл мен тоғыз қыздың әкесі. Оның арасында Расулалланың дүниедегі екі райханым деп еркелеткен Хасан мен Хұсейн және қыздары Зейнеп пен Үммүгүлсім Алла елшісінің (ﷺ) қызы Фатима анамыздан туған. Пайғамбарымыз Фатима анамыз тұрмысқа шығатын жасқа келгенде көп адам айттырып, сұрап келеді, бірақ олардың ешқайсысына келісімін бермеді. Әйелдердің ең қайырлысы Фатима «сұрағандардың ішіндегі ең білгіріне, ең кішіпейілді мен ақылдысына және алғаш мұсылман болған Әлиге нәсіп болады. Осылайша Пайғамбарымыздың (ﷺ)  күйеу баласына айналған Әли Фатима екеуі кедейлікте өмір сүрсе де, ең тақуалардан болды. Анамыздың көзі тірісінде Әли (р.а) екінші әйел алмаған.

«Мың адамға татиын» батыр Амрды жеңген Әли

Әли өмірінің соңына дейін Ислам жолында асқан табандылық пен шынайылық танытып келді. Ол алғаш рет өз өмірін өлімге тігіп, Алла елшісін(ﷺ) өлтіруге бел буған мүшіріктерді жаңылдыру үшін Расулалланың төсегіне жатып, қайсарлық көрсетті. Ол кезде жас әрі жалынды Әли 23 жаста болған. Осыдан бастап, Әли дін жолында үлкен шайқастарға қатысып, аңызға айналарлық ерлік жасады. Сондай шайқастардың бірі – Бәдір шайқасы. Бұл кезде мұсылман әскері мүшіріктерден әлде қайда аз және соғыс тәжірибесі жағынан да өте әлсіз болды. Ертедегі дәстүр бойынша екі жақтың мықтылыран жекпе-жекке шығаратын. Мүшіріктердің үш батырына қарама-қарсы мұсылмандардың арасынан Пайғамбарымыз Хамза, хазреті Ұбайда мен баһадүр Әлидің шығуын бұйырады. Бұл жекпе-жекте үш батыр ерлік көрсетіп, жеңіс мұсылмандарға тиді.

Ұхұт шайқасында да Әли Пайғамбарымыздан (ﷺ) бір елі айырылмай, күллі мұсылманның соңғы елшісін өз денесімен қорғады.

Хайбар мекенін яхудейлерден азат ету де мұсылмандарға оңай түспеді. Алайда бұл шайқаста да Әли ерлік танытып, қорғанға қарай лап қойған әскерді шетінен қыра бастайды. Бір кезде қолындағы қалқанын түсіріп алады. Тез арада қорғанның темір есігін жұлып алып, қалқан етті. Қақтығыс біткенде есікті жерге тастайды. Бірақ ол есікті сегіз адам жабылып көтере алмайды. (Табақат, 2:110-112; Инсануль уйюн, 2:737). Осы шайқаста Хайбар алынып, ақ туды тігу бақыты Әлиге беріледі. Хәндак шайқасында да мүшіріктердің асқан батыры, «бір өзі мың адамға татиды» дейтін, барылығы одан жүрексінетін Амр ибн Әбутәліппен жекпе-жекке шығып, маған ешкімнің күші жетпейді деп даңдайсыған Амрдың жанын жәһанамға жібереді. Осы ерлігі үшін Алла елшісі (ﷺ)  Әлиге (р.а)  Зүлфиқар қылышын сыйға береді. Әли өмірінің соңына дейін, қылышын бір елі жанынан тастамады (А.Куружан, 234-236). Осылайша, қай соғыста болмасын Алланың арыстаны Әли (р.а) Пайғамбарымыздың(ﷺ)  көңілінен шығып, исламның ақ туын желбіретіп өтті.

Төртінші халифа – Хазреті Әли

Аса көреген Хазреті Әбу Бәкір, Омар, Осман халифалардың кезінде де әрдайым кеңесші болып жүрген Әлиге де халифа болу бұйырады. «Сендерді басқаруға құмартып тұрғаным жоқ. Мен үшін басшылықтан кеңесші жақсы», -деп қашқақтаған Әли халықтың сөзінен асып түсе алмай жауапкершлігі жоғары істі мойнына алады. Бұл істі де абыроймен атқарып, «Әлсіздің ақысын күштіден оңай алып бере алмаған кез келген халық ешқашан да күшті бола алмайды» деген Пайғамбарымыздың (ﷺ)  сөзін жанына түйіп, әрдайым әділ шешім жасауды ойлады.  

Жәннатпен сүйіншіленген Әли

 

Хазреті Әли (р.а) сахабалардың арасындағы аса білімділерден еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) оның ілімін былайша бағалады: «Мен ілімнің қаласымын, Әли қақпасы. Ілім үйренгісі келгендер сол есіктен енсін», -деді (Тирмизи).

Әли (р.а) уахиды хатқа түсіруші әрі жатқа білушілерден болатын. Алла расулы дүние салған соң алты ай ішінде оның Құранды түсу кезегіне қарай жинастырғандығы білім адамдарына мәлім. Ол Құран ілімін жақсы меңгергендердің бірі. Бұл жайлы оның өзі былай дейді:

  • Менен сұраңыздар. Уллаһи менен сұраған сұрақтарыңыздың бәріне жауап беремін. Менен Алланың кітабы жайында сұраңыздар. Уллаһи, оның күндіз бе, түнде ме, тауда ма, қырда ма түскенін мен білмейтін ешбір аят жоқ. (Табақат, 2:338). («Саңлақ сахабалар» кітабынан).

Бар өмірін ислам жолына сарп еткен Алла мен елшісінің сүйікті құлы Әли (р.а) Рамазан айының он жетісінде жұманың таңында, таң намазын оқуға шыққан шағында харижит Абдурахман ибн Мүлжәмнің қолынан қайтыс болады. Тамағына келіп қадалған қылыштан көз жұмды, ислам үмбеті жүрегі иманға толы бір мұсылманнан айырылып қала берді.

Жаратушысы мен Раббысының жіберген елшісіне қалтқысыз қызмет еткен Әли (р.а) Жәннатпен сүйіншілінген он сахабаның қатарынан табылды. Алла елшіснен жеткен хадисте: «Мына он кісі Жәннатқа кіреді: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Зүбәйр ибн Әууәм, Талха ибн Ұбайдуллаһ, Сағд ибн Әбу Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жаррах, Абдур-рахман ибн Ауф және Саид ибн Зәйд (р.а)», - деп атап өткен. 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары