Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ақтық сәт келмей оянғандар...
17 ақпан, 2015 жыл 367 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!


   1Құдіретті күшті Аллаһ Тағаланың сөзі адамзат рухының нәрі, жанының шипасы, екі дүниенің шамшырағы, жүрегіне жарық берер нұры. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінде былай делінеді: «Құран оқылған үйдің қайыры артады, үйдегілерді қыспайды, періштелер жиналады, шайтандар ол жерден алыстайды. Құран оқылмайтын үй үйдегілерге тар болып келеді, қиыншылық береді, берекетсіз болады. Періштелер ұзақтап, шайтандар ол жерді толтырады» (Дарими). Сондықтан Аллаһтың сөздерімен көмкерілген пейілдерден тек әсемдік, ізгілік өрнектелсе, оған құлшылық етіп, Құран нұрымен қуаттанған әрбір үйдің іші  періштелерге толы болады. Ал  Құранда: "Кім Аллаһқа жолығуды үміттенсе, әрине,  Аллаһтың белгілі мезгілі келеді. Ол, аса естуші, толық білуші",-делінген /Ғанкәбүт, 5/. Аллаһтың белгілі мезгілі жеткенде құм сағаттай сырғыған тұрлаусыз күндерден көшпейтін  керуен жоқ.


    Жаратушы алдындағы адамдардың дәрежесі оның тақуалығымен, өзіне бойұсынуымен, бұйырған амалдарын орындауымен әрі иман дәрежесімен өлшенеді. Пенденің иманы кемелденген сайын ықыласы күші де артады, құлшылық жасауға жеңіл түрде қадам жасайды. Иманның тереңдеуі мен ықыластың артуы Аллаһты тануға (мағрипатқа) жетелейді. Жүректегі иман жетілген сайын пенденің болмысы, амалдары нұрланады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шариптерінде: "Өлмей тұрып, өліңдер. Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар",-деп бұйырған.  Хазіреті Әбу Бәкірдің иманы күллі мүміндердің иманынан үстем болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы сахабасы жайында: "Жер бетінен кім тірі өліні көргісі келсе, Әбу Хуафаның баласына қарасын!",-деп насихаттаған. Өлмей тұрып, өлген адамнан ешкім қиянат көрмейді, ақтық сәт оятпай тұрып, қараңғылық құрсауынан қашықтап, ғапылдықтан ояну-шынайы мүміннің ісі. Себебі, ол әрбір әрекетіне, айтқан сөзіне аса мән береді, өз-өзінен осы өмірдің өзінде-ақ күнде есебін алып, өз нәпсісіне сөгіс береді, қателіктері үшін өкінеді, жақсылықтарына көңілі масайрамайды, жұрттан жасырын болғысы келіп, рухани кемелдікке қарай ұмтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның дәуірінде ғұмыр кешіп, бүкіл өмірін Хаққа арнаған Уәйіс Қаранидің өмірі осыған айқын мысал. Уәйіс-Иемен жерінің тұрғыны болатын, өте қарапайым, жұпыны тұрмыс кешкен. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) өзі ол адамды "Уәйіс Қарани игі  істер жасайтын менің ең жақсы ізбасарым",-деп атаған. Қайтыс болар алдында сахабаларына  киімін Уәйіске беріп, мұсылман үмбетіне дұға етуін тапсырған. Уәйіс осыншалықты рухани биік дәрежеге ие бола тұра, халық арасында танымал болып, көзге түсуді еш қаламады. Сол себептен ол жұрттан жасырын жүрді. Өйткені, бұл дүниеде тек пенделерге ғана танылуды арман еткен көп адамдар,  Аллаһтың алдына барғанда Ұлы Жаратушының ұлы назарынан тыс қалуы әбден мүмкін емес пе?! Ал иманы кәміл мұсылман үшін Аллаһтың алдында еш танылмай, адамның алдында танылып ғұмыр кешуінің қандай мәнісі бар? Бір күні бір адам  Уәйістен өтініп: "Маған ақыл айтшы",-деді.


-Құдай Тағаланы танисың ба?


-Иә, танимын.


Жақсы. Одан басқаны танымағаның өзіңе жақсы.


-Тағы да айтшы.


-Аллаһ Тағала сені тани ма?


-Иә.


-Сені одан басқаның танымағаны жақсы!


Әлгі адам Уәйіске бір нәрсе сыйламақ болды. Уәйіс қолын қалтасына салып, екі тиын алып шығып: "Мына ақшаны түйе бағып, тауып едім. Егер осы азғана ақшамен менің тірі қалатыныма кепілдік берсең, сенің ақшаңды да аламын". Содан кейін: "Кездесу аяқталды. Қазір енді кейін қайт. Қиямет жақын. Мен де ақырет жабдығын қамдауға кірісуім керек. Бір-бірімізді қиямет-қайым күні көреміз",-деді.


   Мынау сүреңсіз тіршілікте пенденің Жаратушыдан жырақ, иманнан алабөтен, Аллаһ алдындағы жағдайын, дәрежесін ойламай-уайымсыз өмір сүруі қатерлі. Мұсылманның өлімі-ақиқи мәңгілік өмірдің басталуы. Хазреті Әбу Бәкірден «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда былай деп жауап берген: «Үш ерекшелігім бар: 1) Әрдайым дүниелікті емес, ақыретімді таңдадым. Бір жағдай туындағанда алдымен ақырет тарапына қарадым. Ақыретке зияны тимейтін іс болса ғана істедім. 2) Ақыретімді Раббыма ауыстырдым. Яғни жәннат үшін, тозақ үшін емес, тек Аллаһ үшін ғана ғибадат жасадым. 3) Басыма келген әрбір істе Аллаһтың разылығын бәрінен үстем деп санадым. "Әуелі Раббымыздың разылығы, кейін қалғандары келеді",- дедім. Раббымыздың разы болмаған жерінде мен жоқ болдым. Аллаһ Тағала сүйіктісін (пайғамбарымызды) қатты жақсы көрді. Мен де оны мал-мүлкімнен де, өз жанымнан да қатты жақсы көрдім. Қандай жетістіктерге жетсем де, бәрі осының арқасында болды». Осындай бүкіл мүміндерге кемел иманның көрсеткіші болған сахаба баршамызға жәннат пен тозақ үшін емес тек Ұлы Хақ Тағала үшін ғибадат жасауды, нәпсіні тәрбиелеп, Жаратушының разылығын барлық істен артық қоюды тағылым еткен. Аллаһтың игі құлы Уәйіс болса: "Ұйықтағың келген кезде өлімді жастығыңның астында деп біл. Ұйқыңнан оянған кезде оны көзіңнің алдынан көр. Әр күнәні үлкен деп сана. Ешқашан оны кішкентай деп есептеме. Өйткені, күнә жасаған сайын екілене түсесің. Егер күнәні кішкентай деп есептесең, Аллаһты қораш санағаның",-деп насихат қалдырған. Ғибрат аларлық дүниелер. Шын мағынасында  мағрипатқа жетіп, жалпақ жалғанда оянған жандардың әрекеттері осындай болмақ.



М.Мұхамадиева


Семей қаласы.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары