Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алғаш піскен жемісті осы адамға бер
13 сәуір, 2017 жыл 796 Басып шығару нұсқасы

     Балаға деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі – балаға сыйлық беру. Пайғамбарымыз бұл жайлы хадисінде былай дейді: «Балаларыңа сыйлық беріңдер, жақсы тәрбие ұсыныңдар»137. Хазірет Айшаға айтқан өсиетінде осыны табыстап былай дейді: «Көршілердің балалары қасыңа келген кезде, қолына бір нәрсе ұстат. Себебі, бұл достықты (сүйіспеншілікті) арттырады»138. Өзі қасына келген балаларға міндетті түрде сый беретін. Бір уыс құрма болса да беріп, баланы қасынан құр қол жібермеуге тырысатын. Осы сүннетті өздеріне әдетке айналдырған сахабалар болсын, кейінгі ғасырларда өмір сүрген әулие кісілер болсын көбінесе қалталарына тәтті салып жүретін. Алдынан шығып амандасқан баланың алақанына қалтасындағы тәттісін ұстата қоятын. Ақ сақалды аталарымыз бен асыл әжелеріміздің осы сүннетті ұстанғандықтары болса керек, қазақ даласында да қариялардың қасына барған қара домалақтар тәттіге қарық болып қалушы еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алғаш піскен жемісті бірінші балаларға тарту ететін. Сахабалар жыл сайын бау-бақшасының алғашқы жемісін Пайғамбарымызға әкеліп беретін. Бұл әдет олардың Аллаһ елшісіне деген ыстық ықыластары мен сүйіспеншіліктерінің көрсеткіші еді. Пайғамбарымыз әкелінген жемісті алдымен үш мәрте оң көзіне, сосын үш мәрте сол көзіне басып, дұғасын жасап, жамағаттың ішінде ең кішкентайына ұсынатын. Осы әдеті арқылы балаға деген сүйіспеншілігін ғана көрсетіп қоймай, мұсылмандарға да үлгі-өнеге болып, балаларға сүйіспеншілікпен қарау қажеттігін ұқтыратын. Үмбетіне балаға сүйіспеншілікпен қарауды өсиет еткен хадистерінің бірінде былай деген еді: «Балаларына мейірім көрсеткенге Аллаһ та мейірім танытады»139, «Балаларын арқалап, омырауын емізген, оларға мейірімін көрсеткен әйелдер, сонымен қоса күйеулеріне қиыншылық тудырмаса және намаздарын оқыса жаннаттық болады»140. Міне осындай сүйінші хабарлары арқылы үмбетін баланы мейірім мен сүйіспеншілікке бөлеуге шақыратын.

 

"Исламдағы бала тәрбиесі"

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары