Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мухаррам айындағы Ашура күнін өткізіп алмаңыз!
16 қазан, 2015 жыл 669 Басып шығару нұсқасы

image1Мұсылманша жыл басы басталды. Барлық мұсылман елдер бұл айды ерекше қастерлеп, күтеді. Дәл бүгінде, дүние жүзіндегі ресми аталған мұсылман елдер, жыл басы саналатын Мухаррам айын тойлатып-ақ жатыр. Бұл айда біздің Қазақстандағы барша мұсылман бауырлар да Аллаға құлшылық етуді үдете түскен.


Бұл ай несімен қасиетті?


Бұл сауалға жауапты Құран Кәрімнен табамыз: «Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі ай. Бұлардан төртеуі қасиетті айлар. Міне осы - берік дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер! ...Аллаһтың тақуалармен бірге екенін біліңдер!» (Тәубә сүресі, 36-аят). Ал асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, бұл жөнінде: «Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мухаррам, ал төртіншісі - Жумадә мен Шағбан арасында келетін Ражәб айы»,- деген. Мухаррам айының қасиеті жайлы көптеген ғалымдар хадистер қалдырған. Бұл айды, Рамазан айы секілді Аллаға құлшылықпен өткізген абзал. Әр айдың өз қасиеті болатыны секілді Мухаррам айында қасиетті Ашура күні бар. Ол күн айдың оныншы күніне тура келеді, яғни биыл қазан айының 24-ші жұлдызы – Ашура күні.


Ашура күнінің тарихы


Нұһ (а.с.) кемесi ашура күнi тоқтаған. Яғни, топан Ережеп айының бiрiнде басталып Мухарам айының оныншы күнi Жудди тауына тоқтаған. Нұһ (а.с.) және мүминдер осы күнi шүкiр етiп ораза ұстады. Қалған ризықтан ашура пiсiрдi. Яғни, қалған барлық тамақ түрiн қосып пiсiрген. Ол – ашура деп аталған ерекше тамақ. Осыдан кейін бұл күн – Ашура деген атауға ие болып кеткен. Ашура күнi садақа беру, бiреуге сый ұсыну, ораза ұстау – сүннет болып табылады.


Ашура күнінің ерекшеленуі туралы ислам тарихынан көп білуге болады. Осы күні әр жылдары әртүрлі ерекше оқиғалар орын алған. Тарих беттерінен орын тепкен он оқиға:


* Адам (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.


* Мұса (а.с.) пайғамбардың мұғжизасы. Ол осы күні теңізді жарып шығып, Ферғаунды әскерімен қоса теңізге батты.


* Нұх (а.с.) пайғамбар кемесін Жуди тауының үстіне осы күні тірелген.


* Дәуіт (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.


* Юнус (а.с.) пайғамбар балық ішінен осы күні құтылған.


* Юсуф (а.с.) пайғамбар бауырлары тастаған құдықтан осы күні шығарылған.


* Якуб (а.с.) пайғамбар ұлы Юсуф (а.с.) үшін қайғырып соқыр болған көздері осы күні қайта көре бастаған.


* Ибраһим (а.с.) пайғамбардың ұлы Исмаил (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген.


* Айюб (а.с.) пайғамбар науқасынан осы күні айыққан. Иса (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген және осы күні көкке көтерілген. (Сахих Муслим


* түсініктемесі 6: 140)


Осындай маңызды оқиғалар орын тепкен Ашура күні мұсылмандар арасында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінен бері жалғасын тауып келеді.


Ашура күнін қалай өткізген абзал?


Ашура күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза тұтқан. Ар-Рубаййи’ бинт Му’аууиз айтты: «Ашура күнінің таңында пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ансарларға: «Осы күні таңертең тамақтанған адам, енді күн соңына дейін тамақтанбасын. Ал, таңнан бастап ораза ұстаған адам, оны соңына дейін ұстасын» дейтін хабаршыны жіберді». Ар-Рубаййи’ айтты: «Осы уақыттан, біз осы күнгі оразаны


өзіміз ұстадық және балаларымызға да ұстатқыздық. Және біз оларға жүннен ойыншық жасап, тамақ сұрап жылаған уақытында, ауыз ашар уақыты келгенге шейін (ойнай тұрлару үшін) ойыншықты беретінбіз» (әл-Бухари 1960, Муслим 1136). Осы хадистен Ашура күні адам өзі ғана ораза тұтып қоймай, жанындағыларға, отбасына да осы күні істелген амалдың жақсы екендігін насихаттау. «Баланың көңілі далада» дегендей, балаға көңіл көтеретін ойыншықтар, тәтті тағамдар сыйлап, Ашура күні туралы түсіндірілсе, оның жадында сақталып қалады. Осы бір амалмен бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айының оразасынан кейінгі ең жақсы ораза, ол Алланың айы әл-Мухаррамда ұстаған ораза» (Муслим 1163). Бұл күні ұстаған оразаның қадірі жайлы мына хадистен түсінеміз: Әбу Қатада жеткізген хадисте, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Ашура күніндегі ораза өткен жылғы күнәларды өтейді деп Аллаға үміт етемін!» (Муслим 1162). Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген. Муслим келтірген сахих хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер келесі Ашура күніне дейін аман болсам, Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн, яғни, Мұхаррамның тоғызыншы күні де ораза ұстаймын», – деу арқылы тек Ашура күніне, тым болмағанда бір күн қосып ораза ұстаудың ұнамды іс екенін айтып кеткен. Сондықтан мүмкіндігі бар кісілер Тек Ашура күні ғана емес, бір күн алдын не бір күн кейін қосып ораза ұстаған дұрыс болады.


Сол секілді, осы күні нәпіл намаз оқып, садақа беріп, қайырымдылық іс жасап, мол сауапқа кенелуге болады. Әрине бұл амалдарды бір күннің еншісіне байлап қоймау қажет. Дегенмен, осындай ерекше мәнге ие күндері нәпіл намаздың санын арттырған абзалырақ.


Нұров Махмұт қажы Нұрұлы


«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары