Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Неге Ленин жерленбейтінін біліңіз
21 сәуір, 2017 жыл 6961 Басып шығару нұсқасы

Бала кезімде Ленин туралы әңгіме бола қалса“Атеист болғаны үшін Ленинді жер қабылдамай қойыпты. Денесін жер қойнына берсе де, жер бірнеше рет сыртқа шығарып тастапты. Сол үшін оның мүрдесін қатырып қойған” деген аңызды жиі еститінмін. Және соған имандай сенетінмін де. Құдайды жоққа шығарған, талай жанның ажалына себепші болған адамның ақыры солай болуы керек сияқты көрінетін. Ал ақиқаттың қалай орын алғанын арада жылдар өткенде, кейін ғана білдім...

1.Құдай мен пайғамбарларды жоққа шығару арқылы өзі де пайғамбарлыққа ұмтылған Ленин

Ленин – адамзатқа үлкен қайғы-қасірет әкелген идеологияның басында тұрса да әлем тарихын өзге арнаға бұрған адам. Оның сұмдық ерік-жігері мен күш-қайратына тәнті болмаған, қайран қалмаған адам кемде-кем.

Ленин Құдайды, пайғамбарларды жоққа шығару арқылы өзі де пайғамбарлыққа ұмтылды. Батыс ойшылдары арасында оның саясатын құптамаса да, елші дәрежесіне көтергендер жетерлік. Расымен де ол коммунизмге ұмтылған Кеңес үкіметі үшін “күн – көсемге” айналды. Бұрын орыстың үйінде Исаның суреті ілініп тұрса, ендігі жерде Лениннің суреті тұратын болды. Елді-мекендердің барлығында Лениннің қолын алдыға созып, “комунизмге” шақырып тұрған ескерткіші тұрды. Ақиқат діннен ажырамай, өзінің қоңырқай ғана тіршілігімен күн кешкен біздің ата-бабаларымыздың арасында жай ғана оның есіміне тілі тиіп кетіп немесе төрде ілулі тұрған суретін жыртып алып, 10 жылға жер аударылып, Сібірге айдалып кете барған бейкүнә қазақтар көп. Кеңестік кезеңде ғұмыр кешкен қазақ ақындары ішінде оған жыр арнамағандары да кемде-кем. 

Үнің кетпес құлақтан

Ағыны күшті бұлақтан.

Тау суындай тасқыны,

Талқандап құзды құлатқан.

Өрісі кең өрлеген,

Түбі терең мұхиттан,

Ағыны жылдам сынаптан.

Жер жүзіне тараған,

Аузына əлем қараған,

Қара қылды қақ жарып,

Жылағанды жұбатқан.

Солтүстік пен оңтүстік,

Батыс, Шығыс əлемде

Балдан тəтті сөзіңнің

Дəмін алған, ұнатқан.

Үнің мəңгі өшпейтін

Адамзаттың алыбы,

Батыры сенсің Ленин! – деп келетін Жамбыл жыры соның айғағы.

2.Құранның алғашқы аяттарын иемденген Ленин

         Лениннің өнімді жазғаны сондай, артында 55 том кітап қалған. Және оның ел арасына кеңінен тарап кеткен көптеген қанатты сөздері бар. Соның ішінде ең жиі айтылатыны мына жолдар болса керек:

Оқы, оқы және оқы! 

Деген Ленин бабамыз. Ленинге телініп жүрген осы бір ауыз қанатты сөздің оған тиесілі емес екенін ата дініміз өзімізге қайтып, тәуелсіздігіміз жария болғанда бірақ білдік емес пе?! Сөйтсек, бұл қуатты сөз пенденікі емес, Жаратушынікі екен. Алла тағала сонау Хира үңгірінде Жебірейіл (ғ.с.) періштесі арқылы адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) елшіліктің келгенін хабарлап: “Оқы, сені жаратқан Раббыңның атымен оқы” деп жіберген алғашқы аяты екен.

         Осыдан-ақ, Лениннің дін кітаптарын жақсы білгенін, тек өзі ғана оқып, өзгелерге оқуға тиым салып, Құдай жолын ұстанғандарды қудалап, қамап, атып тастағаны тегіннен тегін емес-ау деген ой келеді.

3.Ленин қалай өмірден өтті?

         Өмір – мәңгілік емес. Кешегі сән-салтанаты жарасқан патшалар да, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Наполеондай жарты әлемді билеушілер де, тіпті Алланың сүйіктілері – пайғамбарлар да бұл жалған дүниені артқа тастап, бақиға аттанып кете барған. Сол секілді Лениннің де өлшеулі ғұмыры таусылды, ажалдың құрығы жетті. 1923 жылы 53 жастағы Ленин инсульт алып, бір қол, бір аяғы істемей қалды, тілі күрмелді. Арада көп өтпей, 1924 жылдың қаңтарында миына қан құйылып, қайтыс болды.

         Лениннің ауруы туралы да, өлімі жайында да аңыз көп. Өйткені оған көзі тірісінде талай қастандықтар жасалғаны белгілі. Бұл туралы тарихшы Саттар Мажиов: “Әдебиеттерде В.И.Ленинге 10-нан астам қастандық жасалғаны жайлы мәлімет кездеседі. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 1918 жылдың 1 қаңтарында Ленинге алғашқы қастандық жасалынған екен. Оны ұйымдастырғаны және оған жарты миллион рубль жұмсағаны туралы князь Д.И.Шаховский бірнеше жыл өткен соң жария еткен. Тарихта Ленинге жасалынған ең белгілі, атышулы қастандық – оның Фанни Капланның қолынан жарақат алуы. Бұл оқиға 1918 жылдың 30 тамызында болған. Сол күннің таңында Петроград төтенше комитетінің төрағасы М.С.Урицкий өлтіріледі. Соған қарамастан, Ленин Михельсон зауыты жұмысшыларының алдында митингіде сөз сөйлеп, көлікке отырып жатқан кезде эсер (социал-революционер) партиясының мүшесі Фанни Каплан үш рет оқ атады. Бірінші оқ Лениннің мойнынан өтіп, иегінің астына дейін жетіп, аққан қан оның өкпесіне зақым келтіреді. Екінші оқ сол қолына тиеді. Үшінші оқ автокөліктің жанында Ленинмен сөйлесіп тұрған әйел адамға тиеді. Бұл оқиға туралы мәлімет жан-жаққа таралған. Кеңес дәуірінде ол туралы көп айтылатын. Таңғалатыным, бұл мәселе осы күнге дейін толық зерттелмеген екен. Капланның аты-жөнінің өзі туралы деректер әлі толық емес. Ол бірде Фанни Ройд немесе Фейга Хаимовна Каплан немесе Фанни Ефимовна Каплан деп аталып жүр. Оның 1918 жылдың қыркүйек айында жазаға тартылғаны – жалған әңгіме, ол 1950 жылдарға дейін өмір сүрді деген мәліметтер де кездеседі”, - деп жазса, тарихшы Бүркітбай Аяған: “1921 жылдың соңы мен 1922 жылдың басында Ленин ауыр сырқатқа шалдығады. Оның ауруы жайлы да әртүрлі қауесеттер көп. Кейбір зерттеушілер өлшеусіз дене еңбегі мен жанына батқан ауыртпалықтар революция көсемін әбден әлсіретті дейді. Енді біреулер оның ауруының себебін басқа нәрседен десе, кейде тіпті әдеттен тыс әуестігінен де көреді. Қалай болғанда да, 1922 жылы көктемде Ленинді арнайы шақырылған шетелдік дәрігерлер емдей бастайды. Ленинді тек зор енжарлық қана емес, сонымен қоса, жанының жай таппағаны және артынан қалмайтын, есте қалған елестері қинайды. Ол небары 52 жас та болғанымен, кәрі шал кейпінде болған. Ленинді үрей басады, тіпті өзін-өзі өлтіруді де ойлай бастайды. Ол Сталинге өзіне тығып у беруін өтінеді. Ленин өзінің күнінің біткенін білген. Жан дүниесіндегі рухани азапты сезінген. Оның өмірінің соңында түскен суреттерінен әбден қиналған жанды ғана емес, сонымен бірге өмірге селқос қараған, жанары сөнген адамды көреміз.

Профессор Ливерий Даршкевич ауруды барынша бақылап, оған біраз кеңестерін айтады. Ленин одан қайта-қайта өзінің есі ауысып кетпегенін сұрап, ұзақ уақыт дәрігердің де жанын қинайды. Лениннің өмірі басқаларға осы уақыттан бастап жұмбақ болды. Ол іс жүзінде Кремльдегі жұмысқа шықпады. Бұл оның денсаулығы туралы қауесеттерді тудырды. Алайда Лениннің нұсқаулары бұрынғысынша қатал болды, өзіне ұнамағандарға қатысты қатыгез әрекеттерін тоқтатпады. Ол ауқаттылар мен дін өкілдерін ондаған жылдар бойы тіпті қарсыласу дегенді ойлауға да батылдары жетпейтіндей ету үшін атуды ұсынды. Ал оппозицияны мүлде жоқ қылуға дайын еді. Неміс дәрігерлерінің қайыра қарағанынан соң және денесінен оқты алған отадан кейін де Лениннің денсаулығы түзелмеді. 1922 жылы 22 мамырда Ленин есінен айырылады, оң жақ денесі қозғалыссыз қалады. Ол мүлде сөйлемеді, ойы да шатысты. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қою әрекеттерінен еш нәтиже шықпады. Емделмейтін белгісіз ауруы асқынған Ленин 1924 жылы қаңтарда Мәскеу түбіндегі өз резиденциясында дәрігер Осипов, зайыбы Н.К.Крупская, қарындасы Мария және сонда кездейсоқ келе қалған өз серіктестерінің бірі Н.Бухариннің көз алдында көз жұмды”, - деп жазды. Ал белгілі журналист Төреғали Тәшен: “Лев Троцкий «Ленинге у берген Сталин» деп жазады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Дегенмен Лениннің азапты өмірден тезірек құтылу үшін Сталиннен у сұратқаны рас көрінеді. Мұны Лениннің хатшы қыздарының бірі 60-шы жылдары жазушы Александр Бекке айтыпты. Бірақ «халықтар көсемі» у бермеген. Егер Сталин у берсе, онда сауысқаннан сақ көсем куәгерлердің көзін көп ұзатпай-ақ түгел құртқан болар еді. Кім біліпті, бәлкім онсыз да іріп-шіріп бара жатқан күн көсемге біреу-міреу у берсе, берген де шығар. Ал Лениннің басын жұтқан ауру не десек, кеңестік дәрігерлер күн көсемнің миын зақымдаған мерез ауруынан өлгенін тістерінен шығармауға ант берген. Қанша жасырғанмен, Израиль дәрігерлері кеңес өкіметінің негізін қалаушының мерезден көз жұмғанына дәлел-анықтаманы КСРО тарқағаннан кейін да жарыққа шығаруға тыйым салынған мұрағаттан тауып, әлемге жариялап жіберді. 

Ресми анықтама бойынша, Ленин атеросклероздан өлген деп есептеледі. Бірақ Ленинді емдеген 27 дәрігердің тек 8-і ғана күн көсемнің өлімі туралы анықтаманың астына қолдарын қойған. Қол қоймағандардың ішінде Лениннің жеке дәрігерлерінің екеуі бар, - дейді өз журналистік зерттеуінде.

Осы деректерден миллиондаған адамның қанын мойнына жүктеген Лениннің өмірінің соңы да оңай болмағанын байқаймыз. Елес қуып, есі ауысудың аз-ақ алдында, миына салмақ түсіп, дүниеден көшіпті.

4.Лениннің мүрдесі неліктен жерленбеді?

         Кей деректерде Ленин өзін анасы Мария мәңгілік тыныштық тапқан Санкт-Петербургтегі православтық Волково қорымына жерлеуді өсиет еткен деседі. Бірақ жақында әлемге әйгілі тележурналист Владимир Познердің өлгеннен кейін өзінің мәйітін өртеп, күлін туған қаласы Париждің үстінен шашуды өсиет еткені туралы сұхбатын оқып, атеист адамға өлгеннен кейін денесіне не болса да бәрібір болар деген қорытындыға келдім. Ленинге де өлгеннен кейінгі өмірі маңызды болмаған. Өйткені, ол Жаратушының емес, өзінің большевиктік сенімінің құлы болды. Және оның айналасындағылар да соның жетегінде еді. Өздері қолдан жасаған “күн-көсемдерінің” өлімі оларға да ауыр тиді. Одан мәңгілік тұлға жасағысы келді. Жерлесе, әлемге көрсетіп отырған айбаттарынан айырылып қалардай көрінді.

         Ленинді ақтық сапарға шығарып салушылар өте көп болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен Мәскеу билігіне көңіл айтушы делегаттар келе бастады. Алғашында солардың қоштасу рәсімі үшін сүйекті бірнеше ай жерлемей ұстап тұрды. Сол аралықта Алексей Щусевтің жобасымен Қызыл алаңда көсемге арналған мавзолейдің құрылысы басталды. Әрине, жаны кеткен дене бұзылмай тұра ма? Басында Лениннің денесін мұзға қатырып ұстай тұрмақ болғандар ол ойларының қате екенін түсініп, бальзамдауға рұқсат берді. Бұл жауапты іс бұрын бальзамдаумен айналысып көрмеген химик Борис Збарский мен анатом Владимир Воробьевқа тапсырылды. Іске амалсыздан кіріскен ғалымдар әбден бұзыла бастаған денені төрт ай бальзамдап, әрең бітіріпті. Тіпті, мавзолей ашылатын күнді ұйқысыз өткізген деседі. 

Міне, содан бері Лениннің бальзамдалған денесі Қызыл алаңдағы мавзолейде жатыр. Тек соғыс кезінде Мәскеуге қауіп төнгенге уақытша Түменге көшіріліп, 1945 жылы қайта әкелінді.

5.Өлген Ленинге жасалған шабуылдар

         Тірі кезін былай қойғанда, Лениннің өлі денесіне де ауық-ауық шабуылдар жасалын тұрады. Сонау 1934 жылы Митрофан Никитин деген біреу оның бальзамдалған денесін атпақ болып, сақшылардан өзіне қауіп төнгенін байқағанда, өзін-өзі өлтіреді. Ал қалтасынан коммунистік партияға қарсылық хаты табылыпты. 1960 жылы Фрунзе қаласының (қазіргі Бішкек) Минибаев деген тұрғыны дене жатқан шынының үстіне шығып, секіріп сындырып, шыны сынықтары Лениннің денесін зақымдаған. Минибаев бұл іске 11 жыл дайындалып, Мәскеуге сол үшін арнайы ұшып келген екен. Ал 1967 жылы Каунас қаласынан келген Крысанов деген кісі мавзолейге жарылғыш зат байлап кіріп, кіреберісте жарып, бірнеше адам қаза болады. Одан кейін де талай лаңкестік оқиғалар тіркелген. Лениннің өлі денесіне шабуылдың соңғысы 2015 жылдың 19 қаңтарында болыпты. Зиян келтірушілердің барлығын да полицейлер ұстап, жауапқа тартып отырған. Өмірден өтсе де, артында талай ылаңы қалған тарихи тұлғаның тағдырының соңы осындай...

         Бүгінде кез келген адам Мәскеуге барып, мавзолейден Лениннің бальзамдалған денесін көре алады... Оны жерлеу туралы әңгімені Ресей шенеуніктері жылда көтергенмен, сол күйі қалып келеді...

Алла Тағала өлгеннен кейін адамның сүйектері жан-жаққа шашылып, күлі көкке ұшырылса да, жерленбей қалса да, қайта жинап алып, тірілтетінін, сұрақ-жауап алатынын айтады. Алла алдындағы жауаптан ешкім құтылмайды. Ленин де солай...  

  Ал біздің қазақ оның адам құсап жерленбеуінің өзін бұл дүниедегі ауыр жазаға балап “Байғұсты жер қабылдамай қойыпты” деп аңызға қосып айтып жүр...     

 Марфуға ШАПИЯН

islam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары