Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қиямет басталды десе де шыбығыңды егіп кет
25 желтоқсан, 2018 жыл 482 Басып шығару нұсқасы

Қазақ халқы артыңда мал қалғанша, тал қалсын деп текке айтпаса керек. Біле білсеңіз, оның мән-мағынасы исламда жатыр. Сөздің әлқиссасын мына аятпен бастасақ: "Өсімдіктер мен ағаштар Алла Тағалаға сәжде етеді" ("Рахман сүресі" 6-аят). Ал, адамдар үшін ағаш отырғызудың пайдасы қаншалықты екенін екі дүние сардары Пайғамбарымыздың () мына хадисінен аңғаруға болады: "Кімде-кім бір тал ексе Алла Тағала міндетті түрде бұл тал жеміс бергенше оған сауап жазады" (Ахмад бин Ханбал). Аса Үстем Алла Тағаланың мейірімі кең ғой.  Тағы бір хадис шәріпте: "Кімде-кім бір тал егіп, оның жемісінен адам немесе Аллаһ Тағаланың жаратқандарынан біреу жесе, ақиқатында ол адам үшін бұл бір садақа" (Ахмад бин Ханбал), - делінген. Расулаалла () үмбетіне тек айтып қана қоймай, өзі де тал отырғызып, күтіп баптаған. Алла елшісі өмірінің соңына дейін қоршаған ортаны аялап, бізге «экология сүннетін» үйретіп кетті. Ағаш отырғызу бір жағынан сүннет болса, екінші жағынан қоршаған ортаға, ертеңгі ұрпағыңа мол пайдасы бар. Деректер бойынша, бір кәрі ағаш 3 адамды оттегімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ, қазіргі таңда автокөліктердің көптігі, экологияның бұзылуына байланысты ол да аздық етеді. Сондықтан да, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, есігіміздің алдына бір түп ағаш отырғызсақ та исламдағы осы бір сүннетті іске асырғанымыз ең абзал істерден болмақ. Бастық басыммен тал егіп жүремін бе деп ойлайтындар да бар болар. Бірақ сахаба Әбу Дардаътың мына бір әрекеті үлкен өнеге. Имам Ахмад Әбу Дардаъдан риуаят еткен хадисте: «Бірде Әбу Дардаъ Да­маск қаласында көшет отырғызып жат­ады. Сахабаның бұл әрекетін көріп таң қалған бiр кiсi: «Пайғам­бардың сахабасы бола тұра бұл iстi iстегенiң қалай?»,- дейдi. Сонда Әбу Дардаъ: «Асықпа, сабыр ет, мен Пай­ғамбары­мыздың(): «Кiм бiр тал ексе, одан бiреу келiп жесе немесе саясында дем алса, сол себептi ол адамға садақа болып жетiп тұрады», дегенiн естiгем», - деп мұның еш айыбы жоқ екенін, керісінше сауабының молдығын жеткізеді.

Отырғызған тал, оған жіберген уақытыңыз бен еңбегіңіз арғы дүниеде еселеніп қайтады, Инша Алла! Сондықтан да сауабы мол іске асыққан жөн.  Расулалла "Кімде-кімнің қолында бір құрма шыбығы болса, Қиямет басталды десе де дереу шыбығын ексін", - деп өсиет етіп кеткен (Ахмад бин Ханбал).

Ендеше Алла Тағала осы көктемді игі істен бастауға нәсіп еткей.

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары