Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Баязит Бастамиді биік дәрежеге көтерген не?
09 қаңтар, 2019 жыл 251 Басып шығару нұсқасы

Ананың мейірімі, ананың разылығы Алланың алдында қандай үстем! Ата-анаға мейірімі түсіп, шын ықыласымен қарайласқан адамға Алланың нығметі жаусын! Алла тағала «Лұқман» сүресінің 14-аятында «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық...  Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ» деген. Яғни, ата-анаға қамқорлық таныту бөлек те олардың өсіп-өндіргеніне, аналық мейірім шапағатына бөлегеніне шүкірлік ету бөлек. Кейбір азаматтар, ата-анасынан ұялады. Көпшілік ортада көрсеткісі келмейді. Бұл Аллаға шүкірлік танытпағанмен бірдей. Күпірліктің соңы күнәһарлыққа апарып соғады. Сол себепті, анамыз қандай адам болса да, қалай тәрбиелеп өсірсе де оған ризалық танытып, шүкірлік ету қажет. Қазіргі жастардың дені анасына зекіп сөйлейді. Қажетін орындамайды. Айтқан ақылына құлақ аспайды. Қоғам оған ата-ана өзі кінәлі, дұрыс тәрбие бермеген дейді. Мүмкін ол жағы да бар шығар, дегенмен ес білген адамға ата-ананы құрметтеуді қағазға сызып көрсету әбестік болар.

«Жәннат – ананың табанының астында» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Ілтипат көрсетіп, кішіпейілділік таныту – жүректегі иманнан. Имансыз адам – тұл жетім. Жүрекке иманды бекітіп, анамызға мейірбандылық таныту ісін кейінге қалдыруға болмайды. Мешітке келіп, намаз оқығысы келетіндігін айтып, бірақ ата-анам рұқсат бермейді дейтін жастардың жүрегіне сенім ұялатудың басты жолын мына хадис арқылы жеткізгіміз келеді.

«Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) бір күні: «Я, Расулуллаһ, менің анам – жақындары мен бала-шағасына өте мейірімді жан. Сондай ізгі жанға имандылықты насихаттап, шарапатты дұғаңызды арнаңызшы. Бәлкім, Алла анама рақым етіп, жаһаннам азабынан сақтар», - деп қиыла өтініш жасайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің адал досы, үңгірде жанынан табылған жолдасы, мұңдас әрі сырласы Әбу Бәкірдің өтінішін орындап, анасына дұға жасады. Іздеп барып, насихат та айтты. Көп өтпей Үммі Хайыр да мұсылман болды, тіпті мұсылман үмбетінің ішіндегі ең құрметті аналардың қатарына қосылды». Міне, көрдіңізбе, ата-анаға дұға ету арқылы Алланың рақымына бөленуге болады. Намазға рұқсат бермейтін, орамал таққызбайтын немесе орамал таққан қызды келін ретінде қабылдағысы келмейтін аналары бар жастарға айтарымыз, анаңыз үшін дұға етіңіздер. Алланың мейірімі мен шапағатын тілеңіздер. Мүмкін, Алланың қалауымен жүрегіне иман нұры құйылып, әрбіріңіздің намаз оқуларыңызға рұқсатын берер, тіпті өздері де намазға жығылар. Сол амалдарымен баласына разылық танытып, Алланың алдында қошеметке лайық болар.

Баязит Бистами «Ғылымда бұндай биік дәрежеге қалай жеттің?» деп сұрағандарға: «Анамның дұғасымен», - деп, басынан өткен мына оқиғаны айтушы еді:

«Бір күні анам қатты ауырды. Мен қасынан бір елі ажырамадым. Түнде анамның аяқ жағында отырған едім. Әлден уақытта: «Ботам, су берші?» - деді. Тұра жүгірдім, бірақ үйде су бітіп қалған екен, екі өкпемді қолыма алып ауыл сыртындағы бұлаққа бардым. Суды алып келсем, анамның көзі ілініп кетіпті. Қолыма мұздай суды ұстап, шешемнің оянуын күтіп отырдым. Таң ата анам оянды, мен суды ұсына қойдым. Анам басында ештеңеге түсінбей тұрды да, есіне түскеннен кейін көзіне жас алып, былай деді: «Я, Жаратқан, мен ұлыма разымын, сен де разы бола көр!».

Баязит Бистами сөзін ары қарай жалғап: «Егер, Алланың алдында аз да болса қадірім болса, ол анамның сол дұғасынан деп білемін», - дейтін.

Анаға құрметтің тағы бір көрінісі ретінде мына оқиғаны келтірелік. «Шешесі бірде Әбу Ханифаға өтініш жасап, бір мәселенің жауабын Омар ибн Зәррден сұрап келші деп жұмсайды. Айтқан кісісі алты шақырымдай алыста тұратын. Әбу Ханифа анасының айтқанын екі етпестен дереу әлгі кісіге барады. Шешесінің өтінішін жеткізеді. Алайда, ғалым ол сұрақтың жауабын білмейтіндігін айтып, жауабын Әбу Ханифаның өзінен сұрайды. Әбу Ханифа ол жауапты білетін еді, айтып берді. Таңырқаған Омар ибн Зәрр: «Өзің де біледі екенсің, маған несіне келіп әуре болдың?», - деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Шешемнің аузынан шыққан өтінішін орындау – менің міндетім», - деп жауап берген екен.

Көктем келіп, дүркіретіп аналар мерекесі тойланады. Бүкіл ел болып аналарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат беріледі. Наурыз мерекесімен қатар келетін аналар мерекесі көп уақыт өтпей ұмытылып қала беретіні бар. Біздің қоғам ардақты апалар мен қыз-келіншектерге күнтізбедегі бір күнді арнап қойғанымен, шын мәнісінде иманды жандар әрбір сәтте анасын жанынан шығармайды. Аналарды сыйлау, құрмет тұту, тек бір тал гүлмен шектеліп қалмауы қажет. Ананы аялағаның оның көңіліне кірбің түсірмей, жүрегін елжіретіп жылатпай, әрдайым жүзіне қуаныш ұялатқаның болады. «Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам, Алла Тағаланы қуантқан болады. Ал, оларды ашуландырған адам, Алла Тағаланы да ашуландырған болады» деген Ибн Нәжжар. «Ата-анасына жақсылық жасаған бала пайғамбарлармен бірге Жәннатқа кіреді» деген (И.Рафии). Олай болса, Жәннаттық болуға – ананың разылығын алуға асығайық!

 

Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары