Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бетінде меңі мен қалы барлар мынаған мән берсін!
31 мамыр, 2017 жыл 5477 Басып шығару нұсқасы

Қал мен меңді медицинада «теріде пайда болатын пигментті невус» деп атайды. Ол денсаулық үшін қатерлі емес, ісік түріндегі кішігірім ақау. Алайда кейде асқынып, қатерлі ісікке де айналуы ықтимал.
Меңнің нәрестелерде кездесетін түрі гемангиома – қал, дақ деп атайды. Дақтардың айырмашылығын білу – керек нәрсе. Әсіресе, ол бала үшін қауіпті ме, жоқ па? Әңгіме осы сұрақтар төңірегінде өрбімек.

Қал, мең өзінің бітімі мен сырт­­қы көрінісі жағынан әртү­р­лі болып келеді. Ол туа бітеді неме­се туғаннан кейін әр кезде пайда болуы мүмкін. Әдетте меңнің кө­лемі мен саны жасөспірім кәме­летке толар шақта немесе әйел­дер жүкті кезде көбейеді. Құрылы­мы мен түрі жағынан тамырлы – ан­гио­малар және пигментті болып, 2 топқа бөлінеді. Пигментті мең­дердің құрылымы әртүрлі болып келеді. Көбінесе адамның тері­сінде қызыл қоңыр, көлемі тары­ның дәніндей дақ пайда болады. Меңдердің саны әртүрлі: бірлі-жа­рымнан жүзге дейін жетуі мүм­кін. Кейде адамның бетінде, бас­та, төстің, арқаның түк басқан жер­лерінде көлемі бұршақтай, дөңгелек немесе сопақша болып келетін, қолға жұмсақ тиетін бүр­тік болып та өседі. Әдетте олар­дың түсі сарғыш қызыл, кейде қо­­ңыр болып кездеседі. Олар­дың беті тегіс, көп жағдайларда үсті­не сел­дір түк шығатын түрі де бар. Туа біт­кен меңдер адамның жасы ұл­ғайып, терісі тозғанда едәуір үл­кейеді. Сонымен бірге көлемі шие­­нің дәніндей, не бұршақтай және одан да ірі жұмсақ сүйел­дер­ді де меңге жатқызады, олардың түп жағы жіңішке, түсі қызғылт немесе сары қоңыры да болады. Ол адамның мойнына, арқада, қол­тық астына және шабына шы­ғады. Ал түкті меңдер – әдетте сар­ғыш қоңыр, қара, терісі кедір-бұдыр, бетін қылшық басып тұ­рады. Ол денеге жайылып шыға­ды да, адамның келбетін бұза­ды. Мұндай меңді электр тоғының көмегімен немесе хи­рур­гиялық жолмен жоюға және алдырып тастауға мүмкіндік же­теді. Бірақ оның орнында азда­ған тыр­тық қалады. Меңдердің ішін­де қара-қоңыр және қаралар­ға ерекше зер салу қажет. Өйткені олар ұлға­йып өсіп, жайылып кетуі өмірде кез­деседі. Мұндай жағ­дайда дереу дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.

«Адам өміріне, әсіресе, бала­лар­ға қауіпті меңдер мен дақтың біріне саналатын гемангиома жайлы біз не білеміз?» деген сұ­рақты Алматыдағы А.Сызға­нов атындағы Ұлттық ғылыми хирур­гия орталығының жоғарғы санатты ангиохирург, медицина ғылымда­рының кандидаты Ержан Ақановқа қойған едік:
– Гемангиома көбіне бала­лар­да кездесетін туа біткен ақау та­мырлар. Көбінесе туа біткен жағ­дайда болғандықтан тұқым қуа­лаушылық факторлары бо­луы мүмкін, болмаса әйелдің жүкті кезінде вирустық аурулармен кө­бірек ауырған болса, дерт түріне байланысты жалпы қандай түрінде болсын, балаға сол ауру сал­дарынан гемангиоманың ви­рустық этиологиялық түрінде пай­да болады. Нәресте дүниеге кел­генде ол білінеді. Осыған бай­ланысты қазіргі жағдайда бала­ларды емдеудің жолы бар. Бұ­рын­дары баланы өскенге дейін көп бақылауға алсақ, қазіргі жағдай­да баланы туа салысымен емдеуге медицинаның күші жетеді. Ге­мангиоманың ауқымына, өсуіне немесе кішіреюіне қарай ем жүр­гізіледі. Ем кезінде кішкен­тай гемангиоманың өзінде өсу бай­қалса, оны сол айдан бастап ла­зер­мен емдеп, алып та тастай­мыз. Бұрындары гемангиоманы ине арқылы (склератерапия), азотпен күйдіру тәсілімен ем жүргізілетін. Қазір бұл тәсілдермен емдеу біраз тоқтап тұр. Себебі оның кемші­ліктері де болды. Гемангиома бар жерге ерітінді жібере отырып, емдегенде сау терінің маңа­йын­да­ғы жұмсақ тіндерге әсер етті. Қан­шама тереңдікке өтіп кетке­нін қадағалау қиын болды. Ал бүгінде лазерлік аппараттармен ем жасау әлдеқайда нәтижелі. Ла­зерлік аппараттардың көме­гі­мен біраз жұмыс жеңілдеді. Бі­рақ жыл­дан-жылға аппараттар жаңа­рып, оны кейде меңгеру үшін уа­қыт көп кетеді. Қазір лазерлік ап­параттар өте сезімтал, тек қана гемангиоманың өзінің жұмсақ тіндеріне ғана әсер етеді. Бір жақ­сысы – тереңдігін өзі реттеп отырады.
Гемангиома – лимфа тамыр­ла­рынан және қан тамырынан да­митын қатерсіз ісік. Негізінен, көп жағдайда гемангиоманың түзілуі тамыр жүйесінің эмбрио­налды деңгейде дамуының бұ­зылуына байланысты болады. Енді гемангиоманың түрлері жайлы айтсақ: қарапайым ге­ман­гиома, капиллярлы, каверноз­ды, комбинирленген және аралас деп бөлінеді.
Қарапайым гемангиома – ісін­ген эндотелий қабырғасы­мен өрімделген капиллярлардан тұ­рады. Олар өзара бірнеше қабат құрайды. Бұл гемангиомалар қы­зыл немесе қою көкшіл түсті, бет­кей орналасқан, нақты шек­телген, теріні және тері асты май қаба­ты­ның жұқа бөлігін зақым­дайды. Беті тегіс, ал кейде тері үс­тіне шы­ғып тұрады. Басқа кезде түсі бо­зарады да тез өз өңіне ке­леді.
Капилярлы гемангиома – ба­лалардың 96,2 пайызында кез­деседі. Капиллярлы гемангиома қан тамырларымен бірнеше қы­зыл нүкте тәріздес кішкентай та­мырларынан пайда болады. Кей жағдайларда тері қабатына те­рең орналасып жатады. Геман­гио­ма­ны басса, ол ақшыл қызыл түске айналып кішірейеді де, қал­пына келеді. Капиллярлы ге­ман­гиома көбіне шаш қабатта­рынан бас­тап аяққа дейін, тілінің ұшында да болады. Сондықтан емдер ал­дын­да гемангиоманың түрін анық­тап алу керек.
Кавернозды гемангиома – дәнекер тіндерімен бөлінген, эн­дотелиймен төселген, қанға тол­ған әр мөлшерлі ірі қуыстармен көр­сетілген. Тері астында жеке­леген түйінді түзіліс түрінде ор­наласқан, консистенциясы жұм­сақ – эластикалық, түсі өзгерме­ген немесе ұшы цианотикалық, түзі­ліс өсуіне қарай қою көк түске айналады. Басқа кезде түсі бо­зарады, бала мазасызданғанда немесе жылағанда гемангиома мөлшері ұлғайып, тығыздана­ды. Кавернозды гемангиома кезін­де айқын температуралық асси­мет­рия байқалады, яғни ісік тұр­­ған жер маңындағы теріге қараған­да ыстық болады.

Комбинирленген гемангиома – беткей және тері асты гемангио­ма қосылысынан тұрады. Клини­калық көрінісі тамырлы ісіктің белгілі бір түрінің басымдылығы­на байланысты көрінеді.
Аралас гемангиомалар – та­мырлардан және басқа тіндер­ден түзілген жасушалардан гем­лим­фангиомалар, ангионеврома­лар, ангиофибромалар құрайды. Даму барысында гемангиомалар үш сатыдан өтеді. Оның Пролифе­рация сатысы (гемангиоманың өсуі) 12 айға дейін созылады, аса айқын өсуі бала өмірінің алғаш­қы жарты жылдығында байқала­ды. Ары қарай бұл үрдіс баяулай­ды. Осы кезең асқынуларға байла­нысты өте қауіпті саналады. Ем­деу тәсілдері: Балаларда геман­гиома емін ертерек бастау қажет. Ең нәтижелі ем бала өмірінің ал­ғашқы аптасында немесе ал­ғаш­қы айларында жүргізілген са­уықтыру шарасы болып табыла­ды. Гемангиоманы емдеу арқылы ісік өсуін тоқтату, ісік үрдісін жою және жоғары функционалды нә­ти­жеге қол жеткізуге болады. Оның емдеудің мынадай түрлері бар:
Хирургиялық ем – зақым­далған аймақты алып тастау;
Диатермокоагуляция – за­қымдалған аймаққа жоғары тем­пературамен әсер ету. Бұл әдіс­пен тек кішігірім геман­гиомалар мен ангиофибро­маларды емдейді.
Склероздеуші терапия – скле­роздеуші ерітінділерді енгізу. Кі­шігірім, терең орналасқан та­мырлы ісіктерде, әсіресе, бет ай­­мағындағы кавернозды және комбинирленген гемангио­ма­ларды осы әдіспен жақсы ем­де­леді. Бұл әдістің ерекшелігі – қарапайымдылығы. Әдістің кем­­шілігі ауырсыну мен ұзақты­лығы, кейде бірнеше рет егу шарасын жүргізу қажет болады.
Криогенді ем – төмен темпера­турамен әсер ету. Қазір бұл тәсіл кең қолданылады. Ерекшелігі – ауырсыну аз, қан кету және ағзаға жағымсыз әсері төмен. Осы әдіс­пен барлық қарапайым геман­гиомалар емделеді.
Горманальды ем – гормондық дәрілер енгізу арқылы ем жүргі­зіледі.
Сәулелі ем – гемангиома­лар­дың рентгенотерапиясы жоғары әсерлі емге жатады. Егер емді 3-8 ай аралығында жүргізсе, әсері ж­о­ғары болады. Бұл әдісті қиын орналасқан гемангиомалар, бі­ріншіден басқа емдеу әдісін қол­дануға келмейтін жағдайларда (орбита аймағы, ретробульбарлы кеңістік) және үлкен аумақты ге­мангиомаларда қолданылады.
Лазерлік ем – қазіргі заманға сай және косметикалық әсерлі әдіс болып табылады. Бүгінде мең­ді де осындай лазерлі радио­толқындар арқылы алып тастауға да болады. Бұл әдіс кезінде арнайы тамырлы лазер қолданылады, оның әсерінен ісік тамырлары жабысып, кейін таралады. Осы кезде тері құрамы өзгермейді, тыртық қалмайды. Лазерлі өңдеу үрдісі ауырсынусыз, амбулатор­лы жағдайда өткізіледі, тері бүтінді­гін бұзбайды. Кемшілігі – көп өңдеу қажет және тері астында терең орналасқан гемангиома­лар кезінде қолданылмайды.

Меди­ци­на ғылымының док­торы, профес­сор Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ өзі­нің бір мақа­ласында гемангио­ма жайлы былай деп жазады: «Өмір­ге келген сәби қызарған мең, қал­мен туатын болса, мұны біз «ге­ман­гиома» деп атаймыз. Одан соң кейбір балалар қара дақпен туа­ды. Күні ертең бала жарақат ала­тын болса, ол қара дақ ұлғайып, жа­ра­ға ұласып, ісікке айналуы мүм­кін.
Міне, балалар онкология­сын­дағы өзекті жайттардың негізі – осы. Сондықтан дені сау баланы тәрбиелеп, баласының қызығын көргісі келген ата-ана баланың денсаулығына жіті көңіл бөлуі тиіс. Қазіргі кезде ісіктің 95 па­йы­зының алдында ісік алды нау­қастар болады. Ісіктің 5 па­йызы туа біткен ақаулардан пайда бо­лып, денсаулыққа әсер етеді».
Қазақ халқы ырымшыл ха­лық, сондықтан да ата-бабала­ры­мыз қалмен, меңмен туылған балаларға ерекше назар аударған. Қал немесе меңі үлкейіп кетпесін, көбеймесін деген мақсатпен, туыл­ған баланың есімін сәйкес­тендіріп, Қалдыбек, Қалдыгүл, Меңдеке, Меңдібай, Қалдыбай (Қалыбай), Қалыбек, Аққал, Мең­діахмет және тағы басқа да есімдерді қойған. Олардың түп-төркініне келсек:
ҚАЛДАРБЕК – иран тілінен алынған хол – денедегі мең + көп, жал­ғауы – дар + бек. Денеге шық­қан қалы болса, ондай адам бақытты саналған. Сондықтан есімдер сыңарына қал сөзі жиі қосылып отырған.
ҚАЛДЫБАЙ – бала бақытты, ғұмырлы болсын деген тілекпен қойылған .
ҚАЛМҰХАМБЕТ – иран ті­лі­нен алынған хол – мең + Мұ­хам­бет, яғни меңді, бақытты Мұ­хамбет. Синонимі – Меңдіахмет. Қысқартып айту тұлғалары – Қал­мат, Қалмақан, еркелете ай­ты­латын түрі – Қалқен, Қалтай.
ҚАЛЫБАЙ – оның меңі көп. Өте бақытты адам деген мәнді есім.
ҚАЛЫБЕК – онын меңі көп, бақытты бек деген мәнді есім.
МЕҢДІБАЙ – денесінде меңі көп, яғни бақытты адам. Еркеле­те қысқартып айту тұлғасы – Меңдеш.
АҚҚАЛ – қазақ тілінен алын­ған ақ + тәжік тілінен алынған хол – бетке шыққан мең. Бетінде яки де­несінде қалы бар балаларға осындай ат қойған. Түрлері – Қалбибі, Қалтұрған, т. б 

 

 

 

baq.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары