Әбу Әли ибн Сина жиырманың ар жақ, бер жағында жүрген, жаратылыстану, математика және дінтану ілімдерінің барлығын толық оқып, өз заманының ғұламасына айналған кезі еді. Ол бірде дәріс кезінде өзінің білгір замандасы Ибн Мәскуйенің алдына бір жаңғақ лақтырып жіберіп, одан жаңғақтың көлбеуі мен көлемін анықтап беруін сұрайды.
Сол сәтте Ибн Мәскуйе қолындағы кітаптың мінез-құлық жайында жазылған тарауын ашып, әкеліп Ибн Синаның алдына қояды. Сосын былай дейді: - Сен алдымен өз мінезіңді түзеп көр - мен мына жаңғақтың көлемі мен көлбеуін анықтайын. Саған өз мінезінді түзеу - мына жаңғақтың көлемін анықтағанға қарағанда көбірек қажет.
Бұны естіген Әбу Әли ибн Сина қатты ұялған екен. Осы бір сөз өле - өлгенше бір сәт есінен шықпаған екен.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы:
Жаримбетов Мұхит
Пікірлер