Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қасиетті Қадір түні қашан болады?
20 мамыр, 2019 жыл 17402 Басып шығару нұсқасы

Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні маусымның 21-нен 22-не қараған түні кіреді. Бұл - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», - деген. (Лаухул махфуз).

Қадыр түнін не үшін күту керек? Өйткені Қадыр түні – ерекше түн. Ол түнде періштелер жерге түсіп, жын-шайтандар кісенделетін, жер бетінде береке орнайтын кеш.  Қадыр түні - Алланың құлдарына мейірімін түсіріп, әр құлының сұрағанын беретін түн. Бұл түнгі ғибадаттың сауабы орасан зор! Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ): «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдер», – дегенін жеткізген («Сахих әл-Бухари»). Рамазан айының соңғы он түнінде ғибадатты арттырып, Аллаға жақындататын амалдарды көбейту лазым. Қадыр түнінің мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген«Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадыр түні». Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи).

Рамазан айының жартысынан көбі өтіп те кетті. Бұл айда көптеп садақа беру лазым. Рамазанда берілетін Пітір садақасы бар. Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Пітір садақа мешіттерде жиналады. Ол отбасындағы әр адам басына өлшеніп есептелген. ҚМДБ шешімі бойынша биыл пітір құны бір адамға 300 теңге деп бекітілген. Пітір садақалар кедей-кепшік, жетімдер мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға таратылады. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», - деген. 

Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», - деген. Олай болса, осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ)  салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқып, қасиетті болған Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, мол сауаптан алайық! Көрші-қолаңмен қарым-қатынасты жақсартып, ағайын-туыспен тату болып, ренжіскендер бір-бірін кешіріп, сыйластығын арттырып, осылайша береке-бірлікпен Ислам дінімізді дәріптесек нұр үстіне нұр!

 

Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары